Жаңалықтар

Мұз бен гүл

ашық дереккөзі

Мұз бен гүл

«Тоғанай Т» баспасынан белгілі тараздық қаламгер Болат Мәуленовтің шығармашылық ізденістері нәтижесінде дүниеге келген бұл кітапқа әр жылдарда мерзімді басылымдарда жарық көріп, оқырман жүрегінен орын алған очерктер, сұхбаттар және толғаулар жинақталған. Қазақ баспасөзінің жанрлық ерекшеліктерін сақтап, көркем тілмен жазылған шығармаларына автор өзі көзбен көріп, жүрекпен сезіп, көкейіне тоқыған дәуір шындығын арқау етеді. Кітапқа ғасыр тоғысындағы заманауи өзгерістер кезеңінің тарихы мен тағылымы арқау болады.Кітап көпшілік оқырманға арналған. Соңғы кездері «жазмыштан озмыш жоқ» екеніне, бәрі-бәрі біз түсіне бермейтін сыртқы күштердің қалауымен болып жататынына сене бастағандаймын. Өйткені әу баста дүниеге келу-келмеуді таңдай алмайтын адам-пенделер әсілі ата-анасын, туыстас-бауырласын, тіптен бар-ау, бақшалас, сыныптас, курстас достарын да таңдай алмайтыны рас қой. Сондай басымызды тағдыр қосқан курстастардың бірі де бірегейі Болат дос Мәуленовтің қолжазбасын қарап отырып әрі-сәрі күй кешейін. Болашақта жарық көрмекші қолжазба «Мұз бен гүл» деп аталады. Неге «Мұз бен гүл»? Иә, өткен жыл біздің курстастар үшін аса бір ауыр жыл болды. Онсыз да қатары селдіреп қалған достардың ішінен алдымен Алпысбай мен Әлімжан, артынша Сағидолла-Сәкен мен Ержұман өтті өмірден. Осындай ауыртпалығы мол уақытта дайындалған қолжазбаның аты «мұз» болмағанда қайтсін-ай... Ал «гүл», «гүлі» несі?.. Біздің жас күнімізде журналистика факультетіне қабылдау үшін ең алдымен абитуриенттің өмірбаянына қарайтын. Иә, өмірбаян. Астанаға арман арқалап келген біздің арамызда теңізші формасын киген екі жігіт болды. Желкесінде ақ лентасы желпілдеп жүретін екеу емтиханға кіргенде оқытушылардың өздері елпілдеп қалатынына қызғана да, қызыға қараушы едік. Осыдан аттай қырық жеті жыл бұрын Болат дос екеуміз Орталық поштаның бұрышында бәліш жеп, әңгіме соғып тұрғанбыз. Кенет Бас корпустың алдындағы орындыққа келіп жайғасқан Ержұманға көзім түскені. Курстасымыз иығына асып алған қара сөмкесінен бір бөтелке айран мен нанын шығарып, асығыс-үсігіс ішіп-жей бастады. «Жұрттың баласын қарашы... Енді кітапханаға қарай тартады» деді Болат. Әңгіменің уақыт үнемдеу мәселесіне тірелгенін сеземін. «Түптің түбінде, көресің, бәрімізден осы жігіт озады» деді Бөкең сенімді түрде. «Ол неге озуы керек?» деймін ғой баяғы. «Өйткені ол... матрос!» «Ал сен ше?.. Сен де матрос емеспісің?..» «Әй, маубас, салыстыратын нәрсені тапқан екенсің, ол мен секілді ашық теңізде жүзді деймісің, үш жыл бойы мұхит тереңінде, сүңгуір қайықта бүктетіліп отырған ғой. Алдымен шыдам, сосын төзімділік керек»... Сонымен курстағы екі матростың арасындағы сырт көзге байқала бермейтін бәсеке басталсын да кетсін... Алғашқы курстың екі семестрін де біздің матростарымыз бірыңғай бестік бағамен аяқтап, нағыз теңізшілерге тән төзімділік танытқан. Ал одан ары... Болат екеуміз бір қыста үш пәтер ауыстырдық. Ең қызығы, от жақпайтын үйде қыстап та шықтық. Суық үйдегі бір адамдық темір керуетте дірілдеп тоңып қатар жатамыз. Ал Ержұман болса сол жылы Лениндік стипендият атанып, аттай жүз сом айлық алатын болған. Ол аз болғандай өзінің сыныптасы Жақан сұлуды Алматыға алып келіп дүкенші етіп орналастырған. Мен де қумын, қарын ашқан, бас ауырған кездері Луганский көшесіндегі Жақанның дүкеніне қарай тартып тұрам... «Жеңешелеп» тұрған қуаяқтан несін аясын теңізшінің жан жары... Оқу бітірген соң Ержұманымыз Алматыда қалды да, Бөкең өзінің Жамбылына, сол Жамбылда жолын тосып отырған Шолпанына жол тартты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – теңізшілер арасындағы бәсекеде кімнің озып шыққанын сезіп те отырған боларсыз. Бір кезде еліміздегі жалғыз университет болған КазГУ-дің Журналистика факульетінен жолдама алғандардың ішіндегі ең таланттылары біздің курстастар екенін бүгінде әркім-ақ мойындайды. Сол курстардың ішінде өмірден ертерек озып жатқандары да біздің курстастар болып тұрғаны өкінішті. Мұндайда ішің қазандай қайнап, ал жүрегің мұз болып қатпағанда қайтсін. Осымен Болат достың кітабының неліктен «Мұз» деп аталғаны түсінікті болып та қалған шығар. Ал «гүл», «гүл» ше?.. Жақында Ержұманның жылын өткіздік. Ас үстінде әңгіме арқауы айналып келіп Ерекеңнің ерекше еңбекқорлығына келіп тіреле берген. Еңбекқорлық болғанда мың адамның біріне ғана бітетін ерен еңбеққорлық. Бәлкім, бейнетқорлық шығар. Бірбеткей мінез. Бірсүйер қасиет. Кәдімгі өзіміз кинодан көріп, кітаптан оқып өскен теңіз тарландарына ғана тән қасиет. Ал менің Болатым ше? Ерекең секілді Болаттың да журналистік өмірбаяны мен қаламгерлік тағдыры көпшіліктің көз алдында өтіп жатыр. Сол баяғы қалам ұстаған қауымның маңдайына жазылған ауыр бейнет, ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндер. Сосын... Тағдырдың жазуымен қатар жүріп, қатар оқыған екі достың өмір жолы қандай ұқсас десеңші. Оқуға дейін екеуі де ұлы теңіз үстінде тербетіліп, ширап, шынығып өскен. Ерекең Алатаудың бауырында, Болатымыз Бетпақшөлдің төсінде қой соңынан салпақтап, қиялға батқан. Екеуіне бірбеткей мінез, бірсүйер қасиет қайдан жұққан десеңші. «Бір бейнеттің артында бір зейнеті болады» деуші ме еді? Бірсүйер Ерекеңнің Жақаны, бірсүйер Болаттың Шолпаны бар. Екеуінің де ұрпағы ақылдасып алғандай дәрігерлік пен сот мамандығын таңдағанын қарашы. Бұған шаршап, шалдығып келгенде алдыңнан аталап шығар алтын асықтай немерелерді қоссаңыз Болат достың «Мұздан» басталған кітабы не себепті «Гүлмен» аяқталатынын сезесіз.

Серік БАЙХОНОВ