МИЛЛИОНДАҒАН МИГРАНТ

МИЛЛИОНДАҒАН МИГРАНТ

МИЛЛИОНДАҒАН МИГРАНТ
ашық дереккөзі
Қазір Қазақстанның қай қаласында болсын еңбек мигранттарын кездестіру қиын емес. Олардың басым бөлігі құрылыс пен сауда саласында. Мұнай-газ компанияларында еңбек етіп жүргендер де жетерлік. Бала күтуші, аула сыпырушы болып жүрген мигранттар да бар. Олар да қай елге табан тіреу керек екенін жақсы біледі-ау. Қазақстанда жұмыс істеу қолайлы. Тыныш мемлекет. Экономикасы өркендеп, халықтың жағдайы жақсара бастағанын байқағандықтан да болар, олардың кейінгі жылдары Қазақстанға қарай ағылуы күрт көбейген. Орталық Азияның өзінде шамамен алғанда жыл сайын 10 миллион адам бір орыннан екінші мекен-жайға жұмыс істеу үшін көшіп-қонып жүретін болып шықты. Олардың ішінде уақытша және ұзақ мерзімге тіркеуге тұратындар да бар. Барлығы тұрмыс-тіршіліктің қам-қарекеті. Отбасын асырау үшін басқа елге барып жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл жағдай тоқтамайды. Жалғаса береді. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, бұл еңбек мигранттарына ғана емес, оларды қабылдайтын елдерге де пайдалы. Өйткені, біріншіден, бұл арзан жұмыс күші. Екіншіден, мемлекетке салық түседі. Бірақ, бұл үшін мигранттардың құқығы толық қорғалып, жаңа ортаға бейімделуіне барынша кепілдік болуы керек көрінеді. Қазақстанда осындай жағдай бар. Сондықтан да сырт жақтан келетін жұмыс күші көбейген. Бір ғана мысал. 2014 жылмен салыстырғанда 2015 жылы Қазақстанда тіркелген мигранттар 50 пайызға жуық көп болған. Онан кейінгі жылдарда да осы көрсеткіш сақталған. Өткен жылы Қырғызстан мен Өзбекстаннан және Тәжікстаннан келіп, Қазақстанда уақытша тіркеуге тұрғандардың саны 1 265 000 адам болған. Оның бір миллионнан астамы Өзбекстаннан. Олардың көбірек шоғырланған ортасы – Оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облыстары, Астана мен Алматы қалалары. Көршілес ел тұрғындарының Ресеймен салыстырғанда Қазақстанға қарай ағылуының да өзіндік себеп-салдары бар. Өйткені біздің елге Өзбекстан мен Қырғызстан жақын. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, ауылы аралас, қойы қоралас. Мәселен, Оңтүстік Қазақстанда өзбектердің таныс-тамырлары, Жамбыл облысында қырғыз ағайындардың көз көрген, таныс-біліс адамдары бар болуы әбден мүмкін. Солардан хал-жай, жөн сұрасып, елдің тұрмыс-тіршілігін біліп, бала-шағасын асырауға жетерлік жұмыс табуға болатынына көзі жеткен соң, сол облыстарға табан тірейді. Оның үстіне, Қазақстанға келіп-кету жол шығыны аз. Қажеттілік болып жатса, барып-келуге мүмкіндігі бар. Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа енген ел болғандықтан, бұл мемлекеттің тұрғындары үшін Қазақстанға келіп-кету мен жұмыс істеу жеңіл. Тіркеу дерегіне қарағанда, қырғыз ағайындардың да Қазақстанға жұмыс істеуге келуі артқан. Олардың басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларында, Қырғызстанмен шекаралас Жамбыл және Алматы облыстарында. Бірақ, қырғыздарға қарағанда Қазақстанға келіп жатқан өзбек мигранттары басым. Дерекке жүгінсек, Өзбекстаннан Қазақстанға келіп, тіркеуге тұрған мигранттар қатары жылдан жылға артып келеді екен. Осыдан үш жыл бұрынғыға қарағанда үш есе көп. Олардың 80 пайызы құрылыста жұмыс істеуді қалап, рұқсат сұраған. Өзбекстандық бес ағайынның төртеуі айлық кірісін 40 000 теңге көлемінде көрсеткен көрінеді. Ал шын мәнінде олардың еңбекақысы қанша? Тиісті орындардың назар аударатын мәселелерінің бірі осы. Жұмыс берушілер еңбек мигранттарын жатын орынмен, тамақпен қамтамасыз еткен күннің өзінде 40 мың теңге айлық өте аз емес пе? Бұл салықты аз төлеудің бір жолы емес пе екен? Еңбек мигранттарынан бөлек Қазақстанда жасырын жұмыс күші де жетерлік. Олардың көбі құрылыс орындарында жұмыс істейтін көрінеді. Арнайы мамандығы мен білімі жоқ «жасырын жұмысшылар» жұмыс берушілер үшін тиімді болар, бірақ ел экономикасына тигізер пайдасы жоқ екені түсінікті. Олардың арасында өндірістік жарақат алып, не болмаса еңбекақысына қол жеткізе алмай даулап жүретіндер де бар. Жасырын келгендіктен оларға жұмыс берушілер де еңбекақысын уақтылы төлемей, әуре-сарсаңға салып қоятын жағдайлардың да кездесіп отырғаны жасырын емес. Бүгінгі таңда Қазақстанда да жұмыспен қамту мен еңбекті ұйымдастырудың жаңа әдістері және технологияларын өндіріске енгізіп жатқаны әмбеге аян. Дұрыс-ақ. Алға қарай жылжу керек, өсу керек. Бірақ осының салдарынан әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздік артып отырған көрінеді. «Ақпараттық технологиялар қашықтық еңбектің аясын кеңейте түсті. Кәсіби және отбасылық міндеттерді біріктірудің жаңа мүмкіндіктері пайда бола бастады. Кейбір кәсіпорындар субмердігерлік және аутсорсинг негізінде жұмыс күшін тікелей жалдай бастады. Мұның жақсы да, жаман да жақтары бар», – дейді Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым. Жалпы, жұмыс күшіне байланысты осындай өткір мәселелерді қадағалайтын құзырлы орындар қаперінде ұстаса құба-құп болар еді. Олар қам-қарекетсіз отыр деп айта алмаймыз, әрине. Әйтсе де ескеруге тиісті жайттарды елеп-екшесе деген ой ғой біздікі.

Ғалым ОМАРХАН