ӘЛЕМДІ ЖАЛТ ҚАРАТҚАН ЭЛИЗАБЕТ
ӘЛЕМДІ ЖАЛТ ҚАРАТҚАН ЭЛИЗАБЕТ
Спорт демекші, әр адамның ғана емес, тұтас халықтың қабілеті мен икемі спортта анық байқалады. Бокс пен күрестен, ауыр атлетикадан биіктен көрініп жүрген қазақтар спорттың өзге түрлерінің көбінен артта қалып келеді. Бірақ кейде бір ғана спортшы бұрын спортта біз игере алмай жүрген тұста ерлік жасағанда күмән атаулыны сейілтіп, тұтас елге рух беретіні сондай – басында «паһ» деп таңдана қол соққан халықтың ізінше көкірегін мақтаныш кернеп – «біз мықтымыз» деп айдарынан жел есіп шыға келетіні бар.
Жеңген елдің сөзі үстем. Баласы жеңіс тұғырынан көрінген халықтың қуанышынан асқан керемет бар ма?!
Күні кеше, 18-24 наурыз аралығында Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен әлем чемпионатында күміс медальдің иесі атанған Элизабет Тұрсынбаеваның жетістігі – мемлекетімізді әлемге танытқан ерекше оқиға!
Адамның қабылдауына қиын, қарапайым түсінік пен үйреншікті қалыпқа сыймайтын және күтпеген жерден жарқ етіп көз алдымыздан өткен құбылысты феномен деп жатамыз ғой. Сондай ерекше жайттың бірі – Элизабеттің жапон еліндегі дулы додада көрсеткен ерлігі. Мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасындағы еркін бағдарламада көрсеткен өнерінде ол қанша жылдан бері спорттың бұл түрінде ересектердің арманы болып келе жатқан, бәлкім, ешкім орындай алмас-ау деп ойлауға мәжбүрлейтін жойқын бір қимылды жасады. Күллі көрерменді бір шу еткізіп, қол соғып хошемет жасауға мәжбүрлеген әлгі спорттық қимыл «төрттік сальхов» деп аталады екен. Көрермендердің қалай түсінгенін қайдам, бірақ жапон елінен жарысты тікелей трансляция жасап отырған телеарналардың жүргізушілерінің өзі аз уақытқа аңырып қалып, бірнеше секундтан соң «Тұрсынбаева төрттік сальховты орындады» деп жарыса сүйінші сұрап жатты.
1909 жылы швед мәнерлеп сырғанаушысы Ульрих Сальхов алғаш рет жасаған бұл қимыл элементі бүгінге дейін үнемі жетілу үстінде болды. Ерлер арасында америкалық Ронни Робертсон (1955 жылы), әйелдер арасында чехословакиялық Яна Мразкова (1959 жыл) алғаш рет «үштік сальховты» орындап, содан бері ересектер арасында осы межеден асқан ешкім болмап еді. Ал Элизабет Тұрсынбаева осы қалыптасқан түсінікті бұзып, «ерсектер арасында төрттік салховты алғаш рет орындаған спортшы» ретінде спорт тарихына кіріп отыр. (Рас, бұрын төрттік сальховты жасөспірім шеберлердің орындағаны бар, бірақ оны жасы 16-дан асқан ересектердің орындауы мүмкін емес деп саналып келді).
Бірінен бірі өткен мықтылардың арасында соңғы сәтке дейін көрсеткіші бойынша жүлделі орыннан тыс тұрған Тұрсынбаева бір ғана жойқын қимылымен жеңіс тұғырынан көрінгелі тұрған екі қызды орнынан жылжытып жіберді. Нәтижеде әлем чемпионатының екінші орыннан үмітті ресейлік Евгения Медведеваның қолынан күміс медальды жұлып алып, осыған дейін үшінші нәтиже көрсетіп тұрған жапондық Рика Кихираны жүлдесіз қалдырды. (Қарап көріңіз: Алина Загитов (Ресей) 237.50 балл, Элизабет Тұрсынбаева (Қазақстан) 224.76 балл, Евгения Медведева 223.80 балл. Рика Кихира (Жапония) 223.49 балл). Бұл жеңістің тағы бір маңызы – бұрынғы жарыстарда Евгения Медведева да, Рика Кихира да Элизабеттен басым түскен-ді.
Әлемдік спорт сарапшылары «Мәңгілікке секіру» деп бағалап жатқан қазақ қызының мәнерлеп сырғанау спортындағы рекорды, шынымен де, таңғажайып жаңалық!
О баста ресейлік әйгілі бапкер Этери Тутберидзеден тәлім алған Элизабет Тұрсынбаева 2013 жылдан бастап өткен жылға дейін канадалық әлемге белгілі бапкер Брайан Орсердің қол астында жаттыққан еді. Алайда Элизабеттің анасы Падишахан Сұлтанәлиеваның айтуынша, ол жақтағы жаттығу спортшыға да, оның отбасына да біраз қиын тиген. Себебі Б.Орсер жаттықтыру ақысын алдын ала төлеткізеді және жаттықтыратын адамы көп болғандықтан әрбір шәкіртімен жеке жұмыс істеуге көп уақытын арнай алмайды екен. Негізінен оның тапсырмасымен спортшылар өз бетінше жаттығу жасайтын көрінеді.
2018 жылы Этери Тутберидзеге қайта оралған Элизабет биылғы әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалған. Оның қалай тер төккені чемпионат барысында байқалмай қалмады. Тіпті аты аңызға айналған кеңестік-ресейлік бапкер Татьяна Тарасова мәнерлеп сырғанау спортында бұрын да жетістіктерге жетіп жүрген қазақстандық спортшының бұл чемпионатқа мүлде бөлек дайындықпен келгенін байқапты. «Жарайсың, Тұрсынбаева! Жарайсың, Қазақстан! Ол төрттік сальховты өте жақсы орындады. Ол Этери Тутберидзенің шәкірті, одан тәлім алып осындай жетістікке жету керемет қой. Біз оған тек таң қаламыз, ол ақылды», – деді Тарасова.
Мықты спортшыға әрбір жетістігі – келесі жетістікке апаратын жол секілді. Сондықтан болар, Элизабеттің баспасөз конференциясында: «Мен үш жыл бұрын осылай секірумен айналыса бастадым. Бұл менің сүйікті ісім. Мен оны жарыстарда сынап көрдім, бірақ толық орындай алмадым не құлап түстім. Жаттықтырушым Этери Тутберидзе оны игеруге көмектесті. Болашақта осы төрттік сальховты орындауды жалғастыра беремін», – деуі оны алдағы кезде талай-талай жеңіс тұғырларынан көруімізге сендіретіндей.
Қас-қағым сәтте – сандаған спортшыға арман болып кеткен, әлі күнге дейін де арман болып келе жатқан биікке ту қадап, туған халқын әлемге танытқан қайсар қыздың жеңісі қазақ елі үшін өзгеше мәртебе!
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасына: «Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды! Тарихта тұңғыш рет төрт айналмалы әдісті орындады! Жарайсың! Құттықтаймын!», – деп жазып, алғашқылардың бірі болып Элизабетке ыстық лебізін білдірсе, спортшының отандастары ғана емес, күллі әлемнің миллиондаған спортсүйер қауымы интернет бетінде ақ тілегін айтып жатыр. Бұл да Қазақстан халқы үшін бөлекше қуаныш, зор шаттық екені даусыз.
Қазақ елінің болашақта айбынын асқақтар тұтас бір талантты жас буын өсіп келеді. Соның бірі – Элизабет. Ел мерейін аспандатар жеңісі көп болсын!
ТҰРСЫНБАЕВА ЭЛИЗАБЕТ БАЙТАҚҚЫЗЫ
Туған жылы –14 ақпан, 2000 жыл
Бойы – 148 см
Салмағы – 40 кг
Спорт түрі – Мәнерлеп сырғанау
Бапкері – Этери Тутберидзе, Сергей Дудаков
Хореограф – Даниил Глейхенгауз
Басты спорттық жетістіктері:
Ресей кубогының күміс жүлдегері (2012 жыл) Қазақстанның төрт дүркін чемпионы (2014-2017 жылдар) ІІ қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері (2016) Қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері (2017) Құрлық чемпионатының вице-чемпионы (2019) Қысқы универсиаданың күміс жүлдегері (2019) Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2019) Ерсектер арасында төрттік сальховты тұңғыш орындаған спортшы (ӘЧ – 2019, Жапония, Сайтама) PS: Мәнерлеп сырғанау спортынан ерекше жетістігімен көзге түсіп, аты күллі әлемді шарлап кеткен Элизабет Тұрсынбаева 2000 жылғы 14 ақпанда Мәскеу қаласында дүниеге келген. Әкесі – Байтақ Тұрсынбаев Сыр бойының тумасы, анасы Падишахан Сұлтанәлиева қырғыз елінде дүниеге келген. Анасы перзентханада жатқанда атақты америкалық актриса Элизабет Тейлор ойнаған «Клеопатра» фильмін көріп, соның әсерімен сәбиіне Элизабет деп ат қойған екен. Жасында көп ауырған және иммунитеті әлсіз болған қызына ата-анасы ерекше назар аударып, оны мәнерлеп сырғанау секциясына береді. Элизабеттен бұрын ағасы Тимур да мәнерлеп сырғанауға қатысқан, кейіннен халықаралық турнирлерге қатысып, бірталай жетістіктерге де жеткен. Элизабет пен Тимурды әкесі мәнерлеп сырғанаудан өткен түрлі турнирлерге қатыстырып, әсіресе, Қазақстанда өткен жарыстардан қалдырмайтын. 2013 жылы Элизабет жастар арасында өткен Мәскеу біріншілігінде алтын медаль алған соң, отбасы бұдан былай оны Қазақстанның, Қызылорда облысының атынан жарысқа қатыстыруға шешім қабылдады. Содан бері талантты спортшыны Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаев қамқорлығына алып, 2014 жылдан бері «Казгермунай» мұнай компаниясы демеушілік жасап келеді.