Жаңалықтар

Қуатты экономика – даму кепілі

ашық дереккөзі

Қуатты экономика – даму кепілі

Бүгінде ел дамуының бірден-бір кепілі – қуатты экономика. Әлемдегі бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарынан көріну үшін де ел экономикасын ілгерілету маңызды. Экономиканы дамыту бойынша Қазақстанның да атқарып жатқан айтулы жұмыстары аз емес. Және қолға алынған шаралар нәтижесіз деп те айта алмаймыз. Жыл сайын Дүниежүзілік экономикалық форумның ұйымдастырылатыны белгілі. Осы форум аясында жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша рейтинг жасалады. Әр жылы жарияланатын рейтинг әлемнің бірқатар елін еңбек, бизнес, нарық, денсаулық, білім, инфрақұрылым, қаржылық жүйе, инновация сынды салалар бойынша бағалайды. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 140 мемлекет бағаланған. Олар әлем халқының 94 пайызын және жалпы ішкі өнімнің 98 пайызын құрайды. Индексті анықтау үшін 98 көрсеткіш есептеледі, олардың 54-і халықаралық ұйымдардың деректеріне, ал 44 көрсеткіш сауалнамаға негізделеді. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің өткен жылғы рейтингі бойынша Қазақстанның экономикалық тұрғыдан көштен қалмағанын аңғаруға болады. Рейтинг бойынша Қазақстан 140 елдің ішінде 59-орынға табан тірегені көрсетілген. 2018 жылы Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумының жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша Колумбия, Түркия, Бруней, Перу елдерінің алдына шықты. Бәсекеге қабілеттілік факторының аясында Қазақстандағы «Тауарлар нарығы», «Инфрақұрылым», «Еңбек нарығы», «Қаржылық жүйе» сынды бағыттар оң бағаланды. Сонымен қатар, еліміз 2017 жылмен салыстырғанда 0,7 балға жоғарылап, жалпы көрсеткіш бойынша 61,8 ұпай жинады. Дүниежүзілік экономикалық форум Қазақстанды «Еңбек нарығы» бойынша 30-орынға, «Бизнестің қарқындылығы» бойынша 37-орынға, «На­рық көлемі» бойынша 45-орынға, «Білім және дағдылар» бойынша 57-орынға, «Тауарлар нарығы» бойынша 57-орынға, «Институттар» бойынша 61-орынға, «Макроэкономикалық тұрақтылық» бойынша 62-орынға, «Инфрақұрылым» бойынша 69-орынға лайықты деп тапты. Айта кетейік, бұл индекс – әр елдің экономикасы мен оның бәсекеге қабілеттілігін дамыту жолындағы мәселелерді шешу үшін таптырмас талдау құралы. Дүниежүзілік экономикалық форумының жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингі 35 жылдан бері жасалып келеді. Ал Қазақстан аталған рейтингке 2006 жылдан бастап қатысуда.