Әкімдер халыққа жақын болуы тиіс

Әкімдер халыққа жақын болуы тиіс

Әкімдер халыққа жақын болуы тиіс
ашық дереккөзі
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері қатысқан келелі кеңес өтті. Жиын барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Ә.Смайыловтың, Премьер-министрдің орынбасарлары Ж.Қасымбек пен Г.Әбдіқалықованың, Алматы қаласының әкімі Б.Байбектің және Павлодар облысының әкімі Б.Бақауовтың есептері тыңдалды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақты екенін және мемлекеттік бағдарламалардың дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, кейбір бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты. – Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дана саясатының арқасында ең қиын кезеңдерге табысты төтеп беріп, экономиканың өсу қарқынын қамтамасыз еттік және халықтың әл-ауқатын арттырдық. Қазіргі таңда осы қарқынды сақтауды, жұмыс тәсілдерін жетілдіруді және жүктелген міндеттерді сапалы орындауды қамтамасыз ету қажет. Басты мақсат – азаматтарымыздың әл-ауқатын және болашаққа деген сенімін арттыру, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы тиімді байланыстарды жолға қоюдың маңыздылығын атап өтті. Яғни, мемлекеттік органдар тарапынан коммуникацияның заманауи арналарын пайдалана отырып, тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі атап өтіліп, өңір әкімдерінің халықпен үнемі кездесуге және елді мекендерді жиі аралауға тиіс екеніне назар аударды. Әкімдердің қатысуымен өткен кеңес барысында Президент жағдайы төмен отбасыларға жалдамалы пәтерлерді беру жеңілдетілетініне тоқталды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Құрманғали Facebook-тегі парақшасында жазды. «Ақордадағы кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған әлеуметтік тұрғыдан әділетті ел құру бағытын жалғастыруды міндеттеді. Соның ішінде Президент әкімдерге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтерлерді беру мәселесін жеделдетуді және бұл үдерісті биылғы мамыр айынан бастауды жүктеді. Сонымен қатар, Қ.Тоқаев халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымға қатысты жүйелі мәселелерді шұғыл шешудің маңызды екенін атап өтті», – делінген жазбада. Мемлекет басшысы өңір әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте Үкімет мүшелерінің баяндамаларын талқылау барысында білім беру жүйесінің үштілділік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне де назардан тыс қалдырмады. «Бұл – өте күрделі әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы экономиканың өсімін, инвестиция тарту ісін қамтамасыз етуге, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, өңірлердегі инфрақұрылымдық және экологиялық өткір мәселелерді шешуге, су тасқынының алдын алуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге, сондай-ақ, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және оны жүргізу жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Берілген тапсырмалардың бәрін қатаң бақылауда ұстау Президент әкімшілігіне тапсырылды.