Жаңалықтар

Амал мерекесі неге жаппай тойланбайды?

ашық дереккөзі

Амал мерекесі неге жаппай тойланбайды?

Наурыз  – мереке мен берекенің айы. Табиғаттың түрленіп, ерекше әсем реңкке боялатын шағы. Жер-Ананың бусанып, тоңы жібіп, Самарқанның көк тасы еритін мезгіл. Қаһарлы қыстан аман-есен шыққан ағайын бір-бірімен құшақтасып, көрісетін куанышты сәт. Бүгін еліміздің батыс өңірі Көрісу күнін атап өтуде. Оны кейде Амал мерекесі деп те атайды. Бірақ бұл мейрам өзге өңір жұртшылығы үшін таңсық. Ал қазақ тарихында бұл күн жайында түрлі деректер мен аңыздар баршылық. Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14-март – ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» деген. Осыған қарап, ХІХ аяғы мен ХХ ғасырдың басына дейін қазақ даласында көрісу дәстүрі болған деген пікірмен келісуге болады. Кеңес үкіметінің саясатына байланысты, еліміздің көптеген аймағында Амал мерекесін тойлау ұмытылып, батыс өңірлерде ғана сақталып қалған сынды. Тіпті, кейбір археологтар Амал мерекесінің түп-төркінін Адай тайпасының пайда болуымен байланыстырады. Ал мереке неге 14 наурыз күні тойланады? Тарихқа көз салсақ, Амал мерекесінің 14 наурызда тойлануының бір себебі, күнтізбенің алмасуында жатыр. Әлем жұртшылығы шаруаның жайына қарай, қардың еруі, өзендердің тасуы, құстардың көктемде келіп, күзде қайтуын ескеріп, осы құбылыстардың қайталануын жыл деп есептеп, табиғи күнтізбелер жасаған. 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Еуропа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы» В.И. Ленин қол қойған декрет қабылданды. Бұл кезде юлиан және григорий күнтізбелерінің арасындағы алшақтық 13 күнге жеткен еді. Декретте көрсетілгендей, 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Соның әсерінен бұрын 1 наурызда Жаңа жыл – Ұлыс күнін тойлайтын қазақ елі 1918 жылдан бері қарай 14 наурызда көрісіп келеді деуге болатын сияқты. 14 наурыз күні Ай мен Үркердің қиылыса өтуін қазақ халқы тоғыс деп атаған. Тоғыс осы 14-15 наурызға сәйкес келеді екен. Халық осы уақытты қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды деп есептеген. Шығыс елдеріндегі күн (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы болып табылады. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. Ертеде біздің қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. Этнограф-ғалым Досымбек Қатранұлының айтуынша, бұл 22 наурызда тойланып жүрген мейрамның негізгі мерекесі. «Дәстүрдің көкесі осы. 1918 жылы Григориан күнтізбесіне өткенде қазақтың ай есебі шатасып кеткен, яғни күн күнтізбесімен шатасып кеткен. Ал қазақтың ай, күн есебі ай күнтізбесімен жүреді. «Ай жаңасы», «ай толған» деп есептеуді үлкен кісілер әлі біледі. Енді мынаны түсініп алайық, 22 наурызда тойлайтын Наурызымыз күн күнтізбесімен есептелген отырықшы халықтардың мейрамы болса, Көрісу – қазақтың атам заманнан келе жатқан ай күнтізбесімен есептелгендегі нағыз көшпелі халықтардың Наурызы. Сондықтан бұл өзіміздің ежелгі төл мерекеміз», – дейді ол. Сонымен қатар, этнограф Амал мерекесі еліміздің тек батысында атап өтіледі деген тұжырымның қате екенін айтады. «Мәселен, шығыста және Орталық Қазақстанда мұны Отамалы дейді, Жетісуда Көкек дейді. Ал жалпы халыққа көп тараған атауы – Отамалы», – дейді. Амал мерекесі немесе көрісу – ағайын-туыс татулығы, ел бірлігінің бір көрінісі іспетті. Өйткені, бұл дәстүр ағайын арасындағы түсінбеушілікті жойып, татуластырып, табыстырады. Арадағы өкпе-ренішін кешіріп, араздықты ұмыттырады. Тек бір-біріне жақсылық тілеп, алғыс білдіреді. Осынау мейірім мен шуаққа толы мерекені елімізде жаппай атап өтуге не кедергі? Бұл туралы әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларының бірі Жәнібек Қожық: «14 Наурыз Амал мерекесін, «Көрісу күні» деп мемлекеттік мерекелер қатарына қосу керек! Амал мерекесі 14 наурызда басталады. Бұл мереке қазақ халқының ең ежелгі мерекелерінің бірі. Кезінде бұл күнді қазақ халқы жаппай тойлаған. Бірақ уақыт өте келе «Көрісу күні» тек батыс облыстарында сақталып, соның ішінде Маңғыстауда ерекше аталып өтеді. Осы Амал мерекесі, «Көрісу күнін» мемлекеттік мереке күніне қосып, ел болып тойласақ қалай болады? Оның қасында жаңа жылды да бір ай бұрын тойлап жүрген жоқпыз ба?» деген ұсыныс тастаған еді. Әрине, мемлекеттік деңгейдегі мереке ретінде болмаса да, еліміздің өңірлері жаппай түрде атап өтсе, соның өзі ғанибет емес пе?! Биыл да жылдағы дәстүр бойынша маңғыстаулықтар Отпан тауда бас қосуда. Бұл жолғы жиынды ұйымдастыру эстафетасы Ақпан руына табысталған. Бұл жөнінде Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина ӨКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді. Биылғы Амалдың басты ерекшелігі – халықаралық деңгейде өтуі. Шараны ұйымдастырушылар – Маңғыстау облысы әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы, «Отпан» МКҚК, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы, Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы, Адайдың сегіз арыс және Ақпан Ата ұрпақтары. «Мерекелік шара облыс орталығынан бастау алды. Наурыздың он үшінде қазақы қалыптағы аттылы көш Ақтау қаласынан Маңғыстаудың ең биік шоқысы Отпанға бет алды, құрамында ел ақсақалдары мен ел ағаларынан бастап жігерлі жастар болатын бұл көште қазақтың салт-дәстүрі салтанат құрады. «Көш көлікті болсын» деп көшке құрмет көрсететін салтты Ақшұқыр ауылында түпқарағандықтар жасайды. Осылай басталған бірлік пен елдіктің мерекесіне Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей оның ішінде Ноғай елінен делегаттар қатысуда. Наурыздың он үшінде басталған мәдени шаралар бірлік отын жағуға жалғасатын болады. Биылғы тағы бір ерекшелік – Жастар жылына орай, бірлік отын жағу эстафетасы жастарға берілетін болады. 14-і күні жылдағы дәстүр бойынша салтанатты жиын өтіп, 40 киіз үй тігіліп, келушілер концерт тамашалауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, Шетпе елді мекеніндегі ат жарыс алаңында бәйге өтеді», – дейді Пәния Оңалбайқызы. Бірлік пен татулықты ту еткен мереке – қазақ халқының бауырмалдық салтының бір көрінісі екені анық. Біз де сіздерге «Бір жасқа келуіңізбен!», «Жасыңызға жас қосылсын!» дейміз.