Бразилияда бала оқыту: ұттық па, ұтылдық па?

Бразилияда бала оқыту: ұттық па, ұтылдық па?

Бразилияда бала оқыту: ұттық па, ұтылдық па?
ашық дереккөзі
Құрылғанына бір жылдан аса уақыт өткен  команда Қазақстан біріншілігінде чемпион атанды. Еліміздің жастар құрамасының аға бапкері осы команданың техникалық директоры қызметін атқаратын болды. Жасөспірімдер құрамасының негізгі құрамы осы клубтың ойыншыларынан жасақталады. Амалбек Тшан басқаратын республикалық спорт колледжінің футбол алаңында доп қуып жүрген «ALASH-RKС» командасын құру кімнің идеясы? Бағыт-бағдары, мақсат-мұраты қандай? Оқу ордасының директорынан сұрадық. −Амалбек Қозыбақұлы, сіз Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарғаныңызда «Тараз» футбол клубы ел біріншілігінде чемпион атанды. «Тараздың» жанкүйерлері осынау жеңістің бұйыруына әкім ретінде сіздің де үлесіңіз орасан екенін айтып жүреді. «Халық айтса, қалт айтпайды» дейді. 1995 жылы облыстың әкімі қызметін қолға алғанда «Тараз» футбол клубының жай-күйін жіті қадағалап, бапкерлерден бастап, ойыншылардың жағдайын назарда ұстап, не жетпейді, кем тұсымыз қайсы, бірге талқылап жүйелі түрде жұмыс істедік. Нәтижесінде 1996 жылы «Тараз» клубы Қазақстан чемпионы атанды. 1997 жылы финалда сүрініп, күміс жүлде иеленді. Ол уақытта клубтың қаржылық мүмкіндігі мүшкіл болатын. Тек «Тараз» ғана емес, өзге де футбол ұжымдарының басындағы уайым осы кеп еді. Еліміздің де еңсесі енді тіктеліп келе жатқан кезең. Қазіргі бір футболшының айлық жалақысы сол кезде бүтіндей бір клубтың бюджетіне пара-пар еді.   – Өзіңіз бала кезден бокспен шұғылдандыңыз. Жекпе-жек спорт түрлеріне де алабөтен көңіл бөлетіңізді, қолдап-қуаттап жүретініңізді білеміз. Республикалық спорт колледжінің ішінен футбол клубын құруға нендей жайт себеп болды? Қазақ футболының көсегесін көгертуге үлес қосу мақсатында ма, әлде... Мақсатымызды айтпас бұрын өткенге аз-кем тоқталайын. Қазір республикалық спорт колледжі бұрын спорт мектебі болып тұрғанда футбол бөлімі бар еді. Осы бөлімде оқуға қабылданып, доп тебудің қыр-сырын меңгерген балалар еліміздің әр буындағы құрамаларына қабылданып, даралығымен көзге түсіп жүрді. Бірақ кейін футбол бөлімі жабылып, команда тарап тынған-ды. Мен оқу ошағына басшылыққа тағайындалғанда бапкер Василий Маруняк ұсыныс айтып келді. Содан біз жабылып қалған футбол бөлімін ашпасақ та, тым құрыса бір команда құрып, қазақ футболының дамуына шөкімдей болса да үлесімізді қоссақ деп футболшыларды қайта жасақтадық. 2000 жылы өмірге келген балалардан іріктеу арқылы команда құрып, Маруняк бастап баптауды қолға алдық. Нәтиже де ұзамай оңынан болды. Сол балаларымыз ресми түрде әлем біріншілігі саналмағанымен, даңқы да, дақпырты да ғаламдық додаға пара-пар Италияда өткен халықаралық турнирге қатысып, жүлдегер атанды. Бұрынғы одақтас елдерде өткен турнирлерде де мерейі үстем болды. «Қайрат» футбол академиясының өздері құралпы тәрбиеленушілерімен жеті рет ресми ойын өткізіп, барлық матчта жеңіске жетті. – Сол балалар да тарап кетті ғой. Қаржымыздың жетіспеушілігіне байланысты команданы сақтап қала алмадық жас балаларды ары қарай дайындауға шынтуайтында қаржылық мүмкіндігіміз жетіспеді. Бізге клуб ашып, жұмысты жалғастыру қажет болды. Аяғым жеткен жерге барып, таныс-білістерге хабарласып клубты ашып, қанатының астына алуын өтіндім. Бірақ ешқайсы біздің бұйымтайды қолдамады да, амалсыздан талантты балаларды таратуға тура келді. Бірақ олар бірден еліміздің іргелі клубтарына шақырту алып, спорттағы сапарын жалғастыруға мүмкіндік туды. 10-нан аса баламызды «Астана» футбол клубы академиясы қанатының астына алды. Басқа да клубтар қызығып, өздеріне шақыртты. Осы жастар құрамасының негізгі құрамында ойнайтын бозбалалардың 60-70 пайызы біздің базада шыңдалып, қайнаудан өткен балалар.  width= – 2000 жылы өмірге келген жеткіншектерден жасақталған команда тараған соң олардың пышақ үстінде бөліске түсіп, клубтарға шақыртылғанын айттыңыз. Біз бірнеше жылдан бері Бразилияның футбол академиясына ақша төлеп, балаларды футболдың қыр-сырын үйретуге жібереміз. Бірақ солардың нәтижесіне көңіл тоғайтарлық емес. Тіпті ел чемпионатында ойнайтын клубтарға қабылданғандары некен-саяқ. Сырттан үйрену қаншалықты дұрыс тәсіл? Мүмкін қаржыны желге шашқанша, инфрақұрылымды дамытып, білікті бапкерлерді тағайындап, өз елімізде балаларды баптауды өрістету керек шығар? – Бапкер Василий Маруняк өзінің жоспарын ұсынғанда мен де осыны айттым. Ол талантты балаларды өз елімізде де үйретіп, баптауға болатынын дәлелдеп, команданы жоғары деңгейге көтерді. Неге біз қыруар қаржы төлеп, Бразилияға балаларды футбол ойнауды үйренуге жібереміз? Пеле, Роналдо, бүгінгі Неймар, Марсело сынды таланттардың отанына барып оқып келген жастарымыздан нәтиже шықса, онда сөз басқа. Бразилияға барған жастарымыздың алды жиырма беске шықты. Яғни нағыз күш-жігері бойында жүретін кезі қазір. Бірақ солардың арасынан біз еліміздің клубтарын алға сүйреп, Қазақстанның жастар құрамасында жарқырап көрініп, ұлттық құраманы күшейтіп жүр деп кімдерді айта аламыз? Аузымызға қайсының аты-жөні ілігеді? – Енді «ALASH-RKС» футбол клубы туралы. – 2017 жылы заң саласында тәуір қызмет істеген Бақытбек Асанбеков есімді азамат келді. «Амалбек мырза, мен мемлекеттік қызметті доғардым, енді қазақ футболының дамуына өзіндік үлесімді қоссам деп едім» деді. Футболды ерекше қадірлейтін әлгі жігіт біздің колледж базасында футбол клубын құрып, тізе қосып жұмысты өрістетуді ұсынды. Қаражат көздерін де қарастырып мемлекеттік жеке серіктестік жүйесімен жұмыс жасауға болатынын айтты. Екі жақты келісім жасасып, іске кірістік. Жылына бес, жеті баладан іріктеп алып, команданы жасақтадық. Спорт комитетіне арнайы хат жазып жолдадық, ұсынысымызды қолдап қуаттап, ісіміз ілгері басты. Команда құрғаннан кейін олардың ізбасарлары яғни резерв болуы керек. Сол себепті де 2004-2007 жылдар аралығында туған балаларды да клубқа алдық. Бір жылдың ішінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. 2005, 2006 жылы туған жеткіншектер өз қатарластарының арасында Қазақстан чемпионы атанды. 2004 жылғы балаларымыз Қазақстанның күміс жүлдесін иеленді. – Жылына бес баладан қабылданса, іріктеу мен сұрыптау өте қатаң өтетін секілді ғой. – 2018-2019 оқу жылына іріктеу өткізгенде еліміздің барлық аймағынан 200-ден аса бала келіп, бағын сынады. Солардың ішінен тек бес баланы ғана командаға алдық. Футболды бәрі ойнайды, бәрінің де таланты бар. Бірақ бапкерлердің талғамы, таразылау, салмақтауы басқаша. Мысалы 200 баланы іріктеуге мен де қатысып, көзіммен көрдім. Ойын барысында тіпті гол соғып, шеберлігін көрсеткендері де болды. Ішкі түйсігіммен «гол соққан балалар да қабылданар» деп ойладым. Олай болған жоқ. Іріктеуге балаларын әкелген ата-аналардың ішінде «менің балам нашар ойнайды» деп айтқанын естімедік. Бәрі де баласын Месси, Роналду санайды. Онысы дұрыс та. Бірақ командалық ойында қабілетсіз ойыншының кесірі ауыр тиеді. Сол себепті де бапкерлер іріктеуде жаңылыспас үшін жіті қадағалап, жан-жақты зерттеп, тексеріп, баланың бойындағы дарынын салмақтаған соң ғана шешім шығарды. – Министр, депутат, облыс, қала әкімі болдыңыз. Саяси элита ортасында да беделіңіз жоғары. Таныс-біліс, дос-жараныңыз қоңыраулатып, клубқа балаларын өткізгісі келетін шығар. – Онсыз біз қазақ боламыз ба? Жасырып қайтем, биліктегілердің де қоңыраулатып танысының, туысының баласын қабылдауды өтінеді. Туыс-туғанымыз да хабарласып, көрген жерде бұйымтайын жеткізеді. Менің айтар жауабым біреу ғана: «Иә, біз балаларды қабылдаймыз, бірақ бапкерлер мен мамандардың талабынан өтсе ғана. Беделімді салып, билігімді малданып белден баса алмаймын». Көпшілігі балаларын іріктеуге әкеліп, көздері жеткен соң райынан қайтты. Жекелеген спорт түрлерінен бірді-екілі балалар «көкесінің қоңырауымен» қабылдануы мүмкін. Бірақ ондай кемталанттар уақыт оздыра шеттеп, өздері-ақ саяқтанып қала береді. Ата-аналар мұны түсінбейді, мұрнынан жетектегендей етіп әкеліп қосады. Ондай балалар чемпиондардың тасасында күннің көзін көре алмайтынына көзі жетіп, саптан шығады. Ал командалық спортта мұндайға жол жоқ. Қазақ «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деп қалай дәл тауып айтқан. – Клубтың жай-күйімен Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин келіп танысты. – Қазақстан футбол федерациясымен келісімге келдік. Ендігәрі 2004, 2005 жылы туғандар арасында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының (U-14, U-15) негізгі құрамы біздің клубта ойнап жүрген футболшылардан жасақталады. Бұл бізге зор сенім артып, үлкен міндет жүктейді. «ALASH-RKS» клубының техникалық директоры болып Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Александр Кузнецов тағайындалды. Бұл да біздің ұжымның кадрлық құрамы күшейе түскенін аңғартады. – «Қазақ футболын дамытамыз десек балаларды жарылқаудан бастау керек» дегенді үнемі айтып жүресіз. – Менің жоғары оқу орнын бітіріп, игерген мамандығым – құрылысшы. Қандай да бір құрылыс нысанының іргетасы берік болмаса, қабырғасын қанша құлаш қалыңдап құйсаң да опырылып құлайды. Біз бәрін тереңнен бастауымыз керек. Мәселен, республикалық спорт колледжіне директор болып тағайындалған соң алты жылдай бұрынғы сүрлеу, көз үйренген ағыстың ырғағымен жұмыс істедік. Яғни мектеп бітіріп келген балаларды қабылдап, үш жыл білім беріп, дипломын ұстатып дегендей. Алты жылдан соң сол кездегі премьер-министр К.Мәсімовке хат жазып, ұсынысымды жолдадым. Содан кейін колледж ішінен мектеп ашылып, балаларды 7-сыныптан бастап қабылдадық. Мұндағы мұратымыз не? Спорт мектебінде оқыған талантты балалар әлем чемпионы, жасөспірімдер олимпиадасында жеңімпаз атанады. Ал сол чемпиондар мектепті бітірген соң жоғары оқу орнына түсе алмай басқа да себептермен ел көзінен шеттеп, сырттап қала береді. Колледж ішінде мектеп ашуымыздың мақсаты – талантты балаларды түлеткен соң оларды колледжде оқуға қабылдап, қарақанаттанып қанаты қатайғанша, қамқорлыққа алу. Менің колледж ішінен мектеп ашу туралы ұсынысым себеп болып, Қазақстандағы 4 спорт мектебінің жанынан колледж ашылды. Ата-анаға мына жайтты астын сызып, баса айтқым келеді. Біздің колледжді бітірген түлектерге «мұғалім – жаттықтырушы» деген диплом беріледі. Сабақ пен спорт қыздың қос бұрымындай қатар өрілетінін бала да, сол баласын бізге әкелген ата-ана да тереңдеп бағамдамайды. Оқуға келген баладан «сабағың қалай еді?» деп сұрасаң, өзі емес, әке-шешесі жауап береді. «Сабағын қайтесіз, ол спортшы емес пе?» Айналайын-ау, әркім үшін де ең алдымен керегі білім ғой! Білімсіз баладан қандай болашақ күтуге болады? Ауылдық жерлерден күші бойына симай тұрған, физикалық әлеуеті зор, мықты спортшылар келеді, бірақ білімі тым төмен. Өкінішке қарай көпшілік ата-аналарда спортпен айналысқан балаға оқу міндетті емес деген ұғым қалыптасып кеткен. Біздің талапты түсінген балалар спорт пен білімді қатар алып жүреді. Бұл – біздің негізгі талабымыз!  

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

 Суреттерді түсірген Қ.Сапаров