Жаңалықтар

ҚАЛАМГЕРЛЕР  ТҮРЛІ ПІКІРДЕ...

ашық дереккөзі

ҚАЛАМГЕРЛЕР  ТҮРЛІ ПІКІРДЕ...

Соңғы бір-екі жылдың көлемінде қаламгерлер арасында біреулерге ұнап, енді біреулері құптамайтын «дүмпулердің» бірі – Мәдениет және спорт министрлігінің мына бағдарламасы болды десек, артық айтқандық емес. «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» республикалық бюджеттік бағдарламасының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы 2017 жылда жарыққа шығатын әдебиеттер тізімімен жалғасқанын көзіқарақты оқырман есінде болар. Содан бері үшінші жылға аяқ басқан осынау бағдарламаның бүгінгі жай-күйі жайлы білгіміз келіп, бірнеше жазушыларға хабарласқан едік. Аты-жөндерін атамай-ақ қоюды ескерткен бірнеше танымал жазушыларымыз алғашқы кезде мән-жайды толық түсінбей қалғандарын, бұл ереженің тиімді жағы мен келіспейтін жағдаяттары  да бар екенін айтып қалды. Ал орта буын өкілдерінің пікірі мынадай: Ділдәр Мамырбаева, жазушы: уақыт өзі екшейді  – Кітабым әлі жарыққа шықпады. Қаламақысын алдын-ала алған соң, жайбарақат отырмын. Неге кешігіп жатқанын сұрауға да мән бермедім. Мұрағатыңда, компьютерде тұрғаннан кәдеге асқаны жақсы ғой. Баспалар бәрібір жарытып қаламақы да төлемейді. Сатылған дүниеңнің авторы өзің болғанымен, жетпіс жылға дейін қайта бастыруға, жарыққа шығаруға болмайтынын ойлағанда, іштей қимастық сезімі де бас көтереді екен. Бірақ жетпіс жылда кім бар, кім жоқ?! Одан да қазір қызығын көрген дұрыс шығар,  қатып қалған қағида жоқ, заң да әлі талай өзгерістерге ұшырамай ма деп ойлайсың. Бес мың таралыммен жарыққа шығып жатса, талай адам оқыр, оның үстіне, рас болса, әлемнің алты тіліне аударылады екен. Ал авторы деп атымыз жазылады. – Жасырын болмаса, қанша қалам-ақы алдың? – Құпия ештеме жоқ, әрбір баспа табаққа 150-160 мың теңгеден төлейді. Маған екі миллион теңге шықты, салықтан қалған бір миллион жеті жүз мыңын алдым. Шетелге шыққан, шет тілдеріне аударылған жағдайда шығармаңның, кино немесе мультфильм түсірілген жағдайда да қаламақысын алмаймыз. Төленбейді екен. Барға қанағат. Өздері басып шығарып, таратып, тіпті шет тілдеріне аударып оқырмандарыңның қатарын көбейтіп жатса, оған да шүкіршілік жасамасқа болмас... Бір жұбанып, бір күйініп, «әліптің артын бағып» жатқан қаламгерлеріміздің көкейіндегі «үшінші жылға аяқ басқан бағдарлама» бойынша қанша кітап жарыққа шықты екен деген сұрақпен министрлікке хабарласып едік, тілдесе алмадық...  Мүмкін алдағы уақытта тұщымды жауап алып, көңіл орнығар деген сенімдеміз.