Абайдың "Қара сөздері" моңғол тілінде сөйледі

Абайдың "Қара сөздері" моңғол тілінде сөйледі

Абайдың "Қара сөздері" моңғол тілінде сөйледі
ашық дереккөзі

Кеше Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігі мен Моңғолия Ғылым академиясының ұйымдастыруымен  Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойы атап өтілді. Шара аясында ақынның моңғол тіліне аударылған «Қара сөздері» таныстырылды. Бұл туралы Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.  

 Шараға Моңғолияның қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ғылыми орта және бұқаралық баспасөз құралдары өкілдері қатысты.

Өзінің кіріспе сөзінде ҚР-ның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қалыбек Қобыландин Абайдың «Қара сөздеріндегі» философиялық ойлар мен пікірлердің өзектілігін атап көрсетті. Қазақстандық дипломатиялық өкілдіктің басшысы Моңғол ғылым академиясының басшылығына таныстырылымды ұйымдастыруға және өткізуге жәрдемдескені үшін алғыс айтты, әсіресе ғалым-аудармашы, профессор, Моңғолияның еңбек сіңірген дәрігері Маналжавын Шагдарсурэннің еңбегін және Қазақстан мен Моңғолия арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Өз кезегінде Моңғолия ғылым академиясының вице-президенті Тувдийн Дорж Қазақстанның жас ұрпағын тәрбиелеуге бүгінгі күнге дейін баға жеткісіз үлес қосып отырған Абай кітабының моңғол тілінде жарық көруі моңғол жұртшылығының ұлы қазақ ақынының шығармаларымен жақынырақ танысуына мүмкіндік беретініне сенімін білдірді. Шарада сондай-ақ, Моңғолияның көрнекті қоғам қайраткерлері, академик, тарих ғылымдарының докторы Ислам Қабышұлы, профессор Асай Рамиш, жазушы және дипломат Сұлтан Тәукей сөз алып, Абай мұрасы туралы ойларын ортаға салды.