Оспан батыр ұлықталады

Оспан батыр ұлықталады

Оспан батыр ұлықталады
ашық дереккөзі
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Алтайды аяғынан тік тұрғызған Оспан батыр Сіләмұлының туғанына 120 жыл. Алтайдың арланы, қазақтың алтын аңызы атанған Оспан батырдың мерейтойы елімізде жыл бойы тойланбақ. Азаттықтың өшпес рухына айналған аңыз адамның еңбегін, ерлігін елге насихаттау үшін бәйге жарияланды. «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының ұйытқы болуымен атқарылатын іс-шаралар Алматы қаласында жазушы-тарихшылардың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды. Жыл соңына дейін жиырма шақты іс-шараны өткізу жоспарланған. Солардың бірі қомақты, ақшалай жүлде қоры тігілген байқау-бәйгеге бұқаралық ақпарат құралдары, суретші-мүсіншілер, ақын-жазушы, ғалымдар қатыса алады. Мұндағы мақсат – ел халқының азат өмір сүруін қалаған батырдың қайсар да, жанкешті еңбегін көпке таныту. Оспан батыр туралы талай мақалалар жазылды, көптеген кітаптар жарияланды. Батырдың үш алып мемлекет – Қытай, Кеңес Одағы, Моңғолияның ортасында ешбіріне бағынбай 10 жылға жуық жүргізген соғысы Америка, Ұлыбритания секілді алпауыт империялардың да назарын аударған. Жалпы  мейлі тарихи деректе, мейлі көркем шығармада болсын Оспан тұлғасы қаншалықты деңгейде ашылды? Оны толық ашу үшін үш елдің мұрағат құжаттарын ақтаруға тура келеді. Әуелі бүкіл істі қадағалаушы Кеңес одағының, екіншісі оқиғаға жанамалай қатысқан Моңғолияның, үшіншісі Оспанды өлімге үкім еткен қытай әскери сотының мұрағаттарын зерттеу келелі мәселе. Тарих ғылымдарының докторы Сайын Борбасов: «Оспан батыр Қазақстан тарихындағы зор тұлға. Ол 1940 жылдары Ұлт азаттық қозғалысты жаңа деңгейге көтерді. Жалпы қазақ халқының ұлттық идеясын жаңа сатыға көтерген. Біз тарих институтының ұсынысымен Ұлы даланың ұлы есімдерінің қатарына Оспан батырдың есімін енгізуді ұсындық. Елді азаттыққа шақырып, осындай көтеріліс жасау екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Кезінде оны Кенесары Қасымов жасаған. ХХ ғасырдың ортасында Кенесарының ерлігін Оспан батыр қайталады. Өкінішке қарай, мектеп оқулықтарында Оспан батыр туралы дерек жоқ. Шын мәнінде, ұрпақты патриотизмге тәрбиелейміз десек, Оспан батыр сияқты батырларды оқулыққа енгізу керек», – деді. «Ер Жәнібек» халықаралық қорының президенті Жеңіс Түркия қор аясында жыл бойы өтетін шаралармен қысқаша таныстырды. Оның айтуынша, Оспан батырдың 120 жылдығына орай Қазақстаннан тыс Түркия, Моңғолия, Ресей, Франция және Германия елдерінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, мерейтой халықаралық деңгейде аталып өтіледі. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында ғалымдар шетел мұрағаттарынан да тың дерек іздеуге кіріспек. Ал 29-30 наурыз күндері қазақ күресінен республикалық турнир, сәуір айында «Сұлубайдың әні» атты театрланған қойылым мен халықаралық жыр мүшайрасы және Анкарадағы Мимар Синан университетінде Оспан батырға арналған ғылыми талқы отырысы болмақ. Ал шілде айында Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында, Ер Жәнібек батырдың басында алты Алашқа сауын айтылып, ас беріледі.