Жаңалықтар

Бекболат Құрманғожаев, режиссер: Театр сахнасы – әртіс үшін киелі мектеп

ашық дереккөзі

Бекболат Құрманғожаев, режиссер: Театр сахнасы – әртіс үшін киелі мектеп

Астана Жастар театры жаңа маусымын ашуға дайындалып жатыр. Осыған орай, тілшіміздің аталған театрдың режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаевпен өткізген сұхбатын ұсынамыз. 

̶  Театрдағы шебер актердің сипаты қандай?

̶  Театрда екі бағыт қалыптасты десек, соның бірі – кейіпкерсындылық, екіншісі – кейіпкержандылық. Ал біздің театр классикалық орыс мектебінің негізінде құрылғандықтан кейіпкержандылыққа көбіне бет бұрамыз. Ал кейіпкерсындылық мектепте рөлді физикалық жағынан сомдауға басымдық беріліп, техникалық тұрғыда ойнап шығуға көбірек күш жұмсайды. Актерлік техника басты орында болғандықтан ішкі жан дүниеге көбіне мән берілмейді. Ал қазақ театрларында көбінесе кейіпкержандылыққа бағытталған қойылымдар сахналанады. Ең бастысы, қандай бағытта болмасын актер белгілі бір кейіпкерді ойнаған кезде өз табиғатынан ажырап, өзін ұмыта бастайды. Театрда ойнағалы отырған кейіпкерді алдымен актер өзі сезінбесе, оған сенбесе, көрермен де еш әсер ала алмайды. Ал актер сахнада өз болмысын тек қойылым бітіп, көрерменнің қошеметіне бөленген кезде ғана сезіне алады. Көп жағдайда әртіске өзі сомдаған рөлден шығу қиындық туғызады. Тіпті, әр рөл актерге өз ұшқынын қалдырып кетеді десем артық айтпаған болар едім. Олай болуы заңдылық. Өйткені әртіс өзі ойнаған кейіпкердің қайғысын бастан өткеріп, қуанышын дәл солай сезіне алады. Бірақ кейіпкердің болмысымен өмір сүру мүмкін емес. Ең алдымен актер – маман. Ол бір образдан шығып, ертеңінде мүлде кереғар басқа рөлді сомдауы мүмкін. Бұл жерде өз ісінің маманы ретінде асқан шеберлік қажет болады.

– Театрдың актер үшін берер мүмкіндігі қандай?

– Кино мен театрдың айырмашылығы негізінен өміршеңдігімен өлшенеді. Яғни театрдағы қойылым, рөл күнделікті қайталанып отырады. Мен  бір байқағаным, театр сахнасындағы кез келген әртіс ең алдымен ізденісте болады. Үнемі ойдың үстінде жүреді. Байқасаңыз, театрдан шыққан өнер майталмандары кинода өздерін еркін әрі сенімді ұстайды. Себебі оларда негіз бар. Аңғарған адамға кинода ойнаған актердің текст мәнін жеткізе алуынан-ақ оның қандай деңгейде екенінін білуге болады. Менің түсінігімде театрдың киелі сахнасы – әртіс үшін үлкен мектеп.

– Еліміз бойынша көптеген театрлар өз бағытын қалыптастырып, жаңалыққа, тың дүниеге ұмтылып келеді. Бұл ретте Жастар театрының өзгелерден ерекшелігі неде?

– Жастар театры қазіргі уақытта театрдағы жас жанрлардың бірі  ̶  мюзикл жанрына ауысуда. Оның ерекшелігі сол, оқиға желісін әрекетке, қимылға салып, ықшамдап жеткізу. Жаттанды сөзді шұбатып тұрғаннан гөрі, әрекет арқылы түсіндіру көпшіліктің назарын аудартып, қабылдауына жеңіл етуі тиіс. Мысалы, қойылымдағы мәтінді айтар алдында қимылды алдыңғы орынға қойып,  одан кейін сөйлем арқылы ой қорытылады. Дәстүрлі театрлар қойып жатқан қойылымдар бізде де сахналанады. Бірақ біз соны жаңаша бағытта, өзгеше формада жеткізбекпіз. Жаңаша дүние дегенге ұлт ретіндегі болмысымыздан ажырап кету деп түсінбеу керек. Керісінше, ұлттық табиғатымызға етене жақын сипатымызбен жаңашылдықты үндестіре білуге талпынып отырмыз.

Тағы бір мәселе, қазір жасыратыны жоқ, театрға келетін жастардың қарасы қалың деп айта алмаймыз. Жастар театры болғандықтан біздің аудиторияға жас буынды тарту, олардың тұрақты көрермен ретінде қалыптастыруды, қызығушылықтарын оятуды алдымызға мақсат ретінде қойып отырмыз. Мысалы, әлем сахналарында қойылған атақты «Ревизорды» (Режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Н.Жақыпбай) жастардың сұранысына ие болатындай жаңа стильде қойып жүрміз. Бұл қойылым өзіне тән музыкалық үндестігімен, іс-қимыл арқылы көрерменге жаңа сипатта жеткізуге болатынын дәлелдеуде. Ең бастысы, кейіпкер өз өзіне сын көзбен қарау арқылы өзін тәрбиелейді. Осындай ерекше болмысты басты нысанға алып, көрермендерге ой салмақпыз. Кешегі классикалық дүниенің өзін бүгінгі көзқараспен заманауи сипатта жеткізуге мүмкіндік бар.

Меніңше, көп жастардың театр қойылымдарын қабылдай алмауы – қойлымдардағы жаңашылдықтың жоқтығында. Бұл ретте қаншама сын айтылып жатыр. Осындай олқылықтардың орнын толтыруға тиіспіз. Театрлардағы тағы бір мәселе қойымдардың бір-біріне ұқсап кетуі. Ол да көрерменді жалықтырып алуы мүмкін. Бұл мәселеде Жастар театры әр қойылымның ерекшелігіне, қайталанып кетпеуіне мән беріп отырғандығын да жеткізгім келеді.

– Жаңа форматтағы қойылымдарға сыншы қауымның көзқарасы қандай? Көрермендер қалай қабылдауда?

– Әуелде сахналанған спектакльдерге сын айтушылар болды. Бертін келе сыншы қауымның да пікірі өзгеріп, заманауи бағытта қойылған дәстүрлі қойылымдарды орынды қабылдай бастады. Сынның айтылғаны дұрыс. Сын айтылса, ілгерілеушілік болады. Бірақ біз үшін ең үлкен сыншы – көрермен. Себебі қазіргі өмірдің ағымы басқа. Талап өзгерді. Бұл дегеніміз адамдардың, оның ішінде жас буынның талғамы өзгерді деген сөз. Оны ескермесек, жастардың көңілінен шыға алмаймыз.

– Еңбек жолыңызды дубляж саласынан бастап біраз жыл жұмыс жасадыңыз. Бұл мамандыққа екінің бірі бара бермейді. Сіз үшін дубляж  жасаудың қиындығы мен қызығы қандай?

– Кеңес үкіметі кезінде түсірілген фильмдерге «Қазақфильм» киностудиясында дубляж жасалды. Ол кезде жылына 70-ке жуық фильмді дәлме-дәл қазақша сөйлететінбіз. Қазіргідей емес, сол тұстарда орыс тілін ауыл тұрғындары жетік біле бермейтін еді. Сондықтан сапалы аудармаға ден қойылды.

Дубляж саласының да өз қызығы мен қиындығы бар. Мысалы, дубляждап отырған адамның эмоциясы фильмдегі кейіпкерден асып кетпеуі керек. Олай болған жағдайда экрандағы образ өзгеріп кетуі мүмкін. Сонымен қатар кейіпкердің бойындағы өзгермелі құбылыстан жаңылмай соны уақытында жеткізе білу маңызды. Ол да асқан шеберлікті қажет етеді. Ал телевизияда аударманы дәлме-дәл берудің қажеті болмайды. Ол жерде көбіне баламалы мағынасын беріп отырады. Дубляж жасайтын маман бір бөлмеде сағаттап отырып мәтінді бабына келістіріп оқуға тиіс. Сондықтан ең алдымен бұл жұмыс шыдамдылықты қажет етеді. Ал менің дубляж саласына бірден еніп кетуіме бала кезден кітапты жиі оқығандығым әсер етті. Неге десеңіз, кітап оқыған адамның тілі сөз саптауда, ойын қорытып жеткізуде мүдірмейді. Көп жағдайда қазіргі жастар дубляжға келгенде мүдіріп, қиналып жатады. Соның барлығы сөздік қордың жоқтығынан. Сондайда кейінгі жастардың әдеби кітап оқымайтындығын аңғарып қаламыз. Бір жағынан қазіргі кезде заманның ағымына қарай сөз сөйлеу мәнеріміз де өзгерген. Әсіресе, жастардың ортасында жаргондар, терминдердің қолданысы белсенді болып отыр. Ал сөз өнері нағыз қазақтың таза, көркем, бай тілін қажет етеді. Көп жағдайда қазақ мектептерін бітірсе де, орыс тілінде сөйлейтін қалалық балалар алдымызға жиі келеді. Өзім сабақ беретін студенттерге ең бірінші «Абай жолын» дауыстап оқуды тапсырамын. Әртіс ондағы көркем, бай тілді түсініп, соны жадына сақтағанда ғана таза қазақша сөйлей алады. Жыл сайын өнер саласына, театрға тапсырған студенттердің тілдік қолданысы, қазақ тілін жіті меңгеруі нашарлап бара жатыр десем артық айтпаған болар едім. Бір ғана мысал, 2000 жылы бітірген шәкірттеріміз С. Мұқанов атындағы Петропавл театрын ашқан болатын. Олардың қазақ тілін меңгеруі, таза, көркем сөйлеуіне көңіліміз толатын. Себебі сол жолы келген студенттердің көбі дерлік ауылды жерден шыққан. Ол кезде ауылдағы қазақилықтың мұрты бұзылмай тұрған кез. Ал бертін қабылданған студенттер қазақ тілінде мүдірмей сөйлейді деп айта алмас едім. Меніңше, сахнаға шығып, қазақ тіліндегі қойылымда ойнаған әртіс өзі айтып тұрған сөздің мағынасын жете түсінбей тұрса, оны халыққа да ұғындырып жеткізе алмайды.

– Жастар театрының әртістеріне қандай талап қойылады?

– Әртістер үшін басты талап – әрқашан формада болу. Яғни дауысы айқын, ішкі жандүниесі мен сыртқы формасы үндестікте болып, әртүрлі тосын жағдайларға дайын болуы тиіс. Жаңадан келген жас әртістерге мұндай талаптарды бастапқыда театр қойса, кейін 5-6 жыл өткен соң олар өз өздерін тәрбиелей алатындай деңгейге жетеді. Қойылған шарттар, ережелер келе-келе әртістің театрдағы дағдысына айналып, қанына сіңіп кетеді. Ал әртістерге талап қойылмаса, ертең таяқтың бір ұшы өздеріне келіп тиеді. Сондықтан әртістердің күнделікті тренинг, вокал, репитицияны қалдырмауларын қадағалаймыз. Біздегі жас актерлердің бос уақыты жоқ. Оған шыдайтындары да бар, шыдамайтындары да бар. Көңілі толмағандардардың жолына кесе тұрмаймыз. Қазіргі уақытта театрдағы жас әртістер телеарналарға, я болмаса телесериалдарға ұсыныс алысымен театрды тастап кетеді. Ал театр сахнасы берген білім мен тәжірибені олар уақыт өте келе естен шығарады. Ал сахнаға қайтып келгенде тым кеш болады.

– Сонда театр актерін сахна өсіреді, телесериал өшіреді дегіңіз келе ме?

– Қазіргі сериалдарға кеткен театр әртістерінің бірен-сараңы болмаса қалғандары өздерінің не ойнап жүргенін, не істеп жүргенін, болашағының қандай болатынын білмейді. Сериалдардың сценариі көбіне бір күнде жазылып, ертеңінде түсіріліп жатады. Бір ғана оқиға желісін басшылыққа алып, оның өзін аяғына дейін жеткізбейді. Бұндай жағдайда актер қалай өседі? Көп жағдайда фактурасы бар бір-екі кино актері ғана көзге түседі. Ал қалғандары тасада қалып қояды. Жалпы өнерде ең алдымен әр рөлді жүрекке салып барып, ақылмен жүзеге асырады. Ал қазіргі сериалдарда ақыл да, жүректілік те жоқ. Жасандылыққа жол беріп қоямыз. Өтірік жылаймыз, өтірік күлеміз. Сондықтан жалпы сериал шынайы, сәтті шықпайды. Өнер ордаларын тастаған жас әртістердің көркемдік жағы мардымсыз сериалдарға, я болмаса  қалтаның қамы үшін шоу бизнеске кетіп жатқандығы да жасырын емес. Соңында адасып қайтып келіп жатқандары да бар. Уақытында келсе әрине, қабылдауға дайынбыз. Ал 4 жыл оқып, жинаған бойындағы өзінде бар талаптан, үйренгенінен жұғын да қалмаса, шоу-бизнеске басыбайлы сіңісіп кетсе, ондай әртістерге біздің театрда орын жоқ. Шоу-бизнесте өзінің орнын табу кез келген өнер иесінің қолынан келе бермейді. Сондықтан көбісі ол ортадан тез шығып жатады. Шоу-бизнестің талабы сондай. Егерде бізге келген актерлердің ішінде тамаша дауыс иесі атанып, өнерімен дараланып жатса, оны театрдың өзі-ақ көтереді. Дауысы бар талантты әншілер шоу-бизнестен гөрі театр сахнасында жүріп өз образдарын қалыптастыруға, өз жолдарын табуға, шыңдалуға, халыққа танылуға мүмкіндік алады.

– Сериал туралы біраз мәселенің шетін шығарып қалдыңыз. Жақсы кино шығару үшін ең алдымен неге басымдылық берілуі тиіс?

– Біздегі театр актерларына жақсы, сапалы сериалдарға я болмаса фильмдерге ұсыныс түсіп жатса, біздің тарап қарсы болған емес. Керісінше, қолымыздан келгенше қолдау білдіруге тырысамыз. Тіпті, біздің актерлердің сериалға түсу үшін айлап-жылдап кетіп жатқандары да бар. Оның барлығына түсінушілікпен қараймыз. Өйткені жақсы фильмдерден актер тек жақсы дүниелерді бойына сіңіреді, үйренеді. Ал телешоулар мен саны бар, сапасы жоқ сериалдардан үйренетін дүние бар деп айта алмас едім. Жақсы сериал үшін жақсы материал керек. Жалпы сюжетке құрылған сериалдың түп мағынасы, айтар ойы болуы шарт. Мысалға, бір адамның ғана өмір тарихында бір ұлттың болмысы көрініс табуы мүмкін. Орыс сериалдарында бұл құбылысты бірден аңғаруға болады. Олар көп жағдайда ұлттық болмысқа аса мән береді. Ал біздегі сериал түсіру 2-3 күннің шаруасы сияқты болып кетті. Олай болатын себебі, телеарналардағы уақыттың тығыздығынан сериалды аз уақыттың ішінде түсіріп біту қажет. Ал асығыс-үсігіс жасалған дүиенің шикі болатыны айтпаса да түсінікті ғой. Қарап отырсақ сериалдардың қаржыландыруы да мардымсыз. Отандық сериалдардың барлығын бірдей «жаман» деп айта алмаймын. Арасында сәтті шығып жатқандары да бар.

– Сахнада жүріп, өз-өзін асырап отырған әртістер бар ма?

– Жасыратыны жоқ, театрдан табатын қаражат өте мардымсыз. Елміздегі академиялық театрлардың бізге қарағанда жағдайы жақсы. Мысалы, біздің әртістер екі жарым айда алатын жалақысы олардың бір айда алатын жалақысымен тең. Ал жеке Жастар театрында жұмыс істейтін әртістер тек өнерді сүйгендіктен осы ордада барға қанағат етіп жүр. Мүмкіндік болса, жұмысқа кедергі болмаса, олардың тойға шығып, қосымша қаражат табуларына кедергі болмаймыз. Егер әртістердің айлықтары шайлықтарына жетіп отырса, той жағаламайтын да еді. Бірақ біздің талап – той-томалақ театрдағы жұмысқа кедергі болмауы керек.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Еркежан ЖҰМАТАЙ, Астана қаласы