Жаңалықтар

Аз қамтылған отбасыларға ипотека 2 пайызбен беріледі

ашық дереккөзі

Аз қамтылған отбасыларға ипотека 2 пайызбен беріледі

ҚР Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева Парламент Мәжілісінің депутаттарына Қазақстандағы тұрмысы төмен отбасылар баспанамен қалай қамтылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Вице-министрдің айтуына қарағанда, бұл бағытта 2019 жылы 100 млрд теңге бөлінгелі отыр. Бұл шаралардың бәрі де «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. «Біріншіден, көпбалалылар санатындағы аз қамтылған отбасылар салу және күрделі жөндеу арқылы, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспанаға қол жеткізетін болады. Бұл бағыттағы қадам жыл сайын 6 мың пәтерді пайдалануға беруге жол ашады», - дейді Татьяна Савельева Мәжілістегі Қазақстанның 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын нақтылауға арналған отырысы барысында. Оның айтуынша, аз қамтылған, көпбалалы, толық емес және кірісі төмен әрі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыларды «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы әлеуметтік несиелік баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. «Мұндай отбасыларға 20 жыл мерзімге жылдық 2 пайызбен алдын ала аралық тұрғын үй несиесі берілетін болады», - дейді ол. Отырыс барысында депутаттардың сұрақтарына жауап бере келе ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев жалға берілетін үй кезегінде тұрған 28 мың адам барын, оның 4 800-і Түркістан облысында тұратынын мәлім етті. «Екінші орында - Алматы облысы. Ондай санаттағы отбасылардың ең азы - Солтүстік Қазақстан облысында (342). Олардың бәрі де әлбетте аудан орталығында тұрмайды. Тізімді қазірдің өзінде жасақтадық», - дейді Қайырбек Өскенбаев. Оның айтуына қарағанда, жалға берілетін үй құрылысы үшін 50 млрд теңге бөлінеді.