ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: «ТҮРКІСТАНДЫ КӨЗІМІЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ САҚТАП, ДАМЫТУЫМЫЗ КЕРЕК»
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: «ТҮРКІСТАНДЫ КӨЗІМІЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ САҚТАП, ДАМЫТУЫМЫЗ КЕРЕК»
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарында Түркістан облысының атқарушы орган басшыларымен, ардагерлер және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Қазақстан Президенті алдымен жұртшылықты мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Ең алдымен, баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы 19 наурызда, көктемнің шуақты күнінде бәріміз еліміздегі тарихи оқиғаға куә болдық. Мемлекет болашағын ойлаған Тұңғыш Президентіміз маңызды шешім қабылдады. Осындай сындарлы кезеңде Елбасын және мені қолдаған барша халқыма ризашылығымды білдіремін.
Мемлекет басшысы осы жиында қоғамдағы негізгі мәселерерге тоқталып, сабақтастық, әділеттілік, ілгерілеу ұстанымдары бойынша жұмыс істейтінін айтты.
«Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау. Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек. Орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланатын болады. Сондықтан басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Жемқорлықпен күрес күшейе түседі» деген Президент жастарды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жұмыс істеу жөнінде тапсырма берді. Сонымен бірге бюджет қаржысын үнемдеу, ол үшін имидждік іс-шаралар мен жиындарды азайту керектігін ескертті.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Өңірімізге арнайы келіп, тыныс-тіршілігімен танысқаныңызға алғысымыз зор. Түркістанға деген құрметіңіз бен қамқорлығыңызға рахмет. Ел сенімін ақтау, және бүгінгі мәжілісте Сіз айтқан бастамалар мен тапсырмалар бойынша нақты жұмыстар атқаратын боламыз», – деді.
Жиында «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, танымал жазушы Мархабат Байғұт Президенттің алғашқы жұмыс сапарын Түркістаннан бастағанына ризашылығын білдіріп, Елбасымыз өкілеттілігін тапсырарда айрықша саяси мәдениет пен парасатты шешім қабылдағанын атап өтті. Сонымен бірге Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов пен айтыскер-ақын Маржан Есжанова да жүрекжарды лебіздерін айтып, Мемлекет басшысының Қазақстанның және Түркістанның дамуына үлес қосатынына сенетіндерін жеткізді.