ҚАЗАҚ  БАСПАСӨЗІНІҢ  ТОЙЫ

«Túrkіstan» халықаралық газетінің 25 жылдық мерейтойына орай республикалық БАҚ өкілдері мен баспасөз хатшылары арасында боулингтен турнир өтті. Аталған шараға елуге жуық журналист қатысып, 7 топқа бөлініп бақ сынады. Мұндағы мақсат – тілші қауымы арасындағы ауызбірлік пен ынтымақты арттырып, әріптестік байланысты жандандыру.

6

2 сағатқа созылған тартысты ойында телеарна, радио, газет, журнал, интернет сайт, баспасөз хатшыларынан жасақталған құрамалар өзара бақ сынады. Сайдың тасындай іріктеліп алынған 7 топтан үш топ айқын басымдықпен жеңіске жетті. Сонымен, «QAZAQSTAN» ұлттық арнасынан Алмат Әбдіраман, «Хабар» телеарнасынан Жандос Айтбайұлы, «Астана» телеарнасынан Ришат Асқарбекұлы, «Алматы» арнасынан Арнат Байсеитов және Әріпжан Әли бастаған тележурналистер ешкімге дес бермей І орынды иеленді. ІІ орын газет журналистерінің қанжығасына байланды. «Алматы ақшамы» газетінің бөлім редакторы Нұрлан Сүйін, Мәншүк Бекбосын, «Жас қазақ» газетінен Ғалия Қалиева, Айдос Хұсейінұлы, «Túrkіstan» газетінің тілшісі Ахмет Өмірзақ бастаған газет журналистері қырағылығымен көзге түсті. ІІІ орын «Abai.kz» порталының бас редакторы Қанат Әбілқайыр бастаған интернет сайт тілшілеріне бұйырды. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықпен және «Túrkіstan» газетінің арнайы дипломымен марапатталды. Марапаттау рәсімінде сөз алған басылымның бас редакторы Қуат Әуесбай: «Túrkіstan» халықаралық газетінің тойы – қазақ баспасөзінің тойы. Сондықтан осы жылы мерекелік шаралар әлі де көптеп өтпек. Соның алғашқыларының бірін қолына қалам ұстаған әріптестерімізбен атап өткенді жөн көрдік», – деді. Белгілі кәсіпкер Дулат Тастекеевтің демеушілігімен өткен шарадан журналистер естен кетпес әсер алғанын айтады. Өз ойын ерекше толқыныспен жеткізген PR-менеджер Ербол Азанбек: «Túrkіstan» газеті десек ойыма Қазақтың Қалтайы атанған Қалтай Мұхамеджанов түседі. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында түркі жұртының шоқ жұлдызы іспетті жарқ етіп, баспасөз қазанына түскен басылым өз биігінен қай кезеңде де түскен емес. Әрдайым ұлт мүддесі мен халық сөзін сөйлеп, түркі дүниесіне ортақ айтулы дүниелерді насихаттап келеді. Жігіт жасына жеткен «Túrkіstan»  ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтаймын», – деді.

4

Back to top button