Жарнамадан қате тап та, марапаттал!

Жарнамадан қате тап та, марапаттал!

Жарнамадан қате тап та, марапаттал!
ашық дереккөзі
Павлодарда көше жарнамасынан қате тапқандар марапатталды. Павлодарда көшедегі жарнама мәтіндерінен қателерді табуға арналған «Қала келбеті» акциясы өтті дейді pavlodarnews.kz сайты. Акцияны Павлодар облыстық Тілдерді дамыту басқармасы өткізді. Оған 140-тан астам фото келіп түскен. «Шараның негізгі мақсаты облыс көшелеріндегі жарнама мәтіндерін орналастыруда «Тіл туралы» ҚР Заңы талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу, облыс тұрғындарының белсенділігін арттыру болды. Акцияға облыстың кез келген азаматы қатысып, 2019 жылғы 1-20 наурыз аралығында  қала көшелерінде орналасқан ресімделуі заңнамаларға сәйкес келмейтін немесе қателері бар жарнама өнімдерін фотосуретке түсіріп, басқармаға ұсынды», - деді басқарманың мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Самат Кушмағұлов.   Шараның қорытындысы бойынша белсенді 5 қатысушыға басқарманың алғыс хаттары және ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Акция бойынша ең көп фото жіберген (47 фото) С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті Досжан Мұратбек. Самат Кушмағұлов қате жіберген мекеме басшыларымен түсіндірме жұмыстарын жүргізетінін айтты. «Қате жарнама иелеріне заң үзінділерін таратамыз. Қателердің көбісі н-ң, к-қ әріптерінен кеткен. Бұрын қате жарнама жасағандар қатесін түзетуге міндетті болатын. Бұл заң 2018 жылы мамыр айынан бастап алынып тасталды. Қазір біз тек кеңес, нұсқау береміз. Дегенмен, көпшілігі ауыстырады», - деді бөлім басшысы.   Айта кетейік, акция 4-5 жылдың көлемінде дәстүрлі түрде жылына бір рет өткізіліп келеді. Алғашқы жылдары 400 фото түскен. Кейін 300, 200 болып, жыл сайын азайып келеді. Өткен 2018 жылы жарнама қателері бойынша 200-ге жуық фото түскен болса, оның 80-90 пайызы түзетілген.