Әз-Наурыз әкемтеатрда тойланды

Әз-Наурыз әкемтеатрда тойланды

Әз-Наурыз әкемтеатрда тойланды
ашық дереккөзі
Ұлыстың ұлы күнін жаңаша сипатта атап өту туралы дүркін-дүркін айтылып жүр. Бұл жөнінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы әсіресе, Наурыз мейрамының балаларға қуаныш сыйлау керектігіне көптің назарын аударған еді. Осы тұрғыда министрліктің тікелей бастамасымен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының алаңында «Ұлы даланың ұлы күні – Наурыз» атты мерекелік іс-шара болып өтті.  Театр алаңындағы ауқымды шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты мәдени ошақтардың бір-бірімен Көрісуінен басталып, қазақ өнері жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен жалғасын тапты. Әр өнер ұжымы өнерін ортаға салып, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Одан өзге шараға келгендер қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі мен театрдың мұрағатындағы фотосуреттер көрмесімен танысты. Ал бір жағында балалар күресіп жатса, жігіттер арқан тартып, мәре-сәре болды. Әрине, Наурыз мейрамының көркін келтіретін – ұлттық тағам екені сөзсіз. Көпшілік көжеден дәм татып, бір-біріне Наурыздан Наурызға аман-есен жетуін тіледі. Бұл Наурыз тойының ерекшелігі – Алматы қаласындағы балалар үйіндегі ауытқуы бар мүгедек балаларға сыйлық үлестірілді. Шараға арнайы қатысқан Мәдениет және спорт вице-министрі  Ақтоты Райымқұлова: «Біз Наурызды Көрісу күнінен бастадық. Алатаудың баурайында мәдениет, спорт саласындағы әріптестер және Алматы қаласының халқымен бірге Наурыз тойын бастадық.  Дәстүрімізді ұлықтап, тарихымызды бағалайық. Министрлік Наурыз мейрамының ғылыми түрде жаңа үлгісін көрсетіп, ең алдымен бір-бірімізбен көрісіп, туысқандық қарым-қатынасты арттыруға үлес қосуына серпін берді. Әз-Наурыз бәрімізге құтты, берекелі болсын!», – деді. «Наурыз – ұлы мейрам. Жылдан жылға бұл мерекенің мән-маңызы артып келеді. Әз Наурыз – жыл басы. Көктем келіп, табиғат оянады. Бүгін адамдардың көңіл-күйі жоғары. Жақында батыс облыстарында болып, көрісу дәстүріне қатыстым. Көрісу күнін 14 наурызда атап өту керегін айтып жүрмін. Бұл бірте-бірте халықтық мерекеге айналып келеді. Алматыдағы бүкіл театр ұжымының бір жерде Наурыз мейрамын тойлауы да ерекше әсер береді екен. Келешекке осындай әдемі дәстүр қалдырайық. Мәде-ниетіміздің жоғары екенін білдірейік», – деді Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов. Ал М.Әуезов театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов: «Болашаққа бағдар:  рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын кеңінен насихаттау мақсатында мерекелік шараны өткізіп отырмыз. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамын жаңа форматта өткізу керекпіз, балалардың мейрамы болу керек деген еді. Соған байланысты бүгін балаларды көптеп тартуға, оларды қызықтыра білуге басымдық танытып отырмыз. Көпбалалы отбасылар мен балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан және мүмкіндігі шектеулі 800-ге тарта балаға арнайы сый-сияпаттар таратып, үлкен дастархан жайып отырмыз», – деді. Мерекенің тағы бір ерекше тұсы – Наурыз мейрамының символы ретінде қызғалдақ гүлін насихаттау. Халық алдына шыққан өнер қайраткерлері сахнаға қызғалдақ гүлін алып шығып, халыққа таратты. Бұл Наурыз мейрамында бір-бірімізге қызғалдақ гүлін сыйлауды дәстүрге айналдырсақ деген ниеттен туған дүние. Сондай-ақ театр ауласында өнер қайраткерлері мен журналистер «Өнер және БАҚ аллеясына» көшет отырғызды.