5600 бала «Мұзбалақты» тегін тамашалады

5600 бала «Мұзбалақты» тегін тамашалады

5600 бала «Мұзбалақты» тегін тамашалады
ашық дереккөзі
Өткен жылдың қазан айында отандық анимация қоржыны «Мұзбалақ» атты жаңа туындымен толыққанын айтып, сүйіншілеген едік. Ал биылғы Наурыз мейрамында елордалық 5600 бала аталған анимациялық фильмді тегін тамашалады. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлыстың ұлы күні – Наурыз  мейрамын жаңа форматта мерекелеуді ұсынған болатын. Сонда министр Наурыз мерекесінің ең алдымен, балаларға арналуы қажеттігін тілге тиек еткен еді. Осы орайда, ҚР Мәдениет және спорт  министрлігінің бастамасымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Наурыз мерекесіне орай көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері мен мүгедек балалар үшін мәдени іс-шаралардың кешенін ұйымдастырды. Соның бірі – «Мұзбалақ» мультфильмінің тегін көрсетілімі. Мультфильм кішкентай көрермендерге қазақ және орыс тілдерінде ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Наурыз мерекесі аясында балаларға отандық кино өнерінің туындыларын ұсыну бастамасы Наурыздың жаңа тұрпатта тойлануына үлес қоспақ. Айта кетейік, бүркіт пен адамның достығы туралы баяндайтын мультфильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов  атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген. Фильмге бүркітті құс патшасы деп дәріптеген көшпенді халықтың қыран құсқа деген сүйіспеншілігі арқау болған. Екі жылдан астам уақыт түсірілген бұл мультфильмді әзірлеуге 40-қа жуық кинематографияның анимация жанрында еңбек етіп жүрген отандық маман қатысты. Ұзақтығы 67 минут болатын мультфильмнің 70 пайызы 2D, 30 пайызы 3D форматында жасалып, бас-аяғы 96 500 сурет салынған.