Наурыз мейрамы: тойлау маңызды емес, мән-мазмұны артпаса
Наурыз мейрамы: тойлау маңызды емес, мән-мазмұны артпаса
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Ұлттық жаңғыру – Ұлыстың ұлы күнінен басталуы тиіс екенін қадап айтқан еді. Мұны іліп әкеткен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамын жаңа сипатта атап өту туралы ұсыныс жасады. Биыл да министр өз ойын қоғам талқысына салуға тырысты.
Министрдің айтуынша, қазақтың ұлттық мейрамына халықтың ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстан халқы түгел тойлайтындай мазмұн беру керек. Ол үшін бұл мерекені балалардың көз қуанышына айналдырып, оқушылардың үшінші тоқсандық демалысын наурыз мерекесіне үйлестіру, Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы һәм символикасын бекіту, осы мейрам аясында тал егу, көрісу, т.б құндылықтарды дәріптеу, мерекені заманауи ұлттық киімдермен қарсы алу, т.б керектігін алға тартып отыр.
Расында, Ұлыстың ұлы күнін Григориан күнтізбесіндегі жаңа жыл мейрамы сияқты жаңа үлгіде неге атап өтпеске?! Бұған дейін Түркістан облысы Наурыз мейрамын тоғыз күн бойы ерекше жағдайда атап өткені ел есінде. Әр күнге атау беріліп, ұйымдастырылған тәрбиелік іс-шаралар мерекенің мәнін аша түсті. Тіпті, Парламент Сенатының депутаттары Түркістан облысының бұл бастамасын бүкіл ел аумағында үлгі ету керектігін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Бұл жайында этнограф-ғалымдардың пікірі қандай?
Уақап Қыдырханұлы, этнограф-жазушы: «Қазақ» газеті жылда 9 наурызда құттықтаған
– Наурызға қатысты ең басты қолжазба, ол – Омар Хайямның қолжазбасы. Себебі Омар Хайям наурызды күн мен түннің теңелетін уақытына теңестірген, күнтізбені қалыптастырған, ХІ ғасырда сол күнтізбені жасауға қатысқан тұлға. Ол 1079 жылы күн мен түннің теңелетін уақыты деп Наурызға тоқтаған. Оған дейін парсы абыздары күнтізбені дұрыс есептемегендіктен Наурызды, жаңа жылды тойлау жылдың әр уақытына ауысып отырған. Көктемге, жазға, тіпті күздің қыркүйегіне де сәйкес келген кезі болған. Бірақ ол күнтізбе дұрыс болмай, халықтан салық жинайтын уақыт дұрыс шешілмегендіктен, күнтізбені қайта жасау қолға алынған. Ол күнтізбені жасауға бірнеше жұлдызшылармен бірге Омар Хайямның өзі де қатысқан. Сол кезде ол күн мен түннің теңелген күні 21-22 наурыз күні тойлайық деген еді. Ал Омар Хайямға дейін бұл мейрамды парсының ескі күнтізбесінде 14 наурыздан атап өтеді екен. Сол үрдіс еліміздің батыс өңірінде сақталып қалды. Каспийдің арғы жағы мен бергі жағындағы Кіші жүз қазақтарына парсының ықпалы өте күшті болды. Өзім мерекені 14 наурыздан бастап атап өтуге қарсымын. Меніңше, нақты 21-22 наурыз күні ғана тойлау керек. Қазақ жерінің климаты әртүрлі. Оңтүстікте жер ерте көгеріп, дән себу де ерте басталады. Сондықтан олар наурызбек торғайының ұшып келген кезінен тойлаған. Ал Алтай, Сібір қазақтары сәуір айына дейін атап өтеді. Осылайша, қазақтың Наурыз тойы бір айға созылған. Қазір той тойлап жүретін заман емес. Сондықтан мәдениетті, өркениетті елдердегідей өткізу қажет. Мемлекет Наурыз мейрамына 5 күн демалыс беріп отыр. Осының өзі жеткілікті.
Сондай-ақ, Қыдыр атаны кейбіреулер Аяз ата, Санта Клаус сияқты танымал етейік дейді. Қыдыр ата – мифологиялық кейіпкер. Ал біз орыстың Аяз атасы сияқты киіндіріп жүрміз. Осы керек пе?!
Қасымхан Бегманов, этнограф: Наурызды 7 күн тойласақ артық емес