Бағам мен баға: нарыққа тізгін тиген соң...

Бағам мен баға: нарыққа тізгін тиген соң...

Бағам мен баға: нарыққа тізгін тиген соң...
ашық дереккөзі

Өткен аптада ел аузына ілінген екі шулы жаңалық болды десек, екеуінің де қайнар көзі – Ұлттық банк. Нақтырақ айтқанда, бірі екіншісін тудырды: Келімбетов кетіп, Ақышев келді. Төрағамен бірге банктің бағам саясаты да жаңарды.

5 қарашадан бастап Ұлттық банк ішкі валюта нарығына қатысудан бас тартты. Енді теңге бағамын сақтап тұру үшін алтын қорларымыздан көк тиын да шығарылмайды. Бұған дейін Ұлттық банктің валюта нарығындағы саудадағы үлесі 60 пайызға жеткен болатын. Кешегі күнге дейін Ұлттық қор қаражатының және Ұлттық банктің алтын валюта активтерінің есебінен 5 миллиард доллардан астам қаржы салынған. Бас банк теңге қанша тұрақсызданса да, бас ауыртпайтынын хабарлаған соң теңгенің күші күрт кеміді. Ұлттық банк басшылығына Данияр Ақышев тағайындалғаннан кейінгі екі күнде-ақ құнын айтарлықтай жоғалтып алған төл валюта жаңа мәлімдемеден соң рекордттық межеге дейін құлдырады. 3 қараша күнi Қазақстан қор биржасындағы теңгенiң долларға шаққандағы айырбастау бағамы 283,23 теңгеге тең болса, 4 қараша күнi теңге бiрден 1,59 теңгеге әлсiреп, бiр доллардың құны 285,79 теңгеге жеткен болатын. Ал 6 қараша күні алғашқы келісім долларына 303 теңгеден басталып, кейін АҚШ валютасының теңгеге шаққандағы құны 310 теңгеге бір-ақ көтерілді. Жаңа төрағаға мін тағып, сын айтушылар көбейген соң Ұлттық банктің баспасөз қызметі доллар бағамының көтерілуіне қатысты түсінік берді. "Ұлттық банктің және Ұлттық қордың алтынвалюта активтерін сақтау мақсатында Ұлттық банк 2015 жылғы 5 қарашадан бастап өзінің валюта нарығына қатысуын барынша азайту туралы шешім қабылдады. Бұл Ұлттық банктің еркін бағамды қалыптастыру және инфляциялық таргеттеуге өту жөніндегі бұрын жария етілген саясатына сәйкес келеді. Бұл өзгеріс қаржылық тұрақтылық үшін қауіп төндірмейді және Ұлттық банктің баға тұрақтылығына қол жеткізу мақсатына қайшы емес. Теңгенің айырбастау бағамының бұдан былайғы серпіні негізінен әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы баға ахуалының серпінімен айқындалатын факторлардың әсерінен қалыптасатын болады", – деп хабарлады банктің баспасөз қызметіндегілер. Теңгенің тағдырын таразыға салған отандық сарапшылар онсызда құнсызданып бара жатқан төл валютамыз әлі де әлсірейді дегенді алға тартады. Оған ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 12-ден 16 пайызға арттырғаны да себеп. Бұл инвесторға зәру кәсіпкерлердің аяғынан шалатыны сөзсіз. Айырбастау пунктеріндегі есепшілер де доллар құнының өсетінін топшылауда. «Әлемдегі есеп айырысудың 75 пайыз доллармен жүргізілетіндігін ескерсек, Америка валютасы жуырда төмендей қоюы екіталай», – дейді мамандар. «Данияр Ақышев жаңадан келе салысымен-ақ айтқан сөзі мынадай болды: "Біздің негізгі міндетіміз курсты ұстап тұру емес, біздің негізгі міндетіміз – халықтың сенімінен шығу". Осы сөзінің астарында үлкен дүние жатқанын білуге болады. Яғни, бұл сөз доллардың бағасының жақын арада тұрақталмайтынын меңзеп тұрған жоқ па?», – дейді экономист Мақсат Халық. «Алматы» телеарнасы «Іскерлер уақыты» бағдарламасында экономист Мақсат Серәлі де валюта бағамының құбылуына қатысты болжамдарымен бөлісті: «Осы уақытқа дейін Келімбетов теңгені ұстап тұру үшін белгілі бір қаражатты күнделікті сатып және сатып алып отырған. Қазіргі таңда жаңа басшы ауысқаннан кейін бұл процесс тоқтатылды. Енді теңгені толық еркін айналымға жіберу жоспарланып отыр. 1-2 күннің ішінде Ұлттық банктің жаңа төрағасы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, өзінің саясатын ашық түрде халыққа жеткізеді. Сол кезде Ұлттық банк төрағасының жоспарларын біле аламыз», – деді ол. Экономистің пікірінше, қазіргі таңда доллар бағамының өсуі – заңды құбылыс. – Доллардың өсуі заңды. Өйткені осы уақытқа дейін мұнайдың бағасы төмендеп келеді. Яғни, Қазақстанға кіретін ішкі кірістің, доллардың көлемі азайғандықтан, ішкі нарықтағы теңгенің құны төмендей бастады. Қазір мұнайдың бір бареллі 48 долларға бағалануда. Егер қара алтын құны ары қарай төмендей беретін болса, міндетті түрде теңге төмендейді. Қазіргі таңда Қазақстан экономикасына ең тиімді болатын мұнай бағасы 70-80 доллар төңірегінде, бірақ бұл көрсеткішке жете қоюы күмәнді. Сондықтан алдағы уақытта теңге тағы да әлсіреуі мүмкін, – дейді ол. Экономист бағамның шекті өсімін бейнелейтін болжалды цифрды да атады: «Доллар қаншаға жетіп, тоқтайтындығын нақты айтуға болмайтын шығар. Өйткені процесс енді басталды. Доллар бағамы тұрақталуы үшін мұнайдың бағасы белгіленген деңгейге келіп тоқтауы керек. Ақш валютасының теңгеге шаққан бағамы 350-360 теңгеде басталып, 400-ге де жетуі мүмкін».

Қара алтын құны қуантпай тұр

Әзірге әлемдік қара алтын бағасы мұнай өндіруші елдердің оң жамбасына келіп тұрған жоқ. Өткен аптаның соңында Лондон қор биржасында Brent маркалы мұнайдың баррелі 0,6 пайызға құлдырап, 48,29 долларға саудаланды. Ал WTI сұрыпты мұнайдың бағасы 1,8 пайызға арзандап, 1 баррелі 45,49 долларға жетті. Бұл құлдыраудың басты себебі – АҚШ-тың өз мұнай қоры туралы деректерді жария етуі. Американың Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 26 және 30 қазан аралығында мемлекеттің коммерциялық қоры 2,847 миллион баррельге немесе 0,6 пайызға дейін артып, 482,8 миллион баррельге жеткен. Ал бір тәулікте өндірілетін мұнай көлемі 48 мың баррельге немесе 0,5 пайызға өсіп, 9,16 миллион баррельге жетіп жығылды. Ресей мен Жапонияның энергетикалық ықпалдастығы жөніндегі халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде «Роснефть» басшысы Игорь Сечин мұнай нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың айырмасы тәулігіне 1 баррельді құрағанын айтты. Оның пікірінше, қара алтынның дүдамал тағдыры ұсыныс пен сұраныстың теңсіздігімен ғана емес, белгісіздіктің, бәсеке мен тәуекелдердің артуымен де сипатталады. «Қазіргі таңда тақтатас өндірумен айналысатын 25 компания қарызының өзі 150 миллиардқа жетіп жығылды. Қолда бар деректерге сүйенсек, хеджерлеу мен қорды кепілге қоя отырып несиелеу механизмі төмен бағалар жағдайында да жалғаса береді. Бұл үрдіс кем дегенде 2017 жылға дейін созылады деген болжам бар», – дейді Сечин. Ал Ресейдің Экономикалық даму министрлігіндегі макроэкономикалық болжамдарға жауапты маман, «Внешэкономбанк» төрағасы Андрей Клепачтың пікірінше, келер жылдан бастап мұнай бағасы қайта көтеріле бастайды. Ол қара алтынның баррелі 55-60 долларға дейін қымбаттауы мүмкін деген болжамын ұсынды. Солай болған күннің өзінде, бұл теңгенің нығаюына мүмкіндік беретін деңгейден әлдеқайда төмен.

«Үнемдеудің орнына шығынды көбейттік»

Halyk Finance компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Кәкімжанов та ел экономикасындағы өзгерістердің барлығы түптеп келгенде мұнай бағасына телулі деп есептейді. Сарапшының пікіріне сүйенсек, Қазақстан биыл көп жылдан бері алғаш рет мемлекеттік шығындарды 5 пайызға (долларға шаққанда 15 пайыз) қысқарту туралы шешім шығарып отыр. Тығырыққа тіреген негізгі фактор – мұнай бағасының құлдырауы. Кіріс көзінің азаюына, жалақының қысқарып, тұтыну көлемінің төмендеуіне әсер еткен де – сол. «2014 жылы теңгенің мүмкіндігі асыра бағаланды. Көпшілік жаппай техника мен автокөлік сатып алды. Девальвацияны күткен жұрттың бұл қамданысы оң нәтиже берген жоқ. Кірістің төмендейтінін білген кезде ақшаны жаратуға емес, үнемдеуге тыруысымыз керек, Ал Қазақстан 2014 жылдың соңынан бастап өзінің жиған-тергенін аса маңызды емес дүниелерге жұмсап қойды», – дейді маман. Теңгенің айырбас бағамына әсер ететін факторлардың бірі – ағымдағы шот. Қазақстан соңғы жылдары 2 пайыз профицитке қол жеткізді. Осыны негізге ала отырып, 2016 жылы доллар курсы қандай деңгейде болатынын болжауға болады. «Егер мұнайдың фьючерстік бағасы 2016 жылы барреліне 54 доллар шамасында болатын болса, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 270 теңгеге тұрақтайды. Бұл – ағымдағы шоттың тепе-теңдігін ұстап тұуға мүмкіндік беретін деңгей», – дейді Сәбит Хакімжанов. Сарапшы көрші елдің валютасын мысалға келтірді: «Рубль – серпінді валюта, ол мұнай бағасына орай күн сайын құбылып тұрады. Ал теңге 20 тамызға дейін қара алтын құнына мыңқ еткен жоқ. Еліміздің тарихындағы теңгенің нағыз «қалықтаған» екі кезеңі бар: біріншісі – 1999 жылдың наурыз айы, екіншісі – 2015 жылы тамыздан қыркүйекке дейінгі аралық. Екінші жағдайда теңге рубльден де биік «қарғыды». Бейберекет құбылу сол кезден басталды. Ақырында реттеушінің шыдамы таусылды. Қазір біз 20 тамызға дейінгі деңгейде тұрмыз, тек айырбас бағамы басқа».

Төл валюта тарихындағы «төңкерістер»

Халық арасында «тамыз төңкерісі» аталып кеткен Үкіметтің 20 тамыздағы теңгені еркін айналымға жіберу туралы шешімінен соң ұлттық валюта есін жинай алмай-ақ қойды. Өткен жылғы «ақпан төңкерісі» төл ақшамызды бұлай есеңгіретпеп еді. 155 теңгеге сатып алып жүрген 1 АҚШ доллары бақандай 30 теңгеге қымбаттап, 185 теңгеге бір-ақ көтерілгенде дүрліккен жұрт. Тыққан доллары болмаса да, көпшілік ақша айырбастау нүктелерінің тақтайшасына телмірумен болды. Өйткені АҚШ валютасы қымбаттаса, тауар мен қызмет көрсету бағасының да көтерілетінін бұған дейінгі девальвациялар дәлелдеп берген. 22 жылдың ішінде теңге өзінің кескін-келбетін ғана емес, құнын да талай мәрте өзгертті. 1993 жылы 1 АҚШ доллары 4,7 теңгеге бағаланған болатын. Бірақ экономист Арыстан Есентүгелов әу баста бұлай бағалаудың қисынсыз болғандығын айтқаны бар. Бәлкім, содан да шығар, бір жылдың ішінде теңгенің құны 11 есе құлдырады. 1993 жылдың қарашасында айналымға енгізілген ұлттық валюта 1994 жылы әжептәуір әлсіреп, бір доллардың құны 54 теңгеге жеткен. Алайда ол кезеңде елде доллар аз болғандықтан әрі жаңа ақшаға бәрі бірдей үйреніп үлгермегендіктен, бұл девальвацияның ауыртпалығын халық сезіне қойған жоқ. Девальвация терминінің құлаққа сіңісті болған тұсы — 1999 жыл. 4 сәуір күні сол кездегі Премьер-министр Нұрлан Балғымбаев пен Ұлттық банк төрағасы Қадыржан Дамитов теледидардан халыққа теңгенің еркін айналымға жіберілетінін хабарлады. Келесі күні таңертең бір күн бұрын шамамен 88 теңге тұрған доллар 150-160 теңге деңгейіне бір-ақ көтерілді. Тамыз айында жағдай реттеліп, 1 АҚШ доллары 130-135 теңге деңгейінде тұрақталды.1993-2002 жылдар аралығында 33 есе арзандаған төл валюта 2003 жылдан бастап біршама нығайды. Теңгені тұғырынан тайдырған келесі девальвация 2009 жылы 4 ақпанда болды. Бір түннің ішінде айырбас пункттеріндегі доллар құны 120 теңгеден 170-ке бір-ақ көтеріліп барып, 150 теңге деңгейінде тұрақтанды. Жұрт сол кездегі Ұлттық банк төрағасы Г.Марченконы жағадан алды. Бас танк тізгінін Әнуар Сәйденовтен қабылдап алған жаңа төраға мұнай бағасының түсіп кеткендігі, Қазақстанмен сауда-саттық бойынша серіктес елдердің ұлттық валюталарының құнсыздануы, ел ішіндегі валюта тұрақтылығын сақтауға кетіп жатқан алтын-валюта қорының шығыны туралы дәлелдер келтіріп, аталған девальвацияны ақтап алуға тырысты. Бас банкті кешегі күнге дейін басқарған Қайрат Келімбетов те теңге тарихында есімі жиі аталатын тұлғалардың біріне айналды. Өткен жылдың «қара ақпаны» ел азаматтарының табысын 20 пайызға азайтты. 1 АҚШ доллары рекордтық 185 теңгеге дейін жетті, тіпті кей жерде 200 теңге деп көрсетіп қойғандар да табылды. Мұндай жағдай қаржы сарапшылары үшін де күтпеген жағдай болды. Ұлттық банк елдегі экономика мен қаржылық жағдай тұрақсыздығына жол бермеу үшін осындай қадамға мәжбүр болдық деп мәлімдеді. Жаздың соңындағы теңгені еркін айналымға жіберу туралы шешімді де Үкімет пен Ұлттық банк мәжбүрліктен туған қажеттілік деп түсіндірді. Ұлттық банктің экс-төрағасы Қайрат Келімбетовтің тілімен айтқанда: «...алдыңғы тəжірибелерімізде тұрақтанған валюта бағамын Ұлттық банк өзгертіп, оны девальвация деп атайтын. Ал қазіргі құбылыс девальвация емес, ол еркін айналымға өту. Яғни нарыққа қатысушылар тұрақтылық пен сұраныс, ұсыныстың арқасында теңгенің құны қанша болатындынын өздері анықтайды».

Нан бағасына да тықыр таянды

Өкініштісі, теңгемен бірге күнделікті тұтыну тауарларының құны да «еркін айналымға» түсіп, бей-берекет шарықтап барады. Жаңа жылдан бастап нанның бағасына бақылау жойылмақ. Бұл туралы өткен аптада Қазақстандық БАҚ өкілдерімен бейресми кездесу өткізген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев мырза хабарлады. Доллардың бағамы шарықтап, теңгенің құны құлдырағанда Қазақстанда нан бағасы да қымбаттауы мүмкін деген болжам бұдан бұрын да бірнеше рет айтылды. Алайда аграрлық саланың дамуы бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылардың бірі – Қазақстан үшін нан бағасын өсуіруге негіз жоқ деп сенді жұрт. Бидай өзімізде егіледі, ұн өзімізде өңделеді, нан өз наубайханаларымызда пісіріледі. Ендеше жүз пайыз қазақстандық өнімнің бағасы неліктен доллар құнына тәуелді болуы керек деген сауалдың тууы заңды. Ақпарат құралдарының мәліметінше, өндірушілермен қол қойылған меморондумдар тек 2015 жылдың соңына дейін ғана жарамды. Ал 2016 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржыландыру жүйесін жүргізуден бас тартып отыр. Бұған себеп – дағдарыс. Министрліктің жауапты хатшысы Арман Евниевтің айтуынша, отандық кәсіпкелерге қолдау көрсету мақсатында баға еркін айналымға жіберіледі. Яғни, 2016 жылдан бастап нан бағасын да нарық өзі реттеп отырады деген сөз. «Еуропаны алып қарасақ, онда нанның түр-түрін өндіреді. Ал біз бидай өндіру бойынша әлемде жетінші орындамыз. Соған қарамастан, кәрі құрлықтағыдай нанның алуан түрін өндіріп жатқанымыз шамалы. Нан құрамындағы бидайдың өзіндік құны 30 пайыздан артық емес. Қалғаны ГСМ, электр энергиясы, транспорттық шығындар, т.б. еншісіне тиесілі. Біз бұл мәселені үнемі шаруалардың есебінен немесе бюджеттік субсидия арқылы шешіп отырдық. Енді келер жылдан бастап нанның бағасын нарық өзі реттейді. Әрине, әр қаладағы баға әртүрлі. Меніңше, бәсекелестік көп болса, тіпті баға төмендеуі де мүмкін. Егер кәсіпкерлерге кедергі келтірмесек, нарықта кім ұтады? Кімдікі сапалы әрі арзан болса, сол ұтады. Сондықтан бұл салада бізді бәсекелестік құтқармақ», – дейді Евниев мырза. Тауар мен қызмет бағасының өсуіне әсер етіп отырған шешуші факторлардың бірі – логистика мәселесі. «Ақшаның құнсыздануына байланысты көптеген тасымал компанияларында баға өзгерді. Сондықтан тауар әкелушілер шығынды өтеп, пайда табу үшін де азық-түлік бағасын көтереді», – дейді Қазақстан тамақ кәсіпорындары одағының вице-президенті Айжан Наурызғалиева. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, теңге бағамындағы өзгерістерден кейін 2015 жылдың қыркүйек-қазан айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда күнделікті тұтынатын азық-түлік бағалары қымбаттаған. "Қазагромаркетинг" АҚ мәліметтеріне бойынша, қанттың бағасы 25,8 пайызға көтеріліп, бір келі өнімнің құны 163 теңгеден 205 теңгеге өзгерген. Сондай-ақ, күнбағыс майы өңірлерде 14,3 пайызға қымбаттады, баға 265-тен 303 теңгеге артқан. 1 санаттағы жұмыртқа 31,6 пайызға қымбаттаған. Қазір бір қорап жұмыртқаның бағасы бұрынғыдай 133 теңге емес, 175 теңге тұрады. Тауық етінің құны 12,5 пайызға артып, оның келісі бұрынғы 433 теңгенің орнына 487 теңгеден саудалануда. Азық-түлік бағасының шарықтауы тек бізге ғана емес, ЕАЭО елдерінің бәріне тән құбылыс болып отыр. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде тұтыну тауарларының жалпы құны 15 пайызға қымбаттаған. Бір жыл ішінде Ресей мен Белоруссияда азық-түлік бағасы 18 пайызға көтерілсе, Қазақстанда 3,5 пайызға, Армения мен Қырғызстанда 2,9 пайыз және 2,5 пайызға өскен. Осы орайда, Белоруссия тағы да төл валютасын деноминациялағалы жатқанын айта кетейік. Келер жылдың 1 шілдесінен бастап 10 мың беларусь рублінің құны 1 рубльге теңеспек. Бұл үрдіс қашанға дейін жалғасатынын болжау қиын. Нарықтағы өзгерістің бәрі бас реттеушінің мәлімдемелеріне тәуелді екенін білетін жұрттың ендігі үміттенері де, үрейленері де – Ұлттық банк. «Қазір Ұлттық банк несиелеу жүйесін жақсартуға, бар қаржыны орынды пайдалануға тырысады. Бірақ бәрібір жағдай нашарлайды. Дегенмен де Данияр Ақышевтің бір доллар үшін теңге бағамын 250-ге алып келетін мүмкіндігі бар», – дейді «Азат» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Петр Своик. 6 қарашада белгіленген баспасөз мәслихатын кейінге қалдырған бас банкир өз саясатын әлі жариялаған жоқ. Орынбасары да бастығының жоспарлары туралы қандай да бір мәлімдеме жасаудан бас тартты. «Ұлттық банк жуық арада бұл жағдайға байланысты журналистерге толық ақпарат беретін болады. Менің бұл аптада барлық уақытым Сенатта заңнама талқылаумен өтеді», – деп қысқа қайырды Қуат Қожахметов. Жұрт жаңалықтың қандайына болса да іштей дайын. Жаңа төраға көптің төзімін сарқымайды деп сенейік.