Жаңалықтар

Бразилияда бала оқыту: ұттық па, ұтылдық па?

ашық дереккөзі

Бразилияда бала оқыту: ұттық па, ұтылдық па?

Құрылғанына бір жылдан аса уақыт өткен  команда Қазақстан біріншілігінде чемпион атанды. Еліміздің жастар құрамасының аға бапкері осы команданың техникалық директоры қызметін атқаратын болды. Жасөспірімдер құрамасының негізгі құрамы осы клубтың ойыншыларынан жасақталады. Амалбек Тшан басқаратын республикалық спорт колледжінің футбол алаңында доп қуып жүрген «ALASH-RKС» командасын құру кімнің идеясы? Бағыт-бағдары, мақсат-мұраты қандай? Оқу ордасының директорынан сұрадық. −Амалбек Қозыбақұлы, сіз Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарғаныңызда «Тараз» футбол клубы ел біріншілігінде чемпион атанды. «Тараздың» жанкүйерлері осынау жеңістің бұйыруына әкім ретінде сіздің де үлесіңіз орасан екенін айтып жүреді. − «Халық айтса, қалт айтпайды» дейді. 1995 жылы облыстың әкімі қызметін қолға алғанда «Тараз» футбол клубының жай-күйін жіті қадағалап, бапкерлерден бастап, ойыншылардың жағдайын назарда ұстап, не жетпейді, кем тұсымыз қайсы, бірге талқылап жүйелі түрде жұмыс істедік. Нәтижесінде 1996 жылы «Тараз» клубы Қазақстан чемпионы атанды. 1997 жылы финалда сүрініп, күміс жүлде иеленді. Ол уақытта клубтың қаржылық мүмкіндігі мүшкіл болатын. Тек «Тараз» ғана емес, өзге де футбол ұжымдарының басындағы уайым осы кеп еді. Еліміздің де еңсесі енді тіктеліп келе жатқан кезең. Қазіргі бір футболшының айлық жалақысы сол кезде бүтіндей бір клубтың бюджетіне пара-пар еді.   – Өзіңіз бала кезден бокспен шұғылдандыңыз. Жекпе-жек спорт түрлеріне де алабөтен көңіл бөлетіңізді, қолдап-қуаттап жүретініңізді білеміз. Республикалық спорт колледжінің ішінен футбол клубын құруға нендей жайт себеп болды? Қазақ футболының көсегесін көгертуге үлес қосу мақсатында ма, әлде... − Мақсатымызды айтпас бұрын өткенге аз-кем тоқталайын. Қазір республикалық спорт колледжі бұрын спорт мектебі болып тұрғанда футбол бөлімі бар еді. Осы бөлімде оқуға қабылданып, доп тебудің қыр-сырын меңгерген балалар еліміздің әр буындағы құрамаларына қабылданып, даралығымен көзге түсіп жүрді. Бірақ кейін футбол бөлімі жабылып, команда тарап тынған-ды. Мен оқу ошағына басшылыққа тағайындалғанда бапкер Василий Маруняк ұсыныс айтып келді. Содан біз жабылып қалған футбол бөлімін ашпасақ та, тым құрыса бір команда құрып, қазақ футболының дамуына шөкімдей болса да үлесімізді қоссақ деп футболшыларды қайта жасақтадық. 2000 жылы өмірге келген балалардан іріктеу арқылы команда құрып, Маруняк бастап баптауды қолға алдық. Нәтиже де ұзамай оңынан болды. Сол балаларымыз ресми түрде әлем біріншілігі саналмағанымен, даңқы да, дақпырты да ғаламдық додаға пара-пар Италияда өткен халықаралық турнирге қатысып, жүлдегер атанды. Бұрынғы одақтас елдерде өткен турнирлерде де мерейі үстем болды. «Қайрат» футбол академиясының өздері құралпы тәрбиеленушілерімен жеті рет ресми ойын өткізіп, барлық матчта жеңіске жетті. – Сол балалар да тарап кетті ғой. – Қаржымыздың жетіспеушілігіне байланысты команданы сақтап қала алмадық жас балаларды ары қарай дайындауға шынтуайтында қаржылық мүмкіндігіміз жетіспеді. Бізге клуб ашып, жұмысты жалғастыру қажет болды. Аяғым жеткен жерге барып, таныс-білістерге хабарласып клубты ашып, қанатының астына алуын өтіндім. Бірақ ешқайсы біздің бұйымтайды қолдамады да, амалсыздан талантты балаларды таратуға тура келді. Бірақ олар бірден еліміздің іргелі клубтарына шақырту алып, спорттағы сапарын жалғастыруға мүмкіндік туды. 10-нан аса баламызды «Астана» футбол клубы академиясы қанатының астына алды. Басқа да клубтар қызығып, өздеріне шақыртты. Осы жастар құрамасының негізгі құрамында ойнайтын бозбалалардың 60-70 пайызы біздің базада шыңдалып, қайнаудан өткен балалар.