Диснейдің тағы 5 фильмі қазақ тіліне аударылды

Диснейдің тағы 5 фильмі қазақ тіліне аударылды

Диснейдің тағы 5 фильмі қазақ тіліне аударылды
ашық дереккөзі
«Болашақ» корпоративтік қоры «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне дубляждалған Disney компаниясының 5 жаңа фильмінің тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Айта кетерлігі, 2011 жылдан бері «Болашақ» КҚ мен Меломан компаниясы 27 голливудтық кинокартинаның қазақ тіліндегі дубляжын жасап шығарған. Қор директоры Динара Чайжунусованың айтуынша, осы жылы кішкентай көрермендер назарына қазақ тіліне аударылған 5 фильмнің тұсаукесері дайындалуда. Атап айтқанда, 28 наурызда - «Дамбо», 12 мамырда - «Аладдин», 20 маусымда - «Ойыншықтар хикаясы 4», 19 шілдеде - «Арыстан патша» және 28 қарашада - «Мұзды өлке 2» туындылары көрерменге жол тартады. «Біз әлемдік студияның отбасымен көруге арналған қазақ тіліндегі сапалы контентін қолжетімді еткіміз келеді. Осы мақсатта отандық әртістермен белсенді қарым-қатынас орнатып, алғашқы кастингтерге 10-нан астам танымал актер сынақтан өтуге шақыртылды. Басты рөлдерді сомдайтын актерлерді Дисней компаниясы бекітетіндіктен, біздің отандық актерлер үшін аталған жобаға қатысу кәсіби өсудің нышаны болып отыр. Осы орайда алдағы кастингтерде де Қазақстанның танымал тұлғалары жобаға қолдау көрсетіп, бірлескен жұмыстың арқасында кинотеатр залдары қазақстандық отбасыларға толы болады деп сенеміз», - деді «Болашақ» КҚ директоры Динара Шайжүнісова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Ал Disney фильміндегі басты кейіпкерді дубляждаушы актер Дәурен Серғазиннің айтуына қарағанда, әлемге таралған туындыларды қазақ тіліне аудару жұмысына қазақ театры мен кинематографиясының барша актер қауымы қызығушылық танытып отыр. Жобаны ұйымдастырушылар қазақ тілінде дубляждалған туындыларды халыққа кеңінен таныту мақсатында ivi.ru онлайн-кинотеатрымен бірлесіп, ауқымды қайырымдылық кинофестивалін өткізуді жоспарлап отыр. Жаз мезгілінің басында қор дубляждаған фильмдер бірнеше күн Алматы тұрғындары үшін ашық аспан астында көрсетілетін болады. Белгілі болғандай, 2019 жылдың көктемі режиссер Тим Бертон фантастика стилінде түсірген «Дамбо» отбасылық кинофильмінен басталады. 1941 жылғы танымал мультфильмнің ремейкі үлкен құлағы бар кішкентай пілдің жануарлардың қорлығы мен мазағынан шаршап, ұшуды үйренген оқиғасын баяндайды. Фильм 2019 жылдың 28 наурызында дубляж демеушісі - BI Group қолдауымен өтеді.