Елордадағы жол апаты: Мерт болғандардың отбасына материалдық көмек беріледі

Елордадағы жол апаты: Мерт болғандардың отбасына материалдық көмек беріледі

Елордадағы жол апаты: Мерт болғандардың отбасына материалдық көмек беріледі
ашық дереккөзі
«Astana LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов елордадағы жол апатында мерт болған автобус жүргізушісі мен жолаушысы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, жүргізуші Абай Оспанов таңғы 6.30-да рейске шығарда медициналық тексеруден өткен және денсаулығынан еш кінәрат байқалмаған. «Сонымен бірге, жүргізуші 2018 жылы желтоқсан айының соңында да медициналық тексеруден өткен. Денсаулығы жақсы болған. Ұжымда үлгілі қызметкер болған. 2018 жылы ешқандай жол тәртібін бұзбаған. Қоғамдық көлік те жоспарлы техникалық тексеруден өткен, ақау болмаған. Апаттың нақты себептері сот-медициналық сараптама нәтижесінде анықталады. Ол үшін арнайы комиссия құрылды», - деді Б. Игенбердинов Астана әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында. Жүргізушінің артында төрт баласы қалды, олардың ең үлкені - 17 жаста. «Апатта көз жұмғандардың туыстарына барлық материалдық көмек көрсетіледі. Сонымен бірге, жолаушы Айзат Нұркенованың Қарағанды облысында туғаны анықталды. Оның денесін Қарағандыға жеткізуге көмек беріледі. А. Нұркенованың артында бір баласы қалды», - деді Б. Игенбердинов. Еске сала кетсек, елордадағы жантүршігерлік көлік апатынан зардап шеккендер саны 27-ге жетті.  Соңғы мәліметке сәйкес, зардап шеккендер саны 36 адамға жетті. 26 наурыз күні Ұлы Дала мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысында үш автобустың және жеңіл көліктердің қақтығысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Қала маңы бағдарындағы № 303 автобус № 12 бағдардағы жолаушылар автобусымен соқтығысты. Осының екпінімен олар № 53 автобусқа және жедел жәрдем көлігіне барып соғылды.