Ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесі түбегейлі өзгереді
Ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесі түбегейлі өзгереді
ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаржыландырудың қолжетімдігін арттыру үшін заң жобасы аясында қолданыстағы қаржы тетіктерін жетілдіру және жаңаларын енгізу көзделген. Ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесі түбегейлі өзгеретін болады. Міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға, сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға көшу жүзеге асырылады. Сақтандырудың қолданыстағы тетігі салада тәуекелдерді басқарудың тиісті деңгейін қамтамасыз етпейді деп айтуға болады. Егіс алаңдарының жартысы да сақтандырумен қамтылмайды», - деді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.
Оның сөзіне қарағанда, 2018 жылы 43 пайызға ғана сақтандырылған.
«Сақтандырудың 70 пайызын өзара сақтандыру қоғамдары жабады. Оларды тиісті бақылаудың жоқтығы - тарифтерді белгілеу, сақтандыру сыйақыларын жинау, сақтандыру төлемдерін төлеу бөлігінде заңнаманы бұзуға әкеледі. Міндетті сақтандырудың келеңсіз тәжірибесін ескере отырып, ерікті сақтандыруға көшу туралы шешім қабылданды. Сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға көшу - агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін сақтандыруға қолжетімділікті арттырады. Өйткені сақтандыру полисі екінші дейгейдегі банктерден қарыз алуда қосымша кепілдік бола алады», - деді министр.