Жаңалықтар

Бақыт Сұлтанов пен Елжан Біртанов әр пациенттің хал-жағдайын білді

ашық дереккөзі

Бақыт Сұлтанов пен Елжан Біртанов әр пациенттің хал-жағдайын білді

Елорда әкімі мен денсаулық сақтау министрі әр пациенттің хал-жағдайын білді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кеше ірі жол-көлік оқиғасының салдарынан зардап шеккен азаматтар ем қабылдап жатқан қалалық №2 көпбейінді ауруханада болып қайтты. Елорда әкімі мен денсаулық сақтау министрі әр пациентке барып, оның хал-жағдайын сұрастырды. «Тезірек жазылуыңызды тілеймін. Сізге біліктілігі жоғары үздік дәрігерлер көмек  көрсетіп жатыр. Айығыңыз!», – деді Бақыт Сұлтанов. Аурухананың бас дәрігері Иван Лидің айтуына қарағанда, қазір станционарда 13 адам ем қабылдауда. Олардың сегізінің жағдайы орташа (олар травматологиялық бөлімде емделуде). Екі пациент кеуде бөлігінің хирургиясы бөлімінде. Үш адамның жағдайы ауыр. Олар жан сақтау бөлімінде жатыр. «Кеше біз өмірге қауіп төндіретін белгілер бойынша 5 ота жасадық. Бұл өте күрделі операциялардың  спектрі болды. Атап айтқанда, ішастар ішіне қан кетуді тоқтату, мелжемделген аяқ-қолдың металлоостеосинтезі, ампутация сияқты оталар. Бір әйелдің аяғына, өкінішке орай, ампутация жасауға мәжбүр болдық», – деп мәлімдеді Иван Ли. Аурухананың бас дәрігерінің айтуына қарағанда, кейбір пациенттер ұзақ ем қабылдауы керек. Ал енді бірін 7-10 күннен кейін үйіне жібереді. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, кеше таңертең Қабанбай батыр даңғылында 3 автобус пен бірнеше жеңіл көліктің қатысуымен жол көлік оқиғасы орын алған болатын. Қала маңына қатынайтын № 303 бағдарлы автобус № 12 бағдарлы автобусты соқтығысқан-ды. ЖКО-ның нәтижесінде екі адам мерт болып, түрлі жарақат алған 36 адам ауруханаға жатқызылды. Елорда әкімі апат салдарынан қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, тиісті органдарға оларға және апаттан зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. ЖКО-ның себептері анықталып жатыр.