8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні
ашық дереккөзі
Ұлжан Мамбетова, зейнеткер: Жастық шақтың символы – көктем іспетті. Наурыздың ақша қарын бұзып жарып, қылтиып жарыққа шығатын бәйшешектің өзі тіршіліктің, жаңа өмірдің басталғанын байқатады. Көктем десе немерелерімнің аулада асыр салып ойнап жатқан шағын елестетемін. 8-наурыз күні ұрпақтарыңның жылы сөзбен жанды жадыратып, бір шаңырақ астына жиналатыны ғажап емес пе?! Нағыз ана бақыты, әйел бақыты да осы. Ұлыңды ұяға, қызыңды қияға қондырып, немеренің ортасында аяулы әже атанғанға не жетсін. Шаңырағымыздағы 8-наурыздың таңы осылай атады. Бұл күн тек әйелдер мейрамы емес, мейірім күні дегім келеді.   Аида Әубәкірова, жоғары дәрежелі дәрігер:  width= Көктемді сөзбен айтып жеткізу, оған сипаттама беру қиын. Өйткені ол –шексіз. Жылулық, салқындық, жауын, тіпті, қар, махаббат, сыйластық, ізгілік сынды қаншама құндылық осы бір мезгілдің бойынан табылады.  Бір дегеннен менің есіме түсетіні көңілі мен келбеті қатар жайнап жүрген қыз-келіншектер мен қолдарына гүл шоқтарын жиып алған ер азаматтар. Мейлі жас болсын, жасамыс болсын көктемге, бәлкім көктем оларға көрік беретіндей. Ол өзі сондай ерекше атмосфера. Және алғашқы мерекенің бірі 8-наурыз халықаралық әйелдер күні жаныма сондай жақын. Мен бұл күннен қып-қызыл немесе әппақ гүл шоқтарын күтемін. Әйел бақытына тоқталсақ, ол – бақытты балалары бар, шаңырағынан нәрестенің дауысы үзілмейтін жан. Көзі шаттыққа толы, өзі армандаған асуын бағындырған, мақсатына жеткен, өмірден ләззат алатын әйел.   Марал Даирова, іскер әйел:  width=  Көктем десе күннің шуақты, жылы лебi, анамның аялы  алақаны көзіме елестейді. 8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесін тікелей анаммен байланыстырамын. Өйткені ол ең алғашқы ана образын көрсетіп, әйел символына айналған жан. Әйел болғандықтан дәл осы мейрам қарсаңында жақсы көңіл күйде боламыз ғой. Себебі барлық ізгілік, ілтипат бізге арналғандай. Маңайымыздағы ер азаматтар көңіл бөліп, құттықтап жатады. Әсіресе әкеңнің, жан жарыңның, балаларыңның «мерекеңмен» деген бір ауыз сөзі ерекше шаттыққа бөлейді. Кез келген әйелге мұнан артық сый болмайды. Мен үшін де солай. Менің ұғымымдағы бақытта әйел образы сан түрлі. Қасыңда демеу болар жарың болса, қызың ұзатылып, ана атанса – бақыт. Ол ешқандай материалдық құндылықтың шеңберіне сыймайды. Жер бетіндегі нәзік жандылардың бәрі бақытты әйел болуға лайық. Өзімді бақытты әйел деп санаймын.