Халқымыздың символына айналды

Күллі ел азаматтары Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы аса маңызды оқиғаның куәсі болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жариялап, өзінің ҚР Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді.

Тәуелсіздік жылдарында Елбасы біздің халқымыздың да, бүкіл елдің де символына айналды. Ол өз халқын аласапыраннан және құлдыраудан алып шықты, ескі тәртіпті түбегейлі өзгертіп, табысты мемлекет құрды. Оның көшбасшылығының арқасында елімізде бейбітшілік, қауіпсіздік, келісім орнады. Экономикамыз дамып, адамдардың өмір сүру сапасы жақсарды. Қазақстан өмірге бейімді, толыққанды және шын мәнінде тәуелсіз мемлекет болды. Азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы шындыққа айналды.

Қазақстанның қысқа мерзім ішінде табысты мемлекетке айналуы – халықтың қолдауымен жүзеге асқан Ұлт көшбасшысының мақсатты әрі жүйелі саясатының нәтижесі. Елбасы мен Қазақстан халқының бірлігі және ынтымақтастығының арқасында ғана тәуелсіз, егемен, тұрақты және қарқынды дамушы мемлекет қалыптасты.

Елбасының тікелей жетекшілігімен құрылған Nur Otan партиясы аз ғана уақыт ішінде отандық саяси-партиялық кеңістікте негізгі ұйымға айнала білді. Партияның идеялық-ұйымдастырушылық тұрғыдан нығаюына партия көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың беделі мен партияға берген орасан зор саяси тәжірибесі, стратегиялық келешекті бағамдай білуі және мемлекеттік басқару өнері ықпал етті.

Осы бір тарихи сәтте Nur Otan партиясы өз Көшбасшысының шешімін қолдай отыра елдегі тұрақтылық пен тәртіпті күшейтуге, ел Конституциясына сай билік сабақтастығын қамтамасыз етуге атсалысатынына сенімдімін.  Бұл еліміздің одан әрі табысты дамуына жол ашады.

 

Серік ҚОЖКЕНОВ,

Nur Otan партиясы

стратегиялық бастамалар институты

директорының кеңесшісі

Back to top button