Әминовтің әлемі
Әминовтің әлемі
Талғатбек Әминовтің өмір жолы ешкімге ұқсамайды. Өз елінен тыс жерде дүниеге келіп, орысша білім, тәрбие алғанымен қазақ тілін бала кезінен еркін біледі. Мемлекеттік тілде ғылыми шығармалар жазады. Басқаны айтпағанда, ресми және ғылыми отырыстардағы баяндамаларды, сөздерді, ғылыми монографияларды, кітаптар мен мақалаларды екі тілге өте жатық, еркін аударады. Қос тілде бірдей студенттерге дәріс оқып, баяндамалар жасайды.
Ол 1944 жылы 28 наурызда Ресей Федерациясы Омбы облысы Таврия ауданы, Қоянбай ауылында дүниеге келді. Осы ауылдағы қазақ мектебінің табалдырығын аттағанымен, жабылып қалуына орай білімін одан әрі орыс мектебінде жалғастыруға мәжбүр болды.
Талғатбек басқа тілде білім алғанымен туған тіліне, ата-баба тарихына, салт-дәстүріне деген ұмтылысын ешқашан тоқтатқан жоқ. Омбы өңірінде білім алып жүрген қазақ жастарының алды болып, ана тілін меңгеруін одан әрі ұдайы дамытты. Қазақи дәстүрді барынша сақтай білді.
Омбы қаласындағы орта мектепті аяқтағаннан кейін, Омбы ауылшаруашылығы институтына оқуға түсіп, оның бірінші курсынан әскери міндетін атқаруға шақырылды. 1963-1966 жылдары Курил аралдарында әскери қызмет атқарып, өзінің білімділігі мен мақсаткерлігін барынша көрсетуі нәтижесінде Шекара комендатурасында бөлімше және взвод командирі болды. Кейін Шекара отряды саяси бөлімінің комсомолдық жұмыстар бойынша нұсқаушысы дәрежесіне тағайындалды. Сонымен бірге Шекара отряды комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Арнайы әскери және саяси білімінің жоқтығына, саны аз ұлт өкілі болуына қарамастан оның кеңестік дәуірдегі мұндай жауапты әскери қызметтерді атқаруы Талғатбектің әскери басшылық пен көпұлтты қызметтестері арасындағы ерекше қабілеті мен іскерлігін танытса керек.
Шекара отряды басшылығының әскери қызметті жалғастырып, жоғары әскери оқу орнына оқуға түсуге деген ұсынысын қабылдамай, Талғатбек 1966 жылы Омбы қаласындағы өзі оқуын бастаған институтты тастап, ешқайда бұрылмастан, бала кезінен аңсаған арманына айналған, өзінің тарихи Отаны Қазақстанға қоныс аударып, күні бүгінгі дейін барлық қабілеті мен өмірін Қазақстанның көркейіп, өркендеуіне жұмсап келеді.
Талғатбек Әминов өзін іскер, әрі ұйымдастырушылығы зор саяси басшы, нағыз ұлт жанашыры, дарынды да қабілетті ғалым, ұстаз ретінде көрсете білді.
Алғашқы жылдары Алматыда біраз уақыт қатардағы құрылысшы болып жұмыс істеді. Алматы үй-құрылыс комбинатындағы жастар арасындағы тәрбие жұмысына араласты. 1968 – 1972 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде «тарихшы» және «саясаткер» мамандықтары бойынша жоғары білім алды. Оны үздік аяқтап, Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдың соңына дейін аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі партиялық орындарда жауапты қызметтер атқарды.
Оның партиялық-саяси қызметінің жауапты кезеңі ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңы 90-жылдардың басындағы «Қайта құру» және «Тоқырау дәуірі» деген атау алған уақытқа сай келеді. Алдымен Батыс Қазақстан облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, онан соң Қазақстан Компартиясы Орал қалалық Комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды. Тіл туралы заңды іске асыруда, қаншама ашық кедергілер жасалғанымен, ерекше белсенділік көрсетті. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берудің қажеттігі мен маңызын нақты мысалдар арқылы дәлелдей білді. Осындай істері арқылы облыс тұрғындарының ризашылығына ие болды.
Кеңес Одағы тарап, Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алған 1991 жылдың соңынан 2008 жылдың қараша айына дейін ол Қазақстан Республикасы Президенті, Министрлер Кабинеті, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі, Қазақстан Республикасы Парламентінде жауапты қызметтер атқарып, Республика тәуелсіздігінің нығая түсуіне өзіндік үлес қосты.
Талғатбек Әминовтің одан кейінгі өмірі мен қызметі Қазақстан тарихы ғылымымен тікелей байланысты. Ол Қазақстандағы темір жол қатынасының тарихын жан-жақты ғылыми тұрғыда зерттеп, диссертация дайындап, оны ойдағыдай қорғады. Нәтижесінде тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін, екі жылдан соң «Қауымдастырылған профессор» атағын алды. Қазір Қазақстан Республикасы тарихшылар және қоғамтанушылар Академиясының академигі.
«Астана Медициналық университетінің» Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар кафедрасында доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2017 жылдың қазан айынан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институтында аға ғылыми қызметкер ретінде еңбек етіп келеді.
Ғалым Отан тарихының әр кезеңдері мен бағыттарына арналған 100-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Шығармалары Қазақстанның, көптеген шетелдердің ғылыми басылымдарында жарияланған.
Ол қазір Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатын негіздеудегі орны, еліміздің егемендік жылдарындағы экономикалық саясатының мәселелері, Қазақстан жастар тәрбиесінің тарихы және ұлтаралық қатынас секілді тақырыптармен қатар, дамуына үлес қосқан тарихи тұлғалардың қызметтерін зерттеумен де шұғылданып келеді.
Кейінгі еңбектерінің бірі − Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай бірнеше ғылыми жұмыс жазды.
Белгілі ғалым Қазақстанның жоғары оқу орындарына арналған көптеген әдістемелік құралдардың да авторы.
Талғатбек Махметұлы осындай жүйелі де мақсатты ғылыми шығармашылығының нәтижесінде Қазақстан тарихшылары арасында зор бедел мен құрметке ие.
Ғани Қарасаев,
тарих ғылымдарының докторы, профессор