Жаңалықтар

Қазақстан халықаралық банктен 40 миллион доллар қарыз алмақ

ашық дереккөзі

Қазақстан халықаралық банктен 40 миллион доллар қарыз алмақ

Қазақстан елдегі кәсіпкерлерді оқыту үшін Халықаралық қайта құру және даму банкінен 40 миллион доллар қарыз алмақ. Бұл туралы, Парламент Сенатының комитет отырысында жалпы құны – 46 миллион долларды құрайтын шағын және орта бизнесті дамытуға арналған жобаның таныстырылымында белгілі болды.

Айта кетерлігі жобаға жұмсалатын 6 миллион доллар ел қазынасынан бөлінеді деп жоспарлануда. ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары, Тимур Жақсылықов ауқымды қаржыны талап еткен жоба туралы: «Жобада Барлығы 6 халықаралық сарапшы болады. Олар Қазақстан мамандарынан 750 бизнес-тренерлерді дайындап шығарады. Бизнес-тренерлер болса 3 мың кеңесшіні оқытып, сол кеңесшілер алдағы 5 жылда 70 мыңға жуық кәсіпкерге қаржылық емес қызмет түрлері бойынша жан-жақты қолдау көрсетеді. Нәтижесінде елімізде білікті бизнес мамандары мен кәсіпкерлер саны артады» - деді. Соңғы уақыттардағы мемлекеттік бюджеттің екі бүйірінен қысқан экономикалық дағдарыстың оның ішінде көк қағаздың қымбаттауы - Қазақстанның сыртқы қарызын 20 пайызға еселей түскен. Осылайша үкіметтің сыртқы қарызы 7 триллионнан асып жығылды.

Жиында Халықаралық Қайта құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісім туралы заң жобасын қараған сенаторлар қарыздың үстіне қарыз алудың дәл қазіргі уақытта қисынсыз екендігін айтып дабыл қағуда. ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қуаныш Айтаханов: «Министрліктің болжауы бойынша, бұл несиелер негізінен консультациялар мен жаттықтырушы шеберлерді даярлау үшін тренингтерге, семинарлармен оқуларға, солардың әртүрлі жолсапар шығындары мен тамақтандыруларына жұмсалады екен. Қарызға алғалы отырған 40 миллион АҚШ доллары 12 миллиард теңгені құрайды. Ал қазіргі жағдайда 1 миллиард теңге таба алмай, әр теңгені есептеп отырмыз. Осындай кезеңдеосыншалықты көп қаржыны жұмсау артық емес па?»  ̶  деді. Десе де Ұлттық экономика министрі таныстырған заң жобасы бір ауыздан қабылданды. Аталған құжат алдағы уақытта палатаның жалпы отырысында қаралмақ.