Мақтааралда трактор тіркемелерін жасап шығаратын шағын зауыт іске қосылды
Мақтааралда трактор тіркемелерін жасап шығаратын шағын зауыт іске қосылды
Түркістан облысы Мақтаарал ауданында жылына 70 трактордың тіркемесін жасап шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Мемлекеттен қайтарымсыз 225 млн. теңге грант жеңіп алған «Центр сервис СХМ» өндірістік кешені аграрлы аймаққа қажетті тіркемелерді шаруаларға тиімді бағада шығаруды көздеп отыр, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Қазіргі таңда тракторлардың 15 пайызы қазірдің өзінде істен шықса, 26 пайызы есептен шығаруға жатады. Комбайндар және басқа да қосалқы техникалардың жағдайы да осындай. Ал, ескі техникаларды пайдалану шығынды көбейтеді және егінді толық жинап алуға мүмкіндік бермейтіні айдан анық. Осы олқылықтарды жою үшін мемлекетіміз тарапынан техникаларды жасаушы отандық кәсіпорындарды қолдау шаралары белгіленді. Солардың қатарында отандық техника жасаушыларға өз өнімдерін ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге арзандатып сату үшін субсидиялар беру, қосымша құн салығынан жеңілдіктер жасау, гранттар беру сияқты жұмыстар атқарылуда. Міне, мемлекет тарапынан берілген осындай көмектің арқасында ауданымызда трактордың тіркемелерін шығаратын шағын зауытты іске қосып отырмыз», – деді Бақыт Насырханұлы.
Зауыт басшысының айтуынша, алдағы уақытта тағы он адамды жұмысқа қабылдап, тіркемелер санын арттыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта шағын зауыттың арқасында өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуден өткізіп, ескілерін қайта қалпына келтіруге болады.