Жаңалықтар

Алматы - әйел қанаттанатын қала - Бауыржан Байбек

ашық дереккөзі

Алматы - әйел қанаттанатын қала - Бауыржан Байбек

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Республика Сарайында өткен салтанатты жиында мегаполис әйелдерін Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлады Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі. Қала әкімі өзінің сөзінде қазіргі кезде шағын және орта бизнесті әйелдердің үштен бірі басқаратынын, мәслихаттың және Қоғамдық кеңестің бестен бірін әйелдер құрайтынын айтты. Мемлекеттік қызметкерлердің басым көпшілігі - әйелдер, білім мен денсаулық саласын ұстап тұрғандар да нәзік жандылар. «Біздің әйелдеріміз қашанда дәстүрге берік, ең алдымен олар ошақтың отын маздатып, отбасының берекесін арттырған Аналар. Елбасы айтып өткендей, егер әрбір отбасында ана махаббаты салтанат құратын болса, онда барлық еліміз келісім мен гүлденудің айшықты нұрына бөленеді. Міне, бұл ана махаббатының құдыреті. Бірақ, Маргарет Тэтчер айтқандай, «Үй әйел әлемінің шекарасы емес, киелі ордасы болуы тиіс». Заманауи әйелдер осының айқын дәлелі. Бүгінгі Алматы - әйелдер білім алатын, рухани құндылықтарды қалыптастыратын, отбасын құрып, бала тәрбиелейтін, бақытқа кенеліп, дара тұлғаға айналатын қала. Біз осынау құндылықтарды сақтауға және дамытуға қашанда ұмтылатын боламыз», - деп атап өтті Бауыржан Байбек. Айта кетерлігі, бұрындары Мемлекет басшысының аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында Алматыда 7 бағыт бойынша нақтылы 13 шара енген «Бақытты отбасы» қалалық бағдарлама қолға алынды. Олардың ішінде жеңілдетілген тұрғын үй ипотекасы, қайта оқыту және жұмыспен қамту, стипендия және тегін бала бақша, жергілікті бюджеттен біреттік төлем көлемін арттыру бар.