Жаңалықтар

ҚУАНЫШ ЖИЕНБАЙ: БЕЛСЕНДІЛІК – КӨШЕГЕ ТУ КӨТЕРІП ШЫҒУ ЕМЕС, ҚАЛАМГЕР ҚАШАНДА ХАЛЫҚ ЖАҒЫНДА!

ашық дереккөзі

ҚУАНЫШ ЖИЕНБАЙ: БЕЛСЕНДІЛІК – КӨШЕГЕ ТУ КӨТЕРІП ШЫҒУ ЕМЕС, ҚАЛАМГЕР ҚАШАНДА ХАЛЫҚ ЖАҒЫНДА!

Жазушы – қоғамның барометрі болуы тиіс. Өйткені оның шығармашылығының басты нысаны – адам тағдыры. Бүгінгі қоғамда қаламгерлерді болып жатқан жағдайлардың мәнін халыққа түсіндіруде белсенділік көрсете бермейді деп кінәлау да жоқ емес. Әрине, оның дұрыс та, бұрыс та жағы бар. Сондықтан біз осы секілді өткір мәселелер мен әдебиеттің ұлтқа, мемлекетке тигізер әсері жөнінде білмек болып, белгілі жазушы, он бестен аса кітаптың авторы, Халықаралық «Алаш» және  Қазақ ПЕН-клубы сыйлықтарының лауреаты Қуаныш Жиенбайды әңгімеге тартқан едік. – Сөз өнері адам жанын тәрбиелейтін құдірет. Бірақ көп жағдайда ақын-жазушының қоғамдағы орны оның азаматтық белсенділігіне қарай бағаланатыны бар. Сіз қаламгер азаматтығы дегенде нені түсінесіз? – Сұрақтың алғашқы сөйлемі мірдің оғындай. Оның тасқа басылған таңбадай осы күнге аман жетуінің өзі қалам ұстағандарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Яғни, адам жанын тәрбиелейтін сөз өнеріне өз үлесіңді қоса алмасаң аулақ жүргенің абзал, ақ қағаздың киесіне ұрынбағаның орынды. «Ақын-жазушының қоғамдағы азаматтық белсенділігі» дегенді де осы төңіректен іздестірген жөн болар. Сөздің құдіретін сезініп, бір жол жазса да алдымен жүрегімен тілдесетіндер дүрмекке ілесіп, бағана басына шыға салып айқайламайды. Айтар ойын алдымен «мидың мың градустық домнасында қайнатып, пісіріп» алады, орынсыз жерге килікпейді. Қаламгердің үнсіздігін «бұғып қалдыға» балайтындар көп, сол арадағы бос «вакумды» пайдалана қалатындар табан астынан «жүрек жұтқандар» боп шыға келеді. Бұ да осы күнгі үйреншікті «драма». Тіл, діл, дін, жерді сату-сатпау, тастанды бала төңірегінде қазақ қаламгерлерінің «жанайқайы» елдің есінде. Мұны қайталай берудің де қажеті шамалы. Бексұлтан Нұржекеев ағамыз дыбыс үндестігі, орфографиялық ережелер, латын алфавиті төңірегінде тіл мамандарынан бетер орынды мәселе көтеріп жүр,  «көл қорыған қызғыштай»  деп Ә.Сараев ағамыз айтпақшы, қазақ ұғымына сіңісті болған сөз тіркестері дұрыс жазылмаса дереу «қорамсаққа қол салатын» Қажығали Мұқанбетқалиев ағамыздың «оперативтілігі» ұнайды. Қуанышбай Құрманғали мен Әмина Құрманғалиқызының әдеби сын-талдауларының көңілден шығарына күмән жоқ... Белсенділік – көшеге ту көтеріп шығу емес. Қаламгер қашанда халық жағында. Жазған-сызғаны көптің көкейінен шықса, сол үлкен демеу. Асанәлі ағамыз айтқандай: «актердің көрінгені, жазушының көрінбегені жақсы». – Жасыратыны жоқ, кеңестік кезеңде әдебиет – мемлекет саясатының жаршысы болды. Сол арқылы халыққа идеологияны сіңірді. Бүгінгі қазақ мемлекетінің патриоттарын тәрбиелеуде ұлттық әдебиетіміздің рөлі қандай? – Иә, кеңестік кезеңде әдебиеттің мемлекет саясатының жаршысы болғаны рас, «алмақтың да салмағы бар», мемлекет те қаламгерлер алдында қарыз боп қалған жоқ. Баспадан бір кітабы шығысымен «бала-шағамды осы кітаптың қаламақысы-ақ асырайды» деп қағаз-қаламын қолтықтап, алаңсыз шығармашылықпен айналысу үшін қала сыртындағы шипажайға кетіп бара жатқандардың талайын көргенбіз. Кітап мыңдаған тиражбен таралатын, қаламгерлердің елдегі абырой-беделі қандай еді! Оның шет-жағасын біздің буынның да көріп қалғаны бар. Соғыс кезінде де қаламгерлерге қамқорлық жасау бір сәтке тоқыраған жоқ. «Мұртты көсем» – Сталин мен «Тынық Донның» екінші томын аяқтаған М.Шолохов арасындағы әңгіме-диалог қандай жарасымды! Мойынға міндет жүктеудің де майдан қыл суырғандай өзіне тән жөн-жосығы бар. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, басы мыж-тыж боп, кім үшін жазып жатқандығын өздері де біліңкіремей, әйтеуір, артымда бірнәрсе қалады ғой деген есекдәмемен жанталасатындарға шынымен жаным ашиды. (Соның ішінде өзім де бармын!) Қазір ақысын төлемесең етікші есігінен қаратпайды. Қаламақының жыры белгілі. «Ақын-жазушының кітабын мемлекеттік тапсырыспен шығарып беретін жалғыз біздің ел ғана» дейтін жадағайлау түсінік етек алып барады. Нарыққа бейімделу керек дегенмен, ілгеріден келе жатқан қазақы дәстүрді, кітап сөзіне иланатын қазақы құндылықты тамырдан ажыратпау керек еді. «Қыз Жібек» көркемфильмінде Төлегеннің ер-тұрмансыз ақбоз атын Жібектің қыр басынан жалғыз күтіп алатын эпизод бар. Жүрегі қара тас болмаса осыны көрген адамның көзіне жас алмайтыны сирек. Жүректі дір еткізу – әдебиеттің ең басты миссиясы. «Қыз Жібек» әу баста әдеби туынды ғой. Осы тұста да қазақы патриоттық тәрбие тұнып тұр. Қазақ қаламгерлері бас айналдыратын  әрі біздің оқырман да бой үйрете қоймаған әлемдік әдеби үрдістердің, фэнтези-мәнтази, толып жатқан «...измдердің» шылауына түсіп кете қойған жоқ әзірге. Іздесеңіз әр қазақ кітабынан патриоттық тәрбиенің көкесін табасыз! – Бүгінгі қоғамда бұрын бізге белгісіз болып келген қылмыстың түрлері қаптады. Адамдардың жан-дүниесінің таязданып, қатыгезденіп бара жатуына не себеп? – Және  жан түршігеді! Л.Толстой  бүй дейді: «Құдайға сенсем болғаны мен тірімін; есімнен шығарсам, сенбесем болғаны, мен өлдім! Құдайға сеніп өмір сүр!» Бұдан асырып айтамын деп тыраштанудың қажеті не. Жаһандану процесі байқатпай, батпандап кіріп, қол-аяғымызды кісендеместен шырмауықша байлап-матап тастады. Теледидарыңызда мың арна ақша сұрамастан күндіз-түні сайрап тұр. Түн жарымынан ауа «кемпір-шалдар ұйықтаған соң» делебеңді қоздыратын «аса зәру» фильмдерді тегін көрсетеді. Бөлмесін іштен құлыптап алатын бозбала дірілдеп-қалтырап, ертеңгісін ұйқысынан әзер оянып, жұмысына есеңгіреп әрең  барады. Бесіктегі сәбидің қолында компьютер, анасы алданыш тауып жыламағанына мәз. Көретіндері – атыс-шабыс, тамақтан шалатын өткір кездік... Көше қан жоса... Бұрын үнді фильмдеріндегі түн ішіндегі осындай көріністер басқашалау, «романтикалау» болатын.  Қараңғылық, себелеген ақ жауын, жауын астында дүниеге келген шарана. Ауылдың қамыстан тұрғызылған клубында баласын емізіп, өзі рахаттана үнді фильмін көріп, пора-пора жылап отыратын қайран жеңгелерімнің қазіргі әрекеті мүлде басқаша. Үнділер де фильм тақырыбын «бүгінгі күнгі өткір мәселелерге» ыңғайлаған. «Мен таяуда Мұхаммед пайғамбар жайында фильм көрдім. Оны түсірген Иранның ұлы режиссері Маджид Маджиди. Бұл фильм исламға деген көзқарасымды бүтіндей өзгертіп жіберді. Пайғамбар бірде-бір жерде көрінбейді», – дейді атақты киногер Н.Михалков. Иман сөзі ғой.  Кеудедегі иман нұры азайса, адамның хайуанға айналуы түкке  тұрмайды. Жан-дүниеміздің таязданып, қатыгезденіп бара жатқандығының бір, тіпті басты себебі осы – имансыздық. Біздің ауылдағы ең жаман қарғыс – «иманың күйсін!» Оны айтасыз, кейбіреулер жақын адамы о дүниелік болса да қатты қайғырып жыламайды. Көз жасы кеуіп кеткен. Яғни, көз жанарын әлме-әл «жуып» тұратын мөлдір тамшыны қайда жоғалтқанын білмейді. Жә, осы тұстан тоқтайын, еркіне жіберсең «ат басының» әріге сілтейтін түрі бар. Кітаптың аз оқылатыны жайлы «жырды» жалғастырсам, әңгіме ұзап кетер... – Соңғы кезде елімізде Мемлекеттік сыйлық беру мәселесі өткір сынға ұшырап жүр. Расымен әдебиетті бағалауда әділетсіздік үстем болып жүр ме? – Көпке топырақ шашуға болмайды. Осылай деп жүргендері  рас болса, шындықтың бір ұшы осы тұстан тарқатылар. Қалай дегенде де ел оқып-тұшынған шығармалардың бәйгеден озғаны олжа! Жұрт тобыр ғой деп, қолды бір-ақ сілтейтіндердің істеп жүргендері қиянат. Қазақ әдебиетіндегі мойны озық шығармаларға жасалған қиянат. Жұртшылықтың ой-пікірімен санасқан ләзім. Комиссияның дауыс беру тәртібі де ойдан шыға қоймайды. Бәйгеге түскен шығармалардың жанашырлықпен оқылмайтындығы өз алдына, әдебиеттен тысқары адамдардың қолдарындағы «кнопканың» қалай басылатындығы құпиялығынан айырылды. Нобель сыйлығына дауыс беру жұмбағы елу жылдан соң ашылады. Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссия құрамына енетін сан түрлі мамандық иелерінің  табан астынан әдебиетке «жанашырлық» танытуы, қалай дегенде де, ақылға сыймайды. – Тәуелсіздіктен бергі жерді саралап қараған адамға қазақ әдебиетінде проза жанрына келіп қосылған жастардың аздығы байқалады. Бұл құбылыстың себебін қалай түсіндіре алар едіңіз? – Бұл сұрағыңызға келісе қою қиындау. Мен сізге шығармаларымен азды-көпті таныс болып жүрген біраз жігіттердің аты-жөндерін атайын: Бегабат Ұзақов, Сәкен Сыбанбай, Дәурен Қуат, Қанағат Әбілқайыр, Өміржан Әбдіхалықұлы, Ұларбек Дәлей, Мирас Мұқаш... Аттары аталмағандары қаншама! Осы жігіттердің арасынан екі-үш жазушы оза шауып, қазақ әдебиетіне жүктелер жүкті мойындарымен ауырсынбай көтере білсе, ешнәрседен ұтылмаған болар ек. Иманы саламат болғыр Дүкенбай ағам айтушы еді: «Мен алдыңғылардан емес, артымдағылардан қорғамын. Олар кейде мені таптап кететін секілді болады да тұрады» деп. Алды роман жаза бастады. Прозаға жастары қырықтан асқандар ғана тәуекел етеді дейтін түсінік өзгерді. Бәлкім, бұл өмірдің қатпар-қатпар құбылыстарынан сүрінбей өтіп, тәжірибе жинақтап барып прозаға келсе, құба-құп болар еді дейтін алдыңғы буынның назы болар. Қалай дегенде де проза ауыр жанр. Тәжірибесіздіктен сөзді көпіртіп көп қолданамыз, қазіргі оқырманның талғамы оны көтере бермейді. Ал қисыны келген сөзді көзбе-көз тұсаулап тастау да шеберліктің белгісі емес. Осы аралықтағы «алтын көпірден» қиналыссыз өте білгендердің жұлдызы жарқын. Әбекеңнің, Нұрпейісовтің кездескен бетте айтар басты бұйымтайы – «тарта жазсаңдаршы, сөздің киесінен қорықсаңдаршы, беталды төпей бермесеңдерші!» Ойдан шықпайтын-ақ ескерту! Классиктің жанашырлық байламы! Реті келгенде тілге тиек ете кетейін, қазір бір шоғыр ақын қарындастарымның оралымды ойлары, көл-көсір түсінікті төрт жол – бір шумақтың аясына сыйғыза білу шеберлігі, ой еркіндігі мен әлемдік деңгейдегі қияли шарықтау үрдістері таңқалдырумен келеді. Осы құбылысқа шын ниетіммен қуаныштымын. Және көңіл көншітпейтін кішкене  «әттеген-ай»: «тұсаукесер» дейтін кесел «күн тәртібіне» мықтап орнығып алды. Алақандай жинағы шығысымен үлкен сарайды жалдап, дереу дүрілдетіп «тұсаукескер» өткізеді. Әріптес аға-апаларына, құрбы-құрдастарына кезекпен сөз беріледі. Өңшең мақтаудан тұратын «жабыла жарыс». Осы мақтаудың жас қаламгерге инедей пайдасы жоқ, шығармаға бейтаныс оқырманның берген бағасы әділ баға. Мейлі, сынай берсін... – Қазақ прозасында соңғы кезде туған кесек шығармаларды атай аласыз ба және олар несімен ерекшеленеді? – Күрделі жанр – романның сирексігенін ішім сезеді. Жазып жатқандар болса сәттілік тілеймін. Қолға түссе оқып шығуға әзірмін. Автор үшін де, өзім үшін де. Тұрысбек Сәукетаевтың «Мен – Жындымыны» да, одан соңғы шығармалары да ұнайды. Уақыттың тамыр бүлкілін тап басатын жазушы. Мемлекеттік сыйлықты алғанымен Қажығали Мұқанбетқалиевтің «Тар кезең» тарихи романы сауатты сыншының жан-жақты талдауын қажетсінетін күрделі шығарма. Жасы сексеннен асса да қалам-қайратын суытпай, әңгіме-романдарынан бөлек, тарихи дүниелерді көркем тілмен кестелеп, оқырмандарынан қол үзбей, үнемі шабыт үстінде жүретін Әнес Сарай ағамыздың елгезектігінен баршамыз үлгі алсақ керек-ті. Ал осыдан екі жылдай уақыт бұрын жарық көрген талантты қаламгер Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» трилогиясы – қазақ прозасын жаңа белеске көтерген пішімі бөлек, соны бағыттағы терең ойлы шығарма деп санаймын. Кәдірбек Сегізбаев, Несіпбек Дәутаев, Әлібек Асқаров, Жұмабай Шаштайұлы, Серік  Асылбекұлы,  Марат Мәжитов, Қуандық Түменбай, Жүсіпбек Қорғасбек секілді жазушылардың мерзімді басылымдарда, әлеуметтік желілерде жарияланып тұратын көркем шығармаларымен қоса тосын әдеби пікірлерін  де қалт жібермей қадағалап оқып отырамын. Сұрап жатса өз тұжырымымды жеткіземін. Жасыратын не бар, осы күндері қаламгерлер қауымы жүрек жылытатын бір ауыз жылы сөзге зәру. Сол бір ауыз сөзін қимайтын, кішкене болса да қолтықтан демеп жіберуге толықтай құқы бар кейбір ағайындардың неге соншалық немқұрайлық танытатын ауыр мінездеріне де қарадай қарап қарным ашады. – Қазақ әдебиетінің әлемге танылуы қандай деңгейде деп ойлайсыз? – Бұған бұл шаруаны жіті зерттеп жүрген әдебиетшілердің жауап бергені дұрысырақ болар ма еді. Әлемдік деңгей дегеніңіздің масштабы ұшан-теңіз, ал қазақ әдебиеті қай биікті бағындыра алды? Санамалай бастасақ, бес-алты саусақ әзер бүгіледі. Қазақ ПЕН-клубының бастамасымен бірнеше қаламгерлеріміздің шығармалары ағылшын тіліне аударылды. Ниет жақсы, тек осы игілікті шараның орта жолда тоқтап қалмауын тілеңіз! Біздікі жалғасын тапса деген тілек. Байқауымша, кім аударылуға тиіс деген проблема ақылдасқан түрде шешілетін секілді. Қарсылардың қарасы да, мақұлдайтындар да аз болмас, дегенмен полемика, пікір қайшылығы пайдасыз емес және осы құбылыс кім-кімге де керек-ақ. Бұл мәселенің бір жағы ғой, екіншісі – қалтаға тәуелді. Қазір қаражатын төлесеңіз қай тілден болмасын аудартып, кітап шығарту дегеніңіз түкке тұрмай қалды. Ресейден, Парижден Англиядан... Жарнама дегеннен аяқ алып жүре алмайсыз. Қазақ тілінен ағылшын тіліне, не француз тіліне аударылған шығарманың мән-мағынасына, авторының таным-білігіне, қандай тақырыптың әңгіме өзегіне айналғанына бас ауыртып жатқандар  шамалы. Ақшасын төлеңіз, келісім шартқа отырыңыз – бір айдан соң кітабыңыз дайын. Сосын... сосын, кітабы шет тіліне аударылған бауырыңның айдарынан жел еседі. Әдеби орта, шығармашылық одақтың қорытынды пікірімен де есептесетіндер сирек... ол түсіндірмені, ең болмаса аннотацияны да керек қылып жатқандар сирек, мүлдем сирек. – Соңғы ширек ғасырда өзіңіздің шығармашылығыңызда қандай өзгерістер болды? – Ширек ғасыр көп уақыт. Еліктеу, солықтаудан «аман» өттік. Сұхбаттың соңында  қойылатын осындай сұрақты тарқатып айту қиын-ақ. Мұны өзгелер айтса жарасар еді. Қарап жатқаным жоқ, сен түк бітірмей қарап жатқаныңмен уақыт шіркін бір орында тұрмайды ғой. Және күн сайын, сағат сайын күрделі өзгеріс. Әдебиетке, әдебиеттің жанрларына қойылатын талаптар да барған сайын салмақтана түскен. Баяғы таптаурын болған ұзақ-сонар баяндау тәсілдері оқырманды елең еткізерліктей жаңа форма, жаңа түр, жаңа стильдерге орын ұсынған. Жақсы жазу былай тұрсын, қалай жазу керек мәселесі жан-дүниеңді аяусыз шабақтайды. Ізденбесең – ұтыласың, әлем әдебиетіндегі үрдістерден қалыс қалу тағы – ұят! Жазушы атанып, жаяу-жалпылап көштің соңында қалуды құдай  басқа бермесін! Талай шығарманың басын қайырдық қой деп, айқұлақтанып есеп бермей-ақ қояйын. Оны келесі әңгіменің еншісіне қалдырайық. – Ақша. Атақ. Азаматтық. Бүгінгі қаламгерлерде осылардың қайсысы жетпейді? – Өз абыройын ойлайтын, жұртты да сыйлайтын әр кісіге азамат болу парыз ғой. Ал алдыңғы екеуі лайықты адамының қолына дер кезінде тиіп жатса, нағыз әділет сол болар еді. –  Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет.    

Сұхбаттасқан  Ахмет ӨМІРЗАҚ