BBC: Норвегия жағалауында 1,3 мың адамы бар круиздік кеме апатқа ұшырады

BBC: Норвегия жағалауында 1,3 мың адамы бар круиздік кеме апатқа ұшырады

BBC: Норвегия жағалауында 1,3 мың адамы бар круиздік кеме апатқа ұшырады
ашық дереккөзі
Норвегияның батыс жағалауында круиздік кеме апатқа ұшырады. Жергілікті биліктің мәліметінше, «Викинг-Скай» кемесінің қозғалтқышы істен шыққан. Ондағы адамдар жағалауға жеткізіліп жатыр. Эвакуациялауға бес тікұшақ пен бірнеше кеме жұмылдырылды. Норвегияның құтқару агенттігі кеме жергілікті уақытпен 14.00-де дабыл белгісін жібергенін хабарлады. Бұл уақытта теңізде қатты жел соғып, үлкен толқындар болған. Лайнер Тромседен Ставангер портына рейспен бара жатқан. Бұл маң Норвегияның ең қауіпті жағалауы – Хустадвика деп аталады. Қазір жағалауға шамамен 500-ге жуық адам ғана жеткізілген. Кеме жағалаудан 5 шақырым жерде тұр. Құтқарушылардың айтуынша, ол зәкір тастаған, сондықтан жағалауға соғылмауы тиіс. Сонымен қатар, бір қозғалтқыш іске қосылып қауіпті аздап сейілткен. 20 шақты адам түрлі жарақаттармен жақын маңдағы ауруханаға жеткізілген. Құтқару қызметінің мәліметінше, қазір желдің жылдамдығы секундына 20 метр, ал толқындардың биіктігі 10 метрге жетеді. Осының салдарынан жергілікті кемелер лайнерге жақын келе алмай отыр. Эвакуация тек тікұшақ көмегімен жүргізілуде. Құтқарылғандар жағалаудағы спорт кешеніне және қонақ үйлерге орналастырылып жатыр.