Украинадағы сайлау: Порошенко, Тимошенко  және  басқалар...

Украинадағы сайлау: Порошенко, Тимошенко  және  басқалар...

Украинадағы сайлау: Порошенко, Тимошенко  және  басқалар...
ашық дереккөзі
Украинада 31 наурызда кезекті президент сайлауы өтеді. 5 жылда бір рет өткізілетін бұл сайлауға 38 үміткер тіркелді. Оның әзірге бесеуі ғана белсенділік танытуда. Ал елді басқаратын президент сайлаудың екінші кезеңінде анықталады. Осыдан бес жыл бұрын Президент ретінде таңдалған «кәмпит королі» Петр Порошенконың да билікке келуі оңай болған жоқ. Себебі бәсекелестері де «сен тұр, мен атайын» еді. Алайда басым дауыспен жеңіске жеткен Порошенко Украинаны тығырықтан шығара алды ма? Бұл тұрғыда елдегі саясаттанушылардың пікірі екіұшты. Яғни, билік бағдарламасында айтылған уәделерін орындауға аса құлықты болмаған көрінеді. Әсіресе, Украина мен Ресей арасындағы саяси ахуал, Қырым мәселесі, газ соғысы, елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы сын көтермей келеді. Жергілікті халықтың көңілі пәс, күдігі басым. Олар жаңа билік келсе де, қордаланған мәселені шешуге келгенде дәрменсіз екенін айтады. Сонымен, 1,95 млрд гривен (бірінші кезеңге – 1,33 млрд, екінші кезеңге – 618 млн) бөлінген президенттік сайлауға тіркелген 38 үміткердің қайсысын таңдайды? Халық кімге сенім артуда? Әзірге алғашқы бестіктің көш басында 41 жастағы «виртуалды кандидат» деген атпен таныс әзілкеш Владимир Зеленский тұр. Би-би-си порталының жазуынша, кинокомедияларда Наполеон және Украина президенті рөлін сәтті ойнаған актердің өмірде де ел басшысы болуына мүмкіндігі бар. Ол сайлауалды бағдарламасында «Халық билігі туралы» заң жобасын ұсынатынын жеткізген. Яғни, халық заң жобасы нәтижесінде референдум арқылы билікке міндет жүктей алады. Бұдан бөлек, әр кәсіпкер өз табысының 5 пайызын заңдастырады. Сондай-ақ, табиғи байлықтар арқылы әр баланың есепшотына кіріс түсіп тұруын жолға қоймақшы. Үміткер Зеленскийдің бағдарламасында тағы бір көзге түскені – Украина әлемдік экологиялық азық-түлік супермаркетіне айналдыру мәселесі. Ал биліктің дәмін бес жыл татқан кезекті үміткер 53 жастағы Петр Порошенкоға халық бұрынғыдай сенуден қалғанға ұқсайды. Сондықтан да сайлауда жеңіске жетуі қиынға соғатын түрі бар. Сарапшылардың пікірінше, Порошенконың қайта президент атануына елдегі экономикалық жағдайдың барысы әсер етеді. «Әрине, Порошенко екінші кезеңге өтуі мүмкін. Оның басқа үміткерлерге қарағанда белгілі деңгейде электораты бар, партиялық инфраструктурасы дамыған. Алайда оның қоғамдағы орны қандай? Егер елде экономикалық өсім болса, жалақы мен зейнетақы өседі. Порошенко осыны қолға алса, президент атануына мүмкіндігі бар. Ал қолын бір сілтесе, халық оған дауыс беруден бас тартады», – дейді сарапшы Ирина Бекешкина. Порошенконың сайлауалды бағдарламасындағы басты ұран – «Армия! Тіл! Сенім! және Мәскеуден аулақ бол!». Әрине, ол өзі де ұлт, тіл десе жанын беретін жерлестерінің патриоттық рухын көтеру үшін түрлі әрекетке баруда. Соңғы кезде Порошенконың рейтингін көтерген жайт – Азов теңізіндегі қақтығысты реттеу және Украина Православ шіркеуінің Томосын алуы. Президенттік сайлауда кезекті лайықты бәсекелес – 53 жастағы Юлия Тимошенко. Бұл оның үміткер ретінде тіркелген үшінші сайлауы. Бұған дейінгі президенттік сайлауларда айқын басымдықпен алдыңғы шепке шықса да, «бағы жанбаған» Тимошенконың халық алдында сүйкімі бар. Әлемдік саясаткерлер «Батькивщина» партиясының жетекшісін украинның нағыз ұлтшыл қызы деп санайды. Өйткенi оның уытты сөздерi, iс-әрекетi ғана емес, шаш қою үлгiсi, киген киiмi де, жүрiс-тұрысы да «Мен – украиндықпын!» дегендi әйгiлеп тұрғандай. Сондықтан ол осы жолғы сайлауда да Порошенкоға лайықты бәсекелес болуы әбден мүмкін. Ол: «авторитаризммен ойнап көру үшін емес, Украинаны аяғынан тұрғызу үшін» үміткер ретінде тіркелгенін айтты. «Мен үшін президент сайлауы – PlayStation емес, ел күтіп отырған нақты өзгеріс» деген оппозициялық көшбасшы егер президент болып сайланса, жаңа Конституция бойынша референдум өткізетінін жеткізді. «Егер президент сайлауында жеңсем, онда шынайы қоғамдық келісім ретінде билікті бір қолға шоғырландыруға қарсы бірден Украинаның жаңа конституциясын қабылдауды ұсынып, референдум өткіземін», – деді ол. Сондай-ақ, Тимошенко Ресей Украинаға келтірген залалы үшін компенсация төлеу керектігіне ерекше екпін түсірді. «Ел азаматтары референдум арқылы кез келген уақытта билік ауыстыра алады. Егер президент болсам, ұлықтау рәсімінен кейін-ақ елде газ екі есе арзандап, бес жылдан кейін тұрғындардың жалақысы поляктардың деңгейіне жетеді. Ал ипотекалық несие жылына 3 пайыздан аспайды», – деді сенімді түрде. Оның бағдарламасын салмақты еткен – Қырымды және Украинаның шығысындағы облыстарды Киевтің бақылауына қайтару күресінен бас тартпау. Одан кейінгі кезекте – Жоғарғы рада депутаты, 60 жастағы Юрий Бойко. Бұл үміткердің де сайлауалды бағдарламасы әдеттегідей: Донбасстағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу үшін арнайы келісімге келу; Украина аймағындағы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету; зейнетақы және медициналық реформаны тоқтату; 10 жылдық мектепті қайта қалпына келтіру және азаматтардың туған ана тілінде білім алуына құқық беру. Ал алғашқы бестікті аяқтайтын «нағыз полковник» атанып кеткен 61 жастағы Анатолий Гриценко да президент сайлауына үшінші мәрте қатысуда.  Ол Қорғаныс экс-министрі кезінде НАТО-мен тығыз байланыс орнатқан. Қазір «Гражданская позиция» партиясының төрағасы. Оның сайлауалды бағдарламасына сенсек, Донбасс ешбір кедергісіз мемлекетке қайтарылады, шенеуніктердің саны қысқарып, жалақысы өседі. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек бағасы екі есе төмендеп, мемлекет жастардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз етеді. Украина президенттігіне үміткер ретінде тіркелген бестік осы. Дегенмен көптің таңдауы алғашқы үштікке түсіп отыр. Елдегі кейбір саясаттанушылардың пікірінше, бұл жолы Тимошенконың жолы болып кетуі ғажап емес. Себебі қашанда істің маманы ретінде белгілі саясаткердің елді басқаруға білімі де, күш-жігері де жетеді. Дегенмен бұл болжам ғана. Нақты нәтижені 21 сәуірде өтетін екінші кезеңде білетін боламыз.