Жаңалықтар

Мәнерлеп сырғанау: Елизабет Тұрсынбаева өз өнерін Денис Тенге арнады

ашық дереккөзі

Мәнерлеп сырғанау: Елизабет Тұрсынбаева өз өнерін Денис Тенге арнады

Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында жоғары орын алғандар галабағдарламада өз өнерлерін көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Осы әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанған қазақстандық Елизабет Тұрсынбаева өз өнерін өмірден ерте кеткен Денис Тенге арнады. Елизабет Қазақстанның көк байрағын сан жарыста биікке желбіретіп, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының жүлдегері атанған Денис Тенге деген құрметін осылайша білдірді. Д.Тен 2013 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан тарихында алғаш рет күміс жүлдегер атанды. Сочиден кейін 2015 жылы дүниежүзілік додада қола медальге де ие болды. 25 жасында қарақшының қолынан қаза таппағанда, Денистің алар биігі аз болмас еді. Ал Е.Тұрсынбаева қазақ қыздары арасында тұңғыш рет әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Оған қоса Этери Тутберидзенің шәкірті осы дүниежүзілік додада төрт айналымдық сальхов элементін алғаш орындаған мәнерлеп сырғанаушы ретінде есімін тарихқа жазды. Элизабеттің әкесі Байтақ Тұрсынбаевтың сөзіне қарағанда, қызы енді жарақаттарынан толық емделеді. Содан кейін жаңа асулар күтіп тұр. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Элизабет Тұрсынбаеваның әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.