Наурыз мейрамы: тойлау маңызды емес, мән-мазмұны артпаса

Наурыз мейрамы: тойлау маңызды емес, мән-мазмұны артпаса

Наурыз мейрамы: тойлау маңызды емес, мән-мазмұны артпаса
ашық дереккөзі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Ұлттық жаңғыру – Ұлыстың ұлы күнінен басталуы тиіс екенін қадап айтқан еді. Мұны іліп әкеткен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамын жаңа сипатта атап өту туралы ұсыныс жасады. Биыл да министр өз ойын қоғам талқысына салуға тырысты. Министрдің айтуынша, қазақтың ұлттық мейрамына халықтың ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстан халқы түгел тойлайтындай мазмұн беру керек. Ол үшін бұл мерекені балалардың көз қуанышына айналдырып, оқушылардың үшінші тоқсандық демалысын наурыз мерекесіне үйлестіру, Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы һәм символикасын бекіту, осы мейрам аясында тал егу, көрісу, т.б құндылықтарды дәріптеу, мерекені заманауи ұлттық киімдермен қарсы алу, т.б керектігін алға тартып отыр. Расында, Ұлыстың ұлы күнін Григориан күнтізбесіндегі жаңа жыл мейрамы сияқты жаңа үлгіде неге атап өтпеске?! Бұған дейін Түркістан облысы Наурыз мейрамын тоғыз күн бойы ерекше жағдайда атап өткені ел есінде. Әр күнге атау беріліп, ұйымдастырылған тәрбиелік іс-шаралар мерекенің мәнін аша түсті. Тіпті, Парламент Сенатының депутаттары Түркістан облысының бұл бастамасын бүкіл ел аумағында үлгі ету керектігін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Бұл жайында этнограф-ғалымдардың пікірі қандай? Уақап Қыдырханұлы, этнограф-жазушы: «Қазақ» газеті жылда  9 наурызда құттықтаған  width= – Əр халық өзінің аңызы бойынша, Наурызды өздеріне қарай икемдеп, бейімдеп əкетті. «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 22 наурыздағы санында Əлихан Бөкейхановтың «Əлем күнтізбесінің тарихы мен мазмұны» атты мақаласында наурызды алғаш тойлаған Бабыл (Вавилон) мемлекеті дейді. Алаш қайраткері бұл мақаласында күн мен түннің теңелуі, жылдың басы наурыздан басталған дейді. Ал тағы бір мəлімет көздерінде, ертеде парсы патшалары тағына бір күн өзінің жақсы көретін құлдарын, кедейлерді отырғызған. Бұл тұрғыда Мәшһүр Жүсіптің қолжазбасы да ерекше рөл атқарады. Мәшһүр Жүсіп өзінің көзі тірісінде бала күнінен бастап көз жұмғанға дейін көрген-білгеніне сүйеніп, Наурыздың қалай өтетінін жазып кеткен. Ол кезде ескі Юлиан күнтізбесі ғой. Біз Григориан күнтізбесін 1918 жылдан бастап қолданысқа енгіздік. Ал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы наурыздың тоғызында жаңа күн, жаңа жыл басталатындығын айтады. «Қазақ» газетінің алғашқы бетінде жыл сайын наурыздың тоғызы күні халықты жаңа жылымен құттықтау лебізі берілген. Наурыз – айдың аты емес, жылдың басындағы күннің аты. Оны айдың атына қазақ халқы айналдырды. Неге айдың атына айналдырдық? «Наурыз» негізінен парсы сөзі. «Наурызнама» деген де парсы сөзі. Сол парсы сөзін қабылдап, байырғы түркілер өзімізге енгізді. Наурыз – жылдың басындағы күннің аты. Қазақшаға аударғанда «ұлы күн», «жаңа күн» деген мағына береді. Ал енді «ұлыс» деген сөз парсы тілінен «жыл» деп аударылады. Демек, «Ұлыстың ұлы күні» «жылдың басындағы бірінші күн» деген мағынаны береді. Қазақтар Наурызды, яғни жаңа жылды бірнеше күн тойлаған. Сол бірнеше күн тойлауын біз бір ай деп айтамыз. Бұл – қазақтың әсірелеп, теңеп айтуынан туындаған. Ахмет Тоқтабай, этнограф: Қазір бір ай той тойлап жүретін заман емес  width= – Наурызға қатысты ең басты қолжазба, ол – Омар Хайямның қолжазбасы. Себебі Омар Хайям наурызды күн мен түннің теңелетін уақытына теңестірген, күнтізбені қалыптастырған, ХІ ғасырда сол күнтізбені жасауға қатысқан тұлға. Ол 1079 жылы күн мен түннің теңелетін уақыты деп Наурызға тоқтаған. Оған дейін парсы абыздары күнтізбені дұрыс есептемегендіктен Наурызды, жаңа жылды тойлау жылдың әр уақытына ауысып отырған. Көктемге, жазға, тіпті күздің қыркүйегіне де сәйкес келген кезі болған. Бірақ ол күнтізбе дұрыс болмай, халықтан салық жинайтын уақыт дұрыс шешілмегендіктен, күнтізбені қайта жасау қолға алынған. Ол күнтізбені жасауға бірнеше жұлдызшылармен бірге Омар Хайямның өзі де қатысқан. Сол кезде ол күн мен түннің теңелген күні 21-22 наурыз күні тойлайық деген еді. Ал Омар Хайямға дейін бұл мейрамды парсының ескі күнтізбесінде 14 наурыздан атап өтеді екен. Сол үрдіс еліміздің батыс өңірінде сақталып қалды. Каспийдің арғы жағы мен бергі жағындағы Кіші жүз қазақтарына парсының ықпалы өте күшті болды. Өзім мерекені 14 наурыздан бастап атап өтуге қарсымын. Меніңше, нақты 21-22 наурыз күні ғана тойлау керек. Қазақ жерінің климаты әртүрлі. Оңтүстікте жер ерте көгеріп, дән себу де ерте басталады. Сондықтан олар наурызбек торғайының ұшып келген кезінен тойлаған. Ал Алтай, Сібір қазақтары сәуір айына дейін атап өтеді. Осылайша, қазақтың Наурыз тойы бір айға созылған. Қазір той тойлап жүретін заман емес. Сондықтан мәдениетті, өркениетті елдердегідей өткізу қажет. Мемлекет Наурыз мейрамына 5 күн демалыс беріп отыр. Осының өзі жеткілікті. Сондай-ақ, Қыдыр атаны кейбіреулер Аяз ата, Санта Клаус сияқты танымал етейік дейді. Қыдыр ата – мифологиялық кейіпкер. Ал біз орыстың Аяз атасы сияқты киіндіріп жүрміз. Осы керек пе?! Қасымхан Бегманов, этнограф: Наурызды 7 күн тойласақ артық емес  width= – Наурыз мерекесін жаңа ұлттық үлгіде ауқымды етіп өткізу жөнінде ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ұсынысы көптің көкейіндегісін қозғап, жер-жерде құптарлық, оңды пікір айтыла бастады. Бұл мәселе дер кезінде көтерілгеніне қуандым. Міржақып Дулатовтың 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне жазғаны бар. «Қазақтың жалғыз мерекесі бар. Ол – Наурыз» делінген сол мақалада. Бұл мәселе туралы Ахмет Байтұрсынов та, Әлихан Бөкейханов та жазды. Осының бәрін сұрыптай келе, қалған мерекеміз қайда кетті дегенді ойлана бастадым. Қазақ даласының оңтүстігін де, солтүстігін де, шығысын да араладым. Бірақ мен жоғымды батыстың Отпантауынан таптым. Біз көп нәрсені жоғалттық. Мәдениет және спорт министрлігінің екі жұмысын жоғары бағаладым. Біріншісі, «кешегі көрісу күнін қалпына келтірейік, бүкілхалықтық дәрежеге көтерейік» деген бастамасы. Одан кейін министрліктің «Наурыз мерекесін қалай өткіземіз?» деген бастама көтеруі де игі іс болды. Қазақ халқында жеті саны – қасиетті сан. Сондықтан Наурызды 7 күн тойласақ деген ұсыныс айтқым келеді. Наурызды 7 күн тойлап, жетінің бәрін байланыстыра келе, ғылыми жүйеге түсірсек деймін. Менің ұсынысым – наурызды 7 күн тойлау, наурыз көже әзірлеуді бір ізге түсіру және мейрамды халыққа жақындату, әсіресе, балаларға жақындату. Мерекеде ең алдымен, бала қуануы керек. Қазір бала қуанатын мереке қалған жоқ.