ҚАЛИ СӘРСЕНБАЙ: ҚОҒАМНЫҢ БАЙЛЫҒЫ – ДАРЫНДЫ АДАМДАР

ҚАЛИ СӘРСЕНБАЙ: ҚОҒАМНЫҢ БАЙЛЫҒЫ – ДАРЫНДЫ АДАМДАР

ҚАЛИ СӘРСЕНБАЙ: ҚОҒАМНЫҢ БАЙЛЫҒЫ – ДАРЫНДЫ АДАМДАР
ашық дереккөзі
Қазақ баспасөзінің абызы Шерхан Мұртазаның «шекпенінен» шығып, бүгінде сол ізді жалғастырып жүргендердің қатарында Қали Сәрсенбайдың орны ерекше. «...Сенің жазуыңда культура бар» деп Әбдіжәміл Нұрпейісов айтқандай, мәдениетті, дегдар адам кім десеңіз де, бірден Қали аға ойға оралады. Қашанда байыпты, байсалды мінезімен ой сабақтап, әңгіме өрбіткенде сағаттап тыңдай бергің келеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президент сыйлығының лауреаты, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай Ұлыстың ұлы күні – 22 наурыз күні дүниеге келіпті.

«Қасиетті қара шалдардың арқасы»

 – Қали аға, Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Қазақ даласы Наурыз мейрамын атап өтуге кірісіп кетті. Өзіңіз де дәл ұлы мереке күні туған қаламгерсіз. Демек, бұл мейрам көп нәрсені еске түсіретін шығар... – Бүгін киелі жер – театрда отырмыз. Бұл – өнердің ордасы. Бұл жерде біздің қасиетті қара шалдардың табанының ізі қалған. Қасиетті қарашаңырақ салынғанға дейін әкемтеатрдың орны екі жерде болды. Әлі есімде, Абылайхан мен Қабанбай көшесіндегі театр үйіне спектакль көруге асыға жететін едік. Кейіннен сол орын өртеніп кетті. Бірақ тарихи орын ретінде сақтап қалғанда жақсы болар ма еді деген ой келеді. Одан кейін ұжым бүгінгі Ғ.Мүсірепов атындағы театрда өнер көрсетті. Кейіннен осы театр салынды. Алматының рухани, ұлттық құндылықтары шоғырланған жері көп емес. Соның ең бастысы – осы театр. Біз театр мен кітапханадан шықпайтын едік. Алматыда қазақылықты, қазақ тілін ұстап қалған бірден-бір орда – театр. «Әй, бүгін қойылымда кім ойнайды екен?» деп бір-бірімізден сұрастырып, Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, т.б. ойнайды десе, тұра ұшатын едік. Солардың арқасында өнерді сүйдік, шығармашылықтың әліппесін білдік. Егер бойымызға бір қасиет дарыса, там-тұм дүние жазған болсақ, елге азды-көпті еңбегіміз сіңіп жатса, ол – ең алдымен қасиетті қара шалдардың, осы театрдың арқасы. Міне, әсем шаһарда, оның қасиетті орнында Наурыз өзгеше сипатта атап өтілуде. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Наурызды әлемдік деңгейде қалай тойлау керектігін көрсетуіміз керек деді. Наурыз – ас ішіп, аяқ босату емес. Наурызда барлық ұлттық болмысың жаңарады. Наурыз – рухтың тазаруы. Баяғыда әжем таң атпай тұрғызып алып, Наурызға дайындық жүргізетін. Маңайды тазалатып, сырлатып, үйге үт кірсін деп терезелерді ашып тастайтын. Үт дегеніңіз, кәдімгі үлпілдеген жібек жел ғой.

«Отызға толмаған адамдар «халқым» деп сөйлейді»

– Бұл Наурыз тойының сол сіз ауылда көрген Наурыз мейрамынан айырмашылығы байқала ма? Сіздіңше, жаңаша үлгіде атап өту дегенге не жатады? – Жаңаша сипат – қазіргі қоғамның форматына сай дегені ғой. Шын мәнінде, ол көрініп тұр. Бұрынғыдай көп сөз жоқ. Мұндайда өз өнеріңді, мәдениетіңді көрсету керек. Мысалы, қалада қызмет істейтін қаншама театр бір-бірімен қауышып, көрісіп жатыр. Наурыздың ең мақсаты – елдің бірлігіне қызмет ету. Меніңше, бүгін сол көрінді. Сосын қайырымдылық жұмыстар қатар жүріп, балаларға сыйлық берілді. Өзім де мәслихат депутаты ретінде әр мереке сайын балаларға сый-сияпат жасап тұрамын. Сондықтан Наурыз – бірлік, ынтымақ, қайырымдылық мейрамы. Қазір бұл мейрамды әлемдік деңгейде тойлап жатыр. Мысалы, Лос Анджелес қаласында осымен алтыншы рет тойлануда екен. Калифорнияда да солай. БҰҰ шешімі бойынша әлем бойынша халықаралық мереке күні болып жарияланды. Сондықтан бұл мерекенің маңызы да ерекше. Кеңес үкіметін жамандай береміз ғой. Сол кезде де белгілі бір ұлттың өзін биік санайтын жерлері болды. Әрине, басқа ұлттарға қысым жасау көрінді. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ Кеңес үкіметінің тәрбиесі мен өнегесін ұмытпаған жөн. Ол кезде әр үйге шам алып кіріп, «сен Наурызды тойлама» деген жоқ. Дәстүр сол кезде де болды. Ауылдағылар айттап келіп, көрісіп жататын. Егер дәстүрге тыйым салса, қазақ тілін құртуға кіріскен болса, осы кезге дейін қазақ қалмас еді. Қазақтың жойылып кету қаупі өте күшті болды. Бірақ оны дәстүр сақтап қалды. Дәстүр бар жерге жын-шайтан жоламайды. Үнемі шығыстағы үш ел – Жапония, Қытай, Корея туралы оқып, танысып отыруға тырысамын. Осы үш мемлекет өз дәстүрі арқылы дамуда. Тіпті, бұрынғы дәстүрін жаңғыртып, жаңаша көзқараста дамытуға кіріскен. 1995 жылдары Жапонияның 14 қаласын араладым. Бізде компьютер деген атымен жоқ заман. Бір күні Токиода келе жатыр едік, пошымы өзгеше үйге көзім түсті. Бас­таушыдан «бұл не үй?» деп сұрап едім, «кіріп-шығайық, сосын түсі­несіз» деді. Әр тұста жамырап жас­тар отыр. Қызу пікір талас. Шамасы 20-25 арасындағы жастар. «Бұлар не деп қызыл кеңірдек болып жатыр» деймін ғой. Сондағы әлгілердің ойы «Жапонияны қайтсек алға сүйрейміз, мына дәстүр тозды, мына жаңалық ескірді, жаңасын ойлап табу керек» дегенге саяды. Ал біздегі клубтарда не болып жатқанын сендер жақсы білесіңдер. Көрдіңіз бе, өрімдей жастар елдің келешегін ойлап шырылдап жатыр. Ал біздің осы жастағы адамдар «халқым» деп сөйлеп, сандалып жүр. Бұл дәстүрді қатты ұстанатын ел. 13 жасқа дейін балаға басқа тілді оқытпайды. Өз тілінде оқытып, өз тілін құрметтейді. Қазақ «Он үште – отау иесі» дегенді не үшін айтқан? Қазақ мүшелге көп мән берген. Біреулер бұл үйленіп, әмеңгерлікті ұстап қалу деп ыржың-ыржың етеді. Бұл олай емес. Он үште тай мініп, елге сөз айтатындай жағдайға жетесің. Он үшке дейін бала қалыптасып бітеді. Кеше Қаз дауысты Қазыбек би 13 жасында билік айтқан жоқ па? Қалмақпен арада қандай сөз айтты? Егер 13-ке дейін дәстүрін игеріп, тілін жақсы білген бала әрі қарай қанша тіл білсе де, негізін сақтап қалады, ешқашан ұмытпайды. Елжандылық деген нәрсе сол 13 жасқа дейін қалыптасады. Кәдімгі даланың оқымаған қарттарының өзі қандай қазына еді?! Нағыз даналықтың көзі. Баяғы Демосфен, Цицерон, Талейрандармен біздің Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би пара-пар емес пе? Кеше өзіміз көрген шалдардың әңгімесі қандай еді?! Қазір көбісінің көзі кетті. Солардың орнын басатын ұрпақ тәрбиелеу керек.

 «Жоғары оқу орындарының бағдарламасына «Тұлғатану», «Шешендік өнер» пәндерін енгізу керек»

 – Олардың орнын басатын ұрпақ қашан тәрбиеленеді? – Тұлға деген әңгіме осыдан келіп шығады. Қазақ адамды сөзінен таниды. «Мынаның сөзі ірі екен» дейді. Сөз ұстаған адам елді де ұстайды. Қазақ көшті сөзбен бастаған, сөзбен ұйытқан. Сондықтан шешендік өнер керемет дамыған. Қазір сөздің де қасиеті кетіп тұрған заман ғой. Қазіргі жастар өте сауатты, көп біледі, тілді меңгерген. Оған таласа алмайсың. Бірақ сол білімін өз тілінде жеткізе алмайды. Орыс, ағылшын тілінде айтады да, қазақша елге жеткізіп айта алмайды. Баяғыда шешендік өнер деген болды. Қазір сол ЖОО-да жоқ. Егер «Тұлғатану» пәнін, шешендік өнерді қайта енгізсек, оқымысты, көпті білетін жастар ойын анық жеткізе алады. Бұл пәнді барлық факультетте оқыту керек. Сосын тұлғалармен кездесуді жандандыру қажет. Кезінде журналистика факультетінің жатақханасы мен аудиториялары кездесуден босамайтын. Журфак университет ішіндегі университет сияқты еді. Мысалы, қазірдің өзінде мықты деген тұлғаларды оқу орындарына ақы-пұлсыз-ақ дәріс оқуға шақырсыншы, олар қуана-қуана барады. – Сіз үшін әсем қала Алматының, ондағы мәдениет және руханият өкілдерінің орны бөлек екені әңгімеңіздің бісмілләсінен-ақ байқалады. Оның үстіне «мың жасаған шаһардың шамшырағы» аталған газетті басқарып келесіз. Меніңше, сіз сол махаббатыңызды «Алматы ақшамының» кітапханасы» сериясымен жарық көрген дүниелер арқылы дәлелдеп жүргендейсіз. Солай ма? – Біз тұлғаға үнемі оралып отыруымыз қажет. Неге екені белгісіз, тұлға туралы мерейтой кезінде ғана айтылады, жазылады. Әсіресе, басылымдар тұлғатану туралы ұдайы жазуы керек. Тұлғаны жазу арқылы ұрпақтың танымдық деңгейін тәрбиелейміз. Тұлға – бағыт беруші. Тұлғатану – ұлттың болмыс-бітімі. Сондықтан қазір рухани қажеттілік өтелмей жатқан кезде тұлғаға көп мән беру керек. Алматыға күн сайын сөз арнайтын, бары мен жоғын түгендеп, шамшырағы іспетті болып отырған жалғыз басылымы «Алматы ақшамы» газетінің де орны бөлек. Жұмысты тұлғаларға бет бұрудан бастадық. Марқұм Әшірбек Сығай Қапан Бадыровтың күнделіктерін табыстады, Асанәлі Әшімовтің күнделіктері жарық көрді. Бұл бетбұрыс Сәбит Оразбаевтың естелік-әңгімелеріне ұласты. Кешегі күннің әңгімесін бүгінгі тірі шежіре Асекеңдер, Сәбеңдер айтпаса, ертең ол әңгімені біреулер өтірік айтуы әбден мүмкін. Бұл кісілер Қаллеки, Шәкен, Елубай, Серкелерден бастап бәрінің көзін көрді, әңгімесінің де өзін асқақ, өзгені аласартып көрсететін пендәуи пиғылмен емес, биік пайыммен парасатты айта біледі. Сөйтіп жүріп осы «Ақшамның» ішінен-ақ «Алматы ақшамының» кітапханасы» сериясымен Асекеңнің  көптомдықтары, Сәбеңнің «Өмірдің өзі  – театр», «Тазарғың келсе, театрға бар» деген екі кітабы жарық көрді. «Ақшамның» ел аузында жүрген айдарлары кітаптың атауына айналып шыға келді. Шынтуайтында, өткенді, тұлғасын ұмытқан адамның әрі қарай өсуі екіталай. Осыдан келіп «Тұлғатану» деген пән енгізілсе деген ұсыныс айттық. Мысалы, дамыған елдерде, соның ішінде Жапонияда мектепті бітірген балалар өзінің тұлғаларын біліп шығады. Былайша айтқанда, жоғары оқу орнына дайын боп барады. Олардың қыр-сырын, құпиясын, өмірін жетік білмесе де, жалпы мағлұмат алып шығады. Меніңше, бұл пәнді мектепке енгізу қажет. Сол Жапонияға барған сапарымда мектеп оқушыларына арналған кішкентай кітапшаларды көзім шалды. Өз елінің тұлғалары туралы, Жапонияның тарихы туралы өте түсінікті тілмен жазылған. Неге осы үрдісті бізге енгізбеске?! Бұл бүгін айтылған мәселе емес. Қазір «Тұлғатану» бойынша кейбір ЖОО-да кафедралар ашылды, арнайы орталықтар бар. Бірақ әлі де болса, кемшін.

«Ортаңқол таланттар  алға шығып кетті»

«Тұлғатануға» атсалысқан қаламгер ретінде кімдерді жаздыңыз, кімдер туралы жазылу керек деп ойлайсыз? – «Тұлғатану» сериясы бойынша Асанәлі Әшімов, Шерхан Мұртаза сияқты талантты тұлғалар туралы шағын кітаптарым шықты. Алдағы уақытта Өзбекәлі Жәнібеков, Қадыр Мырза Әлі, Әйткеш Толғанбаев, Амангелді Сембин туралы жазсам деймін. Осы тізімнің соңындағы Амангелді Сембин деген әнші елеусіз кетті. Алғаш рет «Егемен Қазақстан» газетінде «Сол жайсаңдар қайда екен?» деген айдар ашып, «Қарғаш» деген эссе жаздым. Бұрын көзден таса болған таланттарға іздеу салдым. Ол кезде Амангелді Т.Жүргенов атындағы академияда жәй кафедра оқытушысы болып жұмыс істейтін. Ән пәнінен оқулық жазумен айналысты. Арнайы іздеп барып, әңгімелестім. Осы процесті жалғастыра беру керек. Тарихты жасайтын тобыр емес, тұлға. Кейбір тұлға туралы жазғанда оның өмірінен алатын тағылым, өнеге көп. Ол туралы жазған кезде қаламың жүрдек болады. Қиналмайсың. Ал енді бір тұлғалар туралы жазайыншы деп, қолыңа қалам алсаң, бірауыз сөз таппай, ит боласың. Бұл не деген сөз? Себебі, мұндайлар қолдан жасалған тұлға. Қазір сондайлар көбейіп барады. Олар халыққа не береді? Мысалы, қоғамда ортаңқол таланттар алға шығып кетті. Ол билікке ұнауы мүмкін. Қашанда өресі биік тұрған адам ойланып, айналасына екі шоқып бір қарайды. Ал ортаңқол таланттар биік біреудің нұсқауымен жүреді. Жаппарқұл сияқты жұмыс істей береді. Бірақ қоғамға танымал. Қоғамды, ұрпақты осындай адамдар тәрбиелеп, қазір қоғамның деңгейі осындай болып тұр. Ғабеңше айтқанда «Авгийдің атқорасынан» қоғамды тазарту керек. Бұрын көркемдік кеңес деген болатын. Қазір тұлпар қайсы, мәстек қайсы, ажырата алмайтын болдық қой. Өнерде еңбекқор және талантты адамдар болады. Екеуін шатастыруға болмайды. Біреулер таза еңбегімен көрінеді. Ал талантты адам мүлдем бөлек. Еңбекқор адам уақыт өте келе ұмытылып кетуі мүмкін. Талантты адам ұмытылмайды. Пендешіліктен биік тұрмаған талант таусылады. Демек, қоғамда талантты тану, бағалау, бардың бағасын, жоқтың қадірін білу деген нәрсе ең бірінші тұруы керек. Қоғамның деңгейін көрсететін руханият пен өнер және соның дарынды өкілдері. Шетелде, әсіресе, АҚШ-та талантты қорғайтын арнайы агенттік бар. Күні-түні жұмыс істейді. Олар сол таланттың бүкіл өмірін бес саусақтай біліп,қадағалап отырады. Себебі, қоғамның байлығы – дарынды адамдар. Қоғамды ұстап тұрған солар. Бұл талантты адамдар қоғамда қорғансыз қалды деген әңгіме емес. Құдайға шүкір, қара халық таланттың бағасын біледі, ал ол мемлекеттің қамқорлығында болуы керек. Талантты адамдар біреудің алдына баруға қорсынады. Газет бетінде «Біз білмейтін қазақтар» атты айдар бойынша жазылып та жатыр. Сондықтан күнделікті ағымдағы ақпараттардың құрсауынан оқырманды құтқару үшін осындай ізденістерге бару керек. Классикалық журналистикаға оралу керек. Газеттің интелллектуалдық, элиталық деңгейіне басымдық беру керек. Халықтың деңгейін көтеріп, талғамын қалыптастыру үшін осындай бағытта жұмыс істеу керек. Біздің басты ұстанған принцип осы.

«Бас салып ананы-мынаны жамандасам, газетім оқылады деу тобырлық сананың түрі»

– Газет демекші, енді журналистикаға ауыссақ. Бір пікіріңізде «бұрын газеттің бетінде тірі сөз болатын, мінез көрінетін» депсіз. – Ол рас. Марқұм жазушы Дүкенбай Досжанов «Мен тірі сөз жазам ғой» дейтін. Шынында да, талантты жазушы ғой. Қазір жасанды сөйлеу көп. Ақпараттың тілі – қай тіл? Қазақ тілі емес. Бұл кәдімгі кешегі орыс тілінің қазақыланған ресми түрі. Қазір журналистердің мақаласынан тұшынатын сөз таба бермейсіз. Ілуде біреу кездеседі. Бәрі саяси сарынмен сөйлеп, сол леппен жазады. Кезінде ақпаратты қазақыландырып, жолға қойған «Ана тілінің» бас редакторы болған Жарылқап Бейсенбайұлы еді. Кейбіреулер әдемі сөйлейді, бірақ жасанды, түк әсері жоқ. Енді біреулер шешен көрінеді, бірақ кітәби сөз. Сондықтан халықтың өз тілімен сөйлеу керек. Сөз мәдениеті, тілдік қолданыс деген бар. Жазған осы екен деп, біреуді боқтап жатқандай түйрейді. Сөз мәдениеті, ішкі мәдениет журналистикада кемшін. Меніңше, бұл журналистерді жеккөрінішті етеді. Көкбеттеніп жазу, зілді сөйлеу – адамның әлсіздігінің, білімсіздігінң белгісі. Соның бәрі жазуынан да көрініп тұрады. Баспасөзден мәдениеттіліктің, зиялылықтың, тектіліктің иісі аңқып тұруы керек. Бекзат журналистикаға оралуымыз қажет. Журналистиканың парасатты, биік өнер екенін ұғыну керек. Газет шығару – өнер. Газет шығаратын адамды режиссер деуге болады. Алғаш «Алматы ақшамы» газетіне келгенде «Менің мақсатым – қыңыр газет емес, қоңыр газет шығару» дегенім бар. Сонда ғана оқырман тұшынып оқиды. Бас салып ананы-мынаны жамандасам, газетім оқылады деу тобырлық сананың түрі. – Бекзат журналистиканы қалыптастыруға не кедергі? Бұл маман дайындайтын оқу орындарының олқылығы ма, әлде интернет журналистикаға ден қойып кеттік пе? Әлде сіз айтпақшы, кім көрінген журналист болып кетті ме? – Бұл біздің дертіміз. Әрине, газеттің көп болғаны, кітаптың көбірек жарық көргені жақсы. Бірақ сүзгіден өткізу деген бар. Арнайы мекеме осымен айналысып, рейтинг жүргізіп отыру керек. Ұлттық журналистиканың әлсіреп, талантты журналистердің тасада қалатыны сондықтан. Кімнің талантты, кімнің дарынсыз екенін білмейміз. Сан бар, бірақ сапа жоқ. Ал мемлекет ұлттың дәстүрлі басылымдарын сақтап қалу керек. Қалай десек те, ұлтқа, мемлекетке жаны ашитын, жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын ұлттық басылымдар. Қоғамға сол басылымдарды үлгі ету керек. Газетке келген жастардан бірдеңе сұрасаң, «интернетте айтқан ғой» дейді. Өзінің ойы, көзқарасы жоқ. Интернет не айтпайды? Бір тұлға туралы портрет жаса десең, интернеттен мәлімет алып, жаза салады. Баяғыда өз аяғымызбен барып, көзімізбен көріп жазатын едік. Оны тану керек, іздену керек. Баяғыда Сәбира Майқанова апайдан сұхбат алу үшін театрға он шақты рет барғам. Содан кейін «Толғанай» деген эссе жаздым. Қазір дәл солай ізденетін журналистер азайып кетті. Жастар көбіне журналистикаға сән үшін, «жұлдыз» болу үшін, атақ-даңқ үшін келуді мақсат ететін тәрізді. Қысқасы, баспасөзге қолбала ретінде қарау пікірі үстем.

 «Күн сайын алдыма жүздеген қисық шеге келетін»

 – Талай басылымда басшылық қызметте болдыңыз. Әлгіндей журналистер «Қалидың қайрағынан» өтпейтін шығар, сірә? – Журналистерге қатысты айтатын болсам, қазіргілер журналистикаға өнер деп қарамайды. Тек көшіріп алып, бере қою дейтін сияқты. Мысалы, журфакта редакциялық өңдеу деген пән жүретін. Авторлардың бәрі жазғыш емес. Сізге автордан мақала келді, оны жариялау керек. Оның идеясы ұнаса да, жазуы кедір-бұдыр. Сол идея үшін мақаланы редакциялап, жарыққа шығару қажет. Әр түрлі басылымда жұмыс істеген кезімде күн сайын алдыма жүздеген қисық шеге келетін. Соның бәрін түзеп отыратын едім. Сол түзетулердің арқасында кітабын шығарып алғандар да баршылық. Бүгінгі жас журналистердің көбіне тән кемшілігі – не жазуы жоқ, не мақаланы өңдей алмайды. Өзім мұндаға дейін Салық Зимановтың лекциясы болатынын естісем, елең ете қалатынмын. Арнайы барып қатысатынмын, тыңдайтынмын. Тіпті, бір жерде асқа баратынын естісем де, Зимановтың бірауыз сөзін тыңдау үшін баратынмын. Одан бөлек Зейнолла Қабдоловтың, Темірбек Қожакеевтің дәрісін тыңдауға жан-жақтан студенттер келетін. Осындай тұлғалармен жұмасына бір рет кездесу ұйымдастырып отырса, ұлт үшін де, ұрпақ үшін де дұрыс болар еді. Бүгінде көзі тірілерден академик Шарманов, академик Камал Ормантаев, Амангелді Айталы, Мәмбет Қойгелдиевтер бар. Бұл кісілер – тұнып тұрған қазына. Жастар тыңдауы керек. Халыққа осындай тұлғалардың әңгімесі керек және олар елдің алдына шығып сөз алғаны үшін бір тиын сұрамайды.

 «Адамды тек атағына қарап қана бағалауға болмайды»

 – Қазір дәл сол тұлғалар сияқты дәріс беретіндер бар ма? Жастарға шын жаныңыз ашыса, сіздер неге барып дәріс оқымайсыздар? – Басында ойым болды. Бірақ тіршілік мойын бұрғызбай қойды. Газеттің 30 жылдығына орай «Тұран» университетінде студенттермен кездесу өткіздік. Лекция оқыдым. Байқағаным, жастар дәріске зәру екен. Көп сұрақ қойылды. Бұрынғы редакторлардан бастап, Шерағаның, Камалдың мектебі туралы, олардың журналистикадағы рөлі мен маңызы туралы айттым. Редакторлық қызметтен қайраткерлік деңгейге көтерілгеніне тоқталдым. Сосын университет басшысы Рахман Алшанұлына: «Осы бағытта студенттер арасында айына ақысыз екі рет дәріс оқып тұрайын» дедім. Кезінде талай бас редакторлар келіп, дәріс оқитын еді. Консерваторияға тапсырып, түсе алмай, 1976 жылы КазГУ-ге топ ете қалғанымда Тауман Амандосов «Мамандыққа кіріспе» деген пәннен дәріс оқыды. Ол кездесуге жазушы Әзілхан Нұршайықовты алып келді. Қолында бір бума қойын дәптері бар. Қаншама қызықты естелік айтып берді. Ол кезде біз қайда оқуға түскенімізді білмейтін бала едік қой. Амандосов журналистиканың әліппесінен бастап оқытты. – Қазір газет бетінде кез келген тақырыпты ашық жазуға кедергі жоқ па? – Кедергі жоқ. Алматыда үшінші әкіммен жұмыс істеп келемін. Маған осы уақытқа дейін «Сен ананы жаз, мынаны жазба» деген әкім болған жоқ. Газеттің бағытын білді. Шындықты айтатын болсам, Қадыр айтпақшы, «Өткізу үшін шындықты өтірік қостым аздаған». Қазір биліктің басылымдары анандай, мынандай дейді. Олай емес. Ол оқымайтын адамның сөзі. Шындықты жеткізудің өз жолы бар. Бізде керісінше бүлдіреді. Бас салып маңдайға ұрады. Өмірде ақиқат ешқашан уақытында айтылмайды. Ақиқат деген – соңғы сөз емес. Ол – процесс. Ол дами береді. Демек, газетімде жазам деген дүниені жаздым. – Қоғамнан алатыныңызды алып болдыңыз ба, әлі де береріңіз көп пе? – Алып болдым деп айтуға болмайды. Шамасы келгенше, беруге тырысу керек. Адамды тәрбиелейтін орта. Қоғам қандай деңгейде өседі, ондағы тіршілік етіп жатқан адамдар соған орай қалыптасады. Адамды атағына қарап бағалауға болмайды. Атақсыз да атақты адамдар бар. Кейде атағы бар адамды ешкім білмейді. Негізі ақиқат салыстыру арқылы байқалады. Бетховеннің «Через страдания к радости» деген сөзі бар. Кез-келген адам қиыншылықтан өтеді. Біз де біраз қиындықты бастан кештік. Алматыдағы қазақ зиялысының көбі баспана азабын тартты. Сондай қиыншылықты көрген адам алған тәрбиесін, тағылымын айту керек. Алаш қайраткері Ә.Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген ғой. Білім мен мінез қатар жүру керек. Білімді адамдар, тұлғалар көп. Солардың бәрі де білгенін халыққа жұмсай алмайды. Неге? Себебі мінез жетіспейді. Керемет дарынды, білімді, бірақ мінез жоқ. Мысалы, Шерхан Мұртазаны алсақ, ол кісіде білім де, дарын да, мінез де болды. Шерағаның бүкіл қасиетін, білімін алға жетелеген мінезі. Біздің буынның да бір артықшылығы – білімді, сауатты. Бірақ өте қарапайым. Жұлқынып, ұмтылу деген болған жоқ. Осы күнге сабырмен жеттік. Мұсылман баласының қаруы – дұға мен сабыр. Біз соны ұстанған адамбыз. – Консерваторияға түскім келді дедіңіз ғой. Сіздің әнді де нақышына келтіріп айтатыныңызды білеміз. Кейде неге әнші болмадым деген өкініш болмай ма? – Өкінішсіз адам болмайды. Бірақ тәубешілік ететінім, бәрібір шығармашылық саладан алыстаған жоқпын. Құдай шебер, бәрін өзі қиюластырып қояды. Өнердің адамы болмасам да, өмір бойы өнер адамдарының образдар галереясын жасадым. Осы уақытқа дейін қаншама кітап жазсам, бәрі сол тұлғалар туралы. – Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы