А.Мамытбеков: Арзан нанды бай мен жарлыға бірдей ұсына алмаймыз

А.Мамытбеков: Арзан нанды бай мен жарлыға бірдей ұсына алмаймыз

А.Мамытбеков: Арзан нанды бай мен жарлыға бірдей ұсына алмаймыз
ашық дереккөзі
Қазақстандықтардың нан тұтыну көрсеткіші мамандар бекіткен нормадан әлдеқайда төмен. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлімдеді. Министрдің айтуынша, медициналық норма бойынша әр адам жылына 70 келі нан жеуі керек.

«Біз осы уақытқа дейін нанның бағасын ұстап тұрдық. Бірақ оның бағасы қымбат. Жылына 11,5 миллиард теңге нанның бағасын ұстап тұруға кетіп отырды. Ол қаражатты керісінше ауыл шаруашылығы тетіктерін қолдауға жіберген дұрыс деп ойлаймын. Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға атаулы көмек берген әлдеқайда пайдалы. Кейбір елдерде нанның бағасын ұстап тұрады. Ол қандай елдер деп ойлайсыздар? Олардың қатарына Египет, Түрікменстан секілді мемлекеттерді жатқызуға болады. Ал барлық дамыған елдерде нанның бағасын ұстамайды. Нан  деген қажетті тауар. Бірақ біз оның қажеттілігін тым қатты жоғары бағалап отырмыз», – дейді Мамытбеков.

Асылжан Мамытбеков баспасөз мәслихатында медициналық норма бойынша жылына қанша нан жеу керек екенін де қазақстандықтардың қаперіне салды:  «Жылына медициналық норма бойынша адам баласы 70 келі нан тұтынуы қажет деп бекітілген. Алайда біздің есебіміз бойынша Қазақстандағы орташа тұтыну көрсеткіші әлдеқайда төмен. Мысалы 70 келі дегеніміз 60 бөлке нан екен. Мұның қаржысы 5000 теңге көлемінде болады. Бірақ біз ол арзандатылған бағаны барлық әлеуметтік жағдайы төмен және жақсы азаматтарға ұсыну дұрыс емес деп санаймын. Сондықтан әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға атаулы түрде одан көбірек іс-шара жасайтын боламыз», – дейді министр.