18 Наурыз 2019, 17:22 589 0 Қоғам Назым Тойлыбаева

2 проценттік ипотеканы ауқаттылар алып кетпей ме

Президенттің тапсырмасы бойынша атаған тұрғын үй несиесі көпбалалы, мүгедек баласы бар мен толық емес отбасыларға ғана берілуі шарт. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі аталған ипотеканың негізгі шарттарын жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Марxабат Жайымбетовтың айтуынша, жеңілдетілген ипотеканы бай-ауқатты адамдар алып кетпес үщін 2 проценттік ипотека бойынша жалақының шекті мөлшері бекітілді.

«Қазір бүкілін байлар алып кетеді деген сұрақтар да бар. Байлығы көп азаматтар алып кетпес үшін бір адамға шаққанда минималды жалақы - 42 500 теңгеден аспауы керек. Мысалы, отбасыда екі адам болса, олардың айлық табысы 85 500 теңгеден аспауы қажет. Ал алты адам болса, 255 000 мың теңгеден аспауы тиіс», - деді М.Жайымбетов бүгін Астанадағы көпбалалы аналармен болған кездесуде.

Айта кетейік, бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көпбалалы отбасыларға 2 проценттік ипотеканы беру шарттарын жариялады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 8 миллион теңге қарызға алынса, алғашқы 8 жылда ай сайын 42 000 теңгеден төлеу керек. Ал одан кейінгі 11 жылда аталған сома 27 000 теңгеге дейін төмендейді.

«Жеңілдетілген баспана несиесіне жаңа пәтер, болмаса, үй сатып алуға болады. Жылдық мөлшерлемесі - 2 процент. Ол 19 жылға беріледі. Сосын 10 пайыз көлемінде алғашқы жарна салу қажет. Енді, алғашқы жарнаға ақша жоқ деген мәселе туындайды. Мәселен, 10 миллион теңгені қарызға алсаң, 1 миллион теңге көлемінде алғашқы жарна қажет. Біз бұл мәселеге былай шешуді көздеп отырмыз. Әкімдіктер беретін тұрғын үй куәліктері арқылы, болмаса, ірі кәсіпорындардың көмегімен алғашқы жарнаны алуға болады. Мәселен, Астана қаласы тұрғын үй куәліктеріне 2 миллиардтан астам қаржы бөлеміз деп отыр. Соның көмегімен алуға болады», - дейді М.Жайымбетов.

Комитет басшысының сөзіне қарағанда, жеңілдетілген кредиттің ең жоғары сомасы - 15 миллион теңге алынса, ол отбасының табысы 104 250 теңге болуы қажет. Ал 6 миллион теңгенің қарызына 56 850 теңгенің жалақысы керек.

«Мысалы, 6 миллион теңгенің несиесін алсаңыз, онда алғашқы 8 жылда ай сайын 31 600 теңгені төлейсіз. Одан кейінгі 11 жылда 18 988 теңге төлеп отыру қажет. Бұған төрт баладан көп отбасылар қатыса алады. Сосын мүгедек балалары бар отбасылар мен толық емес отбасыларға алуға мүмкіндік бар», - деп атап көрсетті М.Жайымбетов.

Осыған дейін көпбалалы отбасыларға арналған ипотеканың ай сайынғы төлемақысы туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар