14 Наурыз, 14:58 184 0 Білім Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Балалар латынша үйренеді

Президент Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы» Жолдауында қазақ әліпбиін латындандыру тақырыбын жаңдандырып, 2025 жылдан бастап оны латын графикасына көшіруге тапсырма берді. «Біздің балаларымыздың болашағы үшін біз осы шешімді қабылдауға тиіспіз. Және бұл біздің әлеммен бірлесуімізге, балаларымыздың ағылшын және интернет тілдерін терең меңгерулеріне жағдай жасайды, және ең бастысы – бұл қазақ тілін жаңғыртуға серпін береді» деп тәптіштей кеткен еді.

Демек, мемлекет латын әліпбиіне сатылап көшуге кіріскен тұста ең әуелі бүлдіршіндерді естен шығармау абзал. Ол үшін балалардың көзін үйретіп, әріптің таңбалануын жаттықтыратын құралдар қажет. Осы іске бастамашыл болған Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында латыннегізді жаңа қазақ әліпбиін үйренуге арналған 32 сериялы анимациялық «Әліпби QAZ – жануарлар» ойын жинағы көмекші оқу құралының тұсауын кесті. Жоба авторы – ағайынды Артур және Игорь Краус. Сондай-ақ, мәтін авторы Райхан Алдабергенова мен редакторы Ая Әлімбаева көмекші құралдың қазақ тілінде сауатты шығуына атсалысқан.

Ойын жинағы арқылы балалар латыннегізді жаңа қазақ әліпбиін көңілді әрі тез үйреніп, сөздерді құрастыруға бейімделеді. «Әліпби QAZ – жануарлар» көмекші оқу құралы екі ойыннан тұрады. Бірінші, Әліпби – «Жануарлар». Балалар ойын арқылы барлық әріптер мен әріп реттілігін жаттап алады әрі жануарлар атауын латын қарпінде тани бастайды. Екінші, Лото әліпби – «Жануарлар». Мұнда бала алған білім мен дағдыны пысықтап, байқампаздығы мен логикасын, бейнелі ойлануын дамыта түседі. Әрине, бұл кезде ата-ананың көмегі қажет. Себебі балаға сөздің мағынасы мен ережесін түсіндіру керек.

Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет мырзаның айтуынша, көмекші құрал балабақшалар мен бастауыш сынып оқушыларына тегін таратылуда. «Латын әліпбиіне көшуге байланысты Алматы қаласының әкімдігі де бірқатар шараны қолға алды. Тұсауы кесілген көмекші құралда 32 әріпке арналған 32 сериялы мультфильм бар. Әр мультфильм 3 минуттан, әрқайсысы жеке әріпке арналған. Тіпті, оны қолымыздағы ұялы телефонға да жүктеп алуға болады. Әзірше 1 мың данамен шықты. Егер сұраныс болса, әкімдік тапсырыс беруге дайын», – деді ол.

Соңғы жаңалықтар