«Еуропаның жүрегі» – қолайлы қала

Бұл тізімде қалалар экономикасы мен инфрақұрылымының дамуы, медицина, білім, демалыс қызметтеріне қол жетімділік бойынша бағаланды. Бұдан өзге саяси және әлеуметтік орта, әлеуметтік-мәдени жағдайы мен климаттық жағдайы да есепке алынған. Есепке алынған қалалардың жалпы саны – 231. «Mercer» консалтингтік компаниясының есебінше, ең жоғары стандартқа ие қалалардың басым көпшілігі Еуропада орналасқан. Венадан кейінгі орындар Швейцарияның Цюрих және Канаданың Ванкувер қалаларына бұйырды. Сондай-ақ өмір сүруге қолайлы үздік шаһарлар қатарында Дюссельдорф (Германия), Франкфурт (Германия), Копенгаген (Дания), Женева (Швейцария), Базель (Швейцария) бар.

Әлемдегі өмір сүруге ең қолайлы шаһар – Вена халқының 96 пайызы шаһардағы өмір сүру деңгейіне, 95 пайызы қоғамдық көлік жүйесіне разы болса, 88 пайызы медицина қызметіне қанағаттанады. Вена – Австрияның саяси-экономикалық, мәдени орталығы. Бұл қаланы жұртшылық «Еуропаның жүрегі» деп атайды. Сондай-ақ мұнда ОПЕК, ОБСЕ сияқты халықаралық ұйымдардың штаб-пәтері орналасқан. Венадағы ескі қала мен Шенбурнн сарайы 2001 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұраларының қатарына енген.

Алайда әлемдегі туристер жиі бас сұғатын, халықаралық ақпарат құралдарында атауы жиі аталатын шаһарлар рейтингте төменгі орындарға жайғасқан. Мәселен сұлу қала Париж – 39, аты жер жаһанға мәшһүр Нью-Йорк – 44, ағылшындар астанасы – Лондон – 41-орынға тұрақтапты. Ал көршілес Ресей астанасы – Мәскеу – 167, Киев – 173, Санкт-Петербург – 174, Минск – 188, Баку – 195-орынға орналасты.

Қазақстанның оңтүстік астанасы – Алматы бұл тізімде 177-орынға ие болды. Айта кетейік, жыл басында халықаралық Numbeo зерттеу орталығының рейтингі бойынша, Алматы шаһары өмір сүруге қолайлы әлемдегі 226 қаланың ішінен 208-орынды қанағат тұтқан еді. Десек те, Алматы тұрғындарының саны жыл сайын 50 мыңға артады екен. Бұл қаладағы өмір сүру сапасының жоғары екендігін байқатса керек. Жоспар бойынша, алдағы 15 жылда Алматы халқы 3 млн адамға жетпек. Өз кезегінде бұл жұмыспен қамту, әлеуметтік сала мен қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік сияқты көптеген салада жаңа кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді.

«Mercer» порталының есебіне қайта оралсақ, рейтингтегі соңғы орын Ирак астанасы – Бағдад қаласына бұйырды. Яғни, Бағдад кезекті рет әлемдегі өмір сүруге ең қолайсыз қала деп танылды.

 

Back to top button