БОЛОННЫҢ БЕРЕРІ НЕ, ҚИЫНДЫҒЫ ҚАНДАЙ?
БОЛОННЫҢ БЕРЕРІ НЕ, ҚИЫНДЫҒЫ ҚАНДАЙ?
Бүгінгі қазақ ғылымының дамуы туралы сөз бола қалса, айтылмай қалмайтын әңгіменің бірі – Болон үдерісі.
Болон – жаһандану үдерісіндегі жоғары кәсіби білім кеңістігінде еуропалық білім деңгейін қалыптастыру үшін жасалған білім беру формасы. Болон үдерісі – Италияның Болонья қаласында орналасқан Еуропадағы алғашқы жоғары оқу орны – Болон университетінің (1088 жылдан бері ресми түрде жұмыс істеп келе жатқан) құрметіне аталып, 1999 жылы Болон декларациясымен бекітілген. Алғашқы бес жылда Болон процесіне әлемнің қырық елі мүше болып үлгерді.
Болашақ ғалымдарға бүгінгі талаптың қиындығы бар ма?
Қазақстан 2010 жылы ресми түрде Болон декларациясына қосылды. Осы арқылы Орталық Азияда жаңа жүйеге енген алғашқы мемлекет және Жоғары білім берудің еуропалық кеңістігінің 47-толық құқылы мүшесі болды.
Болон декларациясы принципіне негізделіп, еліміз мамандар дайындаудың бакалавр – магистр – РһD доктор моделіне өтті. Сондай-ақ, қазақстандық ЖОО-лар әлемнің 650-ден аса университеті қол қойған Университеттердің Ұлы Хартиясына қосылып, отандық білім беру жүйесі білім берудің еуропалық стандарттарына жақындай түсті.
Болон принципіне келсек, жоғары білім беруге қол жеткізуді кеңейту, еуропалық жоғары білімнің сапасын арттыру, оқытушылардың білім беру, студенттердің білім алуын оңтайластыру, академиялық біліктіліктер еңбек нарығына бағытталып, жоғары оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамтамасыз етуді көздейді.
Әрине, білім стандарттарын жасау бар да, сол стандарттарды жүзеге асыратын мамандардың біліктілігін арттыру үшін ғылыммен лайықты түрде шұғылданып, ғылыми дәрежесін көтеруіне мүмкіндік беру мәселесін шешу бар. Ғалым-оқытушылардың ғылыми жаңалықтарын жариялау, олардың ғылыми ортада мойындалуы деген мәселеде еліміздің ЖОО-да білім беруі Болон жүйесіне қосылғалы бері біраз өзгерістер пайда болды. Мысалы, бұрынғы кеңестік дәуірде ЖОО-ны бітірген адам ары қарай ғылыммен айналысқысы келсе, екі жыл аспирантураны оқып бітірген соң екі жылда ғылым кандидаты дәрежесін алуға ғылыми диссертация қорғайтын. Одан әрі өз саласын тереңдеп зерттегісі келгендер, тағы да ғылыми жұмыс жазып, қорғап, ғылым докторы дәрежесін алатын. Ал қазір ол жүйе өзгерді. Алдымен төрт жыл бакалавриат, одан соң екі жыл магистратураны бітіру керек. Тек содан кейін барып докторантураға түсіп, үш жыл ішінде белгілі бір тақырыпта ғылыми еңбек жазып РһD докторы (философия докторы) дәрежесін алуға мүмкіндік бар. Ғылыми диссертация жазып қорғағандар бұрын белгілі бір саланың білгірі ретінде физика-математика ғылымының, техника ғылымының, химия-биология ғылымының, тарих ғылымының, филология ғылымының кандидаты не докторы деген дәрежеге ие болатын-ды. Бұрын ғылым кандидаты не докторы атағын алу үшін ағылшын тілінде ғылыми жұмысын жариялау талап етіле бермесе (әсіресе, гуманитарлық ғылым саласында), бүгінде керісінше. РһD докторы болу үшін докторантураны бітіруден басқа, ағылшын тілін білу керек және шетелде – арнаулы ғылыми журналдарда зерттеу мақалалары жарық көруі тиіс.
Біздің елдің мысалында айтсақ, гуманитарлық ғылымдарымен айналысып, ғылыми дәреже алу – жаратылыстану ғылымдарымен шұғылданушылармен салыстырғанда, көп емес. Өйткені хирша-индекстің (2005 жылы Калифорния университетінің физигі Хорхе Хиржа ұсынған ғылыми метриялық көрсеткіш. Хирша индекс – ғалымның, ғаламдар тобының немесе ғылыми мекеме мен тұтас елдің жарияланымдарынан сілтеме жасалу көрсеткішіне негізделеді) өсуі – жаратылыстану ғылымдары докторларында анағұрлым жоғары. Оның себебі – жаратылыстану ғылымы саласы ғалымдарының мақалаларының импакт-факторлы (импакт-фактор – ағылш. impact – әсер, factor – коэффициент, көрсеткіш. Ғылыми журналдың беделінің сандық көрсеткіші. Әлемде 1960 жылдан бері қолданылып келе жатқан бұл термин елімізде 2011 жылы қабылданған «Ғылым туралы» заңымен бірге қолданысқа енді) журналдарға көптеп жариялануында жатса керек.
Біздің елімізде РһD докторы дәрежесін алуы үшін докторанттарға «Thomson Reuters», «Scopus» деректілік базаларына енетін журналдарға ғылыми материалдарын жариялау міндеттелген. (Жалпы Болон жүйесінде бұндай міндеттеу жоқ көрінеді. Сол сияқты Болон үдерісіне қосылған көп елдерде, мысалы Түркияда гуманитарлық ғылым саласының докторанттарына ондай талап жоқ). Міне, қиындық осы арадан басталады. Ғылыми мақалалар импакт-факторлы журналға жариялану үшін жазылған еңбек алдымен тәуелсіз сарапшылардың тексеруіне беріледі. Одан соң олар еңбекті «басуға жарайды» деген рецензия жазып, журналға ұсынады. Содан кейін материал басылуға кезекке қойылады.
Докторантураға түсетін талапкерлерге қойылатын талаптың бірі ағылшын тілін игеру. Бірақ игерудің өзі әртүрлі дәрежеде емес пе? Докторанттардың көпшілігі ағылшын тіліндегі материалдарды оқып, оқығандарын толық түсінетін дәрежеде игеретіні белгілі. Бірақ ағылшын тілінде ғылыми стилде мақала жаза алатындары ілуде біреу болатыны талассыз. Себебі орта мектепте қазақ, орыс тілдерінде білім алған талапкерлердің кейін ағылшын тілін толық дәрежеде игеруі аса қиын. Сондықтан докторанттар өз тақырыбын толық зерттеп, ғылыми мақала жазып шыққанымен, оны ағылшын тіліне ғылыми стилде аудару және импакт-факторлы журналға ұсынатындай дәрежеге келтіру оңай емес. Мәселе осы жерден туындағанда, талапкерлер бұл салада Ресей мен Украина сияқты елдердегі арнаулы агенттіктердің көмегіне жүгінеді. Олар автордың мақаласын импакт-факторлы журналдардың стандарттарына лайықтап, ағылшын тіліне аударып, одан әрі шетелге жариялауға ұсынады. Бірақ олар материалдың жарық көруіне кепілдік бермейді. Естуімізше, олар бұл қызметіне мың, екі мың, кейде одан көп АҚШ доллары көлемінде ақша сұрайды. Ақшасын төлеп, ұсынған материалдарыңыз басылып шықса жақсы ғой, кейде журналдар басылмайтынын айтумен ғана шектелсе, одан жаман не бар?
Оның айтуынша, соңғы дәуірде әлем кеңейіп бара жатыр екен. Оны бұдан 10-15 жыл бұрын тәжірибе жасаған америкалық ғалымдар байқаған. Бірақ соның теориясы жасалмаған. Соның теориясымен Р.Мырзақұлов бастаған физик ғалымдар айналысып, теория жүзінде дәлелдеген. Оның еңбектеріне шетелдің ғалымдары көп сілтеме жасайды екен. Айта кетерлік бір жай, Р.Мырзақұлов хирша-индексі жөнінен аймақта бірінші орында. Оның импакт-факторлы журналдарда жарияланған ғылыми еңбектерінен 5 мың аса сілтеме жасалған.
Бұл енді, еліміздің Болон жүйесінде жаратылыстану ғылымдары арқылы жеткен жетістігі. Бірақ гуманитарлық саладағы ғалымдарымыз мұндай жетістікке жеткенде өте аз көрінеді. Неге? Себебі жазған еңбектерінен сілтеме алыну арқылы ғалымдық дәрежесін анықтайтын болондық жүйеде біздің гуманитарлық бағыттағы ғылымымыз әлемге танылуы қиын деген пікірлер бар. Расында солай ма?
Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Намазалы Омашев:
«Үкіметтен және Білім және ғылым министрлігінен шетелдік базалардағы журналдарға мақала жариялау талабын қоғамдық-гуманитарлық ғылым саласы бойынша алып тастауды талап етейік!
Шетелдік базалардағы журналдарға мақала жариялау талабын қоғамдық-гуманитарлық ғылым саласы бойынша алып тастау қажеттігі – өздерінің ұлттық негіздегі еңбектерін қазақ тілінде жазатын ғалымдарды көптен бері толғандырып жүрген мәселе екені құпия емес.
Ғылыми еңбектер бойынша мақалаларды шетелдік беделді басылымдарда жариялауды гуманитарлық ғылымның ұлттық мазмұны басым салаларынан талап ету еліміздегі гуманитарлық бағыттағы ғылымның дамуын кенжелетуге алып келіп отыр. Атап айтсақ, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Отан тарихы, ұлт этнологиясы, қазақ журналистикасы, түркітану, тағы басқа тақырыптар бойынша жазылған PhD докторының диссертацияларын қорғау және профессор, қауымдастырылған профессор ғылыми атақтарын алу үшін шетелдік базаларға кіретін журналдарға ғылыми мақала шығаруды міндеттеу мүлдем орынсыз.
Шетелдік журналдар таза ұлттық сипаттағы ғылыми ізденістерге қызықпайды, ондай мақалаларды жариялауға құлықсыз, бұл тақырыптардағы мақалаларды бағалауға біліксіз.
Шетелдік ғалымдардың қазақтың әдебиетін, тіл өнерін, мәдениетін, тарихын, этнологиясын, басқа да салаларды жеткілікті дәрежеде білуі өте қиын. Сол себепті гуманитарлық ғылымның ұлттық мазмұны басым салалары бойынша профессор және қауымдастырылған профессор ғылыми атақтарын алуға үміткер ғалымдардан өздерінің ғылыми еңбектерін шетелдік беделді басылымдарда жариялау талабын алып тастау керек».
Ал енді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы Гүлмира Сұлтанбаева мәселеге басқаша қарайды: