14 Наурыз 2019, 15:54 1077 0 Ішкі саясат Әсел ӘНУАРБЕК

АСТАНАДАН АУЫЛҒА ДЕЙІН...

Дәл бүгінгі күні көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту – өзекті мәселе болып тұр. Үкімет көпбалалы әрі тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетуге білек сыбана кірісті. Бұл ретте жергілікті басқарушы органдар да, кәсіпкерлер мен елдегі қалталы азаматтар да қарап қалып жатқан жоқ. Әр өңір көпбалалы отбасыларға мүмкіндігінше көмек көрсетуге тырысуда.

«Бақытты отбасы» – зор мүмкіндік

Мемлекеттен берілетін жәрдемақыдан бөлек бірқатар аймақтарда өңірлік қолдау шаралары жүзеге асырыла бастады. Мәселен, Алматы қаласында халықтың аз қамтылған тобына, оның ішінде көпбалалы аналарға қолдау көрсету мақсатында жергілікті бюджеттен 5,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Алматыда қолға алынған басты жоба – «Бақытты отбасы» қалалық әлеуметтік бағдарламасы. Бүгінде аталған бағдарлама бойынша құжаттар қабылдау басталды. Алғашқы жарна тұрғын үй құнының 10 пайызын құрайды, мөлшерлеме – 2 пайыз. Кезекте тұрған 1276 көпбалалы және толық емес отбасылардың алғашқы жарнаны төлеуге қаражаттары жоқ болғандықтан қала бюджетінен 1 млн теңгенің тұрғын үй сертификаттары бөлінеді. Бұл бағдарлама еш шикіліксіз жүзеге асатын болса, үй-күйсіз жүрген көпбалалы отбасылар үшін үлкен қолдау болары сөзсіз.

 

Аталған бағдарлама арқылы талай жылдан бері пәтер жағалап, үй кезегі жылжымаған Алматының көпбалалы және толық емес отбасыларының айы оңынан тумақ. Көпбалалы ата-аналар құжаттарын өткізіп, олардың алды тіпті Ұлыстың ұлы күнінде арман еткен қоныс тойын тойлайды. Жаңа бағдарламамен құны 15 млн теңгеге дейінгі пәтерді сатып алуға мүмкіндік бар. Тың бағдарлама аясында 2021 жылға қарай Алматыда 2800 отбасын, ал алғашқы 25 жылда 10 мың көпбалалы жанұяны баспанамен қамту көзделіп отыр.

Сонымен қатар, Алматы қаласындағы көпбалалы отбасылар үшін екінші баласынан бастап балабақша тегін болады. Ал 20 наурыздан бастап аз қамтылған отбасылардың 4 мыңға жуық оқушы балаларына алғаш рет шәкіртақы төленеді. Мектеп оқушылары ай сайын 5 мың теңгеден, ал университет және колледж студенттері 10 мың теңгеден алады. 15 наурыздан бастап аз қамтылған отбасыларға ыстық және суық су есептегіш құралдарын жеке орнатуға берілетін жәрдемақы көлемі 70 пайызға немесе 5 мыңнан 8,6 мыңға өседі. Бұлардан өзге аз қамтылғандар тобына коммуналдық қызметке кететін шығынның орнын толтыру үшін берілетін жәрдемақы көлемі 5 пайызға дейін артады.

Көктемнің алғашқы күнінен бастап Алматы қаласындағы жұмыссыз аналарды оқыту және кәсіби дайындау шаралары қолға алынды. Оларға 16,7 мың теңге көлемінде стипендия тағайындалып отыр. Қалада жастар практикасы, субсидия бөліп жұмыспен қамту, жалақысы 63 мың теңгелік әлеуметтік жұмысқа тарту шаралары ұйымдастырылуда. Бір терезе қағидаты бойынша, жұмыс жасайтын көпбалалы аналар Орталығында құқықтық және психологиялық кеңестер беріледі, реабилитациялық көмек көрсетіледі, орталық 1 сәуірден бастап есігін ашады. Мұнда көпбалалы аналар еңбекпен қамтылады, мини балабақшалар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, Алғыс айту күні қарсаңында алматылық көпбалалы отбасыларға қаржылай қолдау көрсетілді. Қазақстан Халқы Ассамблеясы өкілдері 4 баладан жоғары баланы тәрбиелеп отырған жанұяға 50 мың теңге табыстады. Мұндай көмек жалпы, 20 отбасыға берілді.

Ал Шымкентте көпбалалы отбасыларға жылына бір рет 100 мың теңгеден берілетін болды. 15 ақпан күні халық алдында есеп берген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осылай деп уәде берді. Материалдық көмек көпбалалы ата-аналарға жыл сайын беріліп отырады. Биыл ата-аналар бұл қаржыны тамыз айынан бастап ала бастайды. Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, мегаполисте 31 мыңнан аса көпбалалы ана бар.

 Көпбалалы аналарға жеңілдіктер қарастырылды

Тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың жағдайына баса назар аударуды Мемлекет басшысының өзі тапсырғаны белгілі. Бұл ретте Қарағанды облысында көпбалалы аналарға қосымша жеңілдіктер қарастырылуда. Мысалы, көпбалалы аналар 2019 жылдың 1 маусымынан бастап қаладағы қоғамдық көліктерде тегін жүре алады. Сонымен бірге, көпбалалы отбасылардан шыққан бастауыш сынып балаларына тегін тамақ беріледі. Бұл мақсатта бюджеттің 107,4 млн теңгесі жұмсалады. Ал балабақшаға баратын балаларға 50 пайыз жеңілдік қарастырылмақ.

Көпбалалы отбасынан шыққан балаларға музыка және көркемөнер мектептерінде, спорт секцияларында тегін шұғылдануға мүмкіндік беріледі. Жазда балалар мектеп жанындағы лагерьлерге орналастырылады. Облыс әкімдігінің мәліметінше, көпбалалы аналарға өз ісін ашуға 200 грант беру жоспарлануда. Олар үшін арнайы бизнес-инкубатор құрылмақ. Сондай-ақ, өңірде отбасын қолдау орталығы да ашылады, онда мамандар мен психологтар кеңес береді. Айта кетейік, өңір бюджетінің 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталады.

Ал Жамбыл облысында тұрғын үй кезегінде тұрған тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар үшін 10 жатақхана салынады. Жатақхананың 7-еуі облыс орталығынан, 3-еуі Шу, Қаратау, Жаңатас қалаларында бой көтермек. Айта кетейік, өңірдегі аз қамтылған және көпбалалы аналарға көмек көрсету үшін бюджеттен 30 млрд теңге бөлінген. Тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан 29 мың балаға мектепте тамақтандыруға 2 млрд теңге, формасын алып беру үшін 500 млн теңге бөлінуде. Сондай-ақ, облыстағы 7 500 аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың коммуналдық төлемдерін төлеп беру үшін 500 млн теңге бөлу жоспарлануда.

Кәсіп бастауға жол ашпақ

Ал Ақтөбе облысында көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды кәсіпке баулу және олардың кәсіп ашуы үшін грант бөлінетін болды. Ауылдардағы көпбалалы отбасыларды жұмыспен қамту, отбасы бизнесін ашу, табыстарын арттыру үшін қайтарылмайтын 500 мың теңге көлемінде жаңа бизнес ашу үшін мемлекеттік гранттар беріледі. Қазіргі уақытта өңірлік бюджеттен 21 млн теңге бөлінсе, республикалық қазынадан тағы 182 млн теңге сұрастырылды.

Сондай-ақ, өңірде аз қамтылған отбасыларға берілетін бір жолғы жәрдемақыны 70 мыңнан 140 мыңға дейін көбейту, аз қамтылған отбасылардың балаларына мектепке дейінгі мекемелердегі тамақтану төлемін 70 пайызға төмендету жоспарланған. Көпбалалы отбасылардың оқушылары ыстық тамақпен толықтай қамтамасыз етілетін болады. Халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарын оқытуға, қайта оқытуға қосымша 200 миллион теңге бөлінеді, жалпы, халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарының ішінен 3 мың ақтөбелік қайта оқытылады, тағы бес мың адам тұрақты жұмыс орнына орналастырылады. Жергілікті әкімдік халықты көпбалалы аналарды жұмысқа орналастыруда ешқандай қиындық туындамайтынына сендіруде.

Ең бастысы, Ақтөбеде көпбалалы, мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін бірнеше бағдарламамен тұрғын үй салынады. Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобын баспанамен қамтамасыз ету тапсырмасы бойынша Ұлттық қордан қаржы бөлінеді. Ақтөбе облысында жалдамалы тұрғын үй құрылысын жүргізуге 2,7 миллиард теңге бөлу көзделді. 335 пәтер Ақтөбе қаласы мен Алға, Темір, Қобда, Мұғалжар, Байғанин, Шалқар аудандарында болады. Бұл жерлерде жалға берілетін тұрғын үй салынады. 60 пайызы көпбалалы аналарға, мүгедек баланы асырап отырған отбасыға, жалғызбасты аналарға бөлінеді.

Атап өтейік, былтыр Ақтөбе облысында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында 20 мыңнан аса адам атаулы әлеуметтік жәрдемақы алып, 22,2 мыңнан аса бала «Мектепке жол» және «Қамқор» акциялары аясында мектепке жиналды, 14,6 мың оқушы тегін тамақпен қамтылды, 120 мың бала Қазақстан мен шетелдердің жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалды. Бұдан бөлек, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 136 бала баспаналы болды. Түрлі акция ұйымдастырылып, 265 мың ақтөбелікке 3,4 млрд теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді. Мұндай қайырымдылық шаралары биыл да жалғасын таппақ. Бұған өңірде бастау алған «Ел үлесі пәтерге» акциясы себеп. Жоба бойынша облыстағы тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға баспана алып беру жоспарланып отыр. Акцияны ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі мен жергілікті «Зекет» қоры бірлесіп жүзеге асырмақ.

ҚМДБ өкілдері Астана қаласындағы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетуде. Мәселен, өткен аптада «Зекет» корпоративтік қайырымдылық қоры астаналық жанұяларға тұрмысқа қажетті азық-түліктер таратты. Азық-түліктің бар қаражаты қарапайым халықтан келіп түскен. Бұған дейін республика бойынша 25 мың шаңыраққа қолғабыс көрсетті. Сондай-ақ, шараның мақсаты жомарт жандарды игі, сауапты іс-шараларға белсенді үлес қосуға үндеу. Алдағы уақытта да мұқтаж жандарға жәрдем беру жалғасады. Көмек алушы азаматтардың әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттар қайырымдылық қордың электронды базасында көрсетілген. Қол ұшын созамын деушілерге ғаламтор арқылы байланысуына мүмкіндіктер жасалды.

Ал Астана шаһарының әкімі Бақыт Сұлтанов тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйді қолжетімдірек қылуға күш салмақ. Қала басшысы: «Біз аз қамтылған отбасыларды, соның ішінде көмекке мұқтаж отбасыларды муниципалдық тұрғын үймен қамтамасыз етуіміз керек», – деген болатын. Сондай-ақ, Астана әкімі көпбалалы отбасы мүшелерін жоғары ақы төленетін жұмыспен қамту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Біліктілігі жеткіліксіз болған жағдайда қала үшін маңызды басым бағыттарға жұмысқа орналастыру арқылы біліктілігін қамтамасыз ету қолға алынбақ.

Соңғы жаңалықтар