14 Наурыз, 14:41 294 0 Қоғам Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

ТЫҢДАЙ БІЛУ – МӘДЕНИЕТТІЛІКТІҢ  ҮЛГІСІ

Жаратқанның қай күні мен айының да қадір-қасиеті өте жоғары. Жарық күннің сәулесін сезіну – бақыттың ең мәртебелісі. «Табанымның жер ызғарын сезінуінің өзі мен үшін, адам баласы үшін  үлкен бақыт»,– дейтін  қазақтың қайталанбас талантты ұлы Шерағаң, Шерхан Мұртаза! Ақиқаты солай!

Ал сол айлардың ішіндегі адамзат баласына да, Жер мен Көктің де, айналаңды қоршаған табиғаттың да ерекше күйге түсетін, құлпыратын бір тұсы, ол – жыл басы Наурыздан басталатыны, оның ішінде Аналар мейрамымен нұрлана түсетіні тағы шындық. Мерекелі-берекелі айдың ерекшелігі де осында болса керек.

Мәселен аналар мерекесіне орай «Майра» продюсерлік орталығы да жыл сайын қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлауды әдетке айналдырып келеді. Биыл он үшінші  жыл қатарынан өтіп келе жатқан «Жан Анам» атты  шарада құлақ құрышын қандырар әсем ән тыңдап қана қоймай, бір мүшел бойы концертпен қатар жүргізіліп келе жатқан қайырымдылық шарасының да куәсі болдық. Ел арасында «Қазақтың Майрасы» атанған жомарт жүректі продюсер-әншінің  тұла-бойы тұнған мейірім мен бауырмалдығына жүрек жылып, жанарға жас келді. Өйткені үзіліс кезінде қайырымдылық жәшігіне жиналған сегіз жүз мыңға таяу қаржы Аружан есімді бүлдіршіннің Мәскеу қаласында жасалатын отасына көмек-сыйллық ретінде ұсынылды. «Қыздар-ай», тобы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Бағдат Сәмидинова, халықтың жүрегінен үлкен орын алатын Айгүл Иманбаева, Шәкизада, ГауҺар Қаспақова сынды белгілі әншілеріміз сахнаның сәнін келтірді. Майраның бір ерекшелігі, ел ішіндегі өнерге жақын, дарынды жастарды іріктей алуы десек, қателеспеспіз. Осы жолы да біраз жастардың тұсауы кесілгені анық. Халық көңілінен шыққандарының  құшақтары көктемнің алқызыл гүлдеріне толды.

Әттеген-ай?!. Иә, осы бір көңілді кештің ауанын бұзған мына бір оқиға көз алдымыздан кетер емес. Қазақ халқы дарынды, талантты, өнерлі халық. Оған дауымыз жоқ. Еліміздің қай өңірлерінде де сол  тұрғылықты халықтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына тікелей байланысты күй шертіп, ән салудың да  үздік мектебі қалыптасуының да сыры осында жатқан секілді. Батыстың, Арқаның, Жетісудың деп тарих қалыптастырған әдемі бір үрдістің әлі күнге өз деңгейінде екенінен де көп нәрсені аңғаруға болар.

Біздің айтпағымыз, дәстүрлі не болмаса эстрадалық ән тарихы емес еді, сондай таңғажайып өнері бар халықтың сахна өнеріне, ән тыңдау өнеріне жүрдім-бардым жеңіл қарауы кей тұстарда жан ауыртатыны жайлы. Кейде бір өзі бір кітаптың жүгін арқалап, екі сағатта бар болмысыңды билеп алатын спектакль көріп отырып, көрерменнің ара-тұра қол шапалақтауы... өз рөлдеріне кіріп кеткен актерлар түгілі, бар ынтаңмен көріп отырған сенің де көңіліңді бұзып жіберетін тұстарын көргенде қарның ашып қалғандай боласың. Көңіл құлазып сала береді. Сахна мен залдағы қарым-қатынасты әдемі жалғап, сол дүниелердің өз басыңнан өтіп жатқанындай әсер алып отырған кейпің... табан асты соғылған шапалақтың астында қалып қоятыны бар. Концертте де солай!  Әрине, халықты лирикалық не болмаса мұңды әуендер жалықтырып алмасын дейтін болар, дегенмен тыңдарманның көпшілігі сахнадағы жеңіл әуендерге әбден-ақ бой алдырып қалғаны, тіпті ортаға шығып алып  тойда жүргендей екі иықтарын жұлып жеп билеуі... залдың ығы-жығы қозғалысы...  өз тыңдарманына жақындауға мүмкіндік бермей әншілерді олай-бұлай сүйреп суретке түсуі...  мүмкін, біз қателесіп отырған шығармыз, қисынсыз тірліктер.

«Жан Анамның» жан жылытар жылуын концерт біткенде сахнадағы әншілермен жағаласа-жармаса қолына микрофон алған мына бір әйелдің тірлігі осы бірауыз мақаланы жазуымызға себепкер болды. Аса жас та, қартамыс та емес, орыстілді әйел ел назарын өзіне аударды. Зал тым-тырыс. «Осы концерт дегенге неге алдап шақырғанды қоймайсыңдар, өз басым Нағима Есқалиева мен Роза Рымбаева бар деген соң келіп едім»,– деп айқайға басқан әлгі әйел сөзге тоқтар емес. «Кешіріңіз, сөз тыңдаңыз, Нағима мен Роза да концерт репертуарында болғаны рас, бірақ мерекеге байланысты біреуі Астанаға, біреуі Семейге аяқ астынан шақырту алды да, сонда кетті, кешіріңіз»,– деген Майраның сөзін құлағына ілер емес. Шыдамы таусылып, екі жарым-үш сағаттық  концертті  ұйымдастыру да оңай емес, шаршаған Майра Ілиясова көпшілікке қарап: « Сіздер тек Нағима мен Роза үшін ғана келмеген боларсыздар, айтыңыздаршы»,– деп шарасыздана халыққа қарады. Осы кезде барып есін енді жиғандай болған көрермен-тыңдармандар шу ете түсті. «Бүкіл залдағылардың атынан сөйлейтіндей кімсіз, сахнадан тез түсіңіз» деген дауыстар да анық естіліп жатты. Осы сөз демеу болды ма, Майра ханым: «Жүріңіз, қанша адам келдіңіздер, билет ақшасын қайтарып берейін» деп әлгі әйелді сахна сыртына жетелеп әкетті.

Ұзынқұлақтан естігеніміз: билет құнынан артықтау он бес мың теңгесін қайтарып алған,  дәл Аналарымызды ұлықтап жатқан әдемі бір кештегі әлгі әйелдің қылығы есімізден кетпей қойғаны.... Тәлім-тәрбиенің озық үлгісін қалыптастырып келе жатқан қазақилығымыз қайда қалды?! Қыз, бойжеткен, келін, ана, әже дейтін қастерлі сатылардан өткен әлгі долы қазақ әйеліне қандай уәж айтуға болар еді?.. Сахна мәдениетін бұзды деп кейбір жеңіл әуенге құмар әншілерді сынай бергенше, өз мәдениетімізді түзейік, тыңдарман! Жаның қалап тұратын әркімнің өз әншісі барлығы, әрине, қуаныш. Дегенмен, оларды үлкен сахнадан ғана іздемей, үйде де тыңдауға мүмкіндігіміз шексіз емес пе еді...

Соңғы жаңалықтар