ЕҢ БАЙ ӘЙЕЛ ҺӘМ ЭКОНОМИКА

ЕҢ БАЙ ӘЙЕЛ ҺӘМ ЭКОНОМИКА

ЕҢ БАЙ ӘЙЕЛ ҺӘМ ЭКОНОМИКА
ашық дереккөзі
Тізіміне тек қалталылардың есімін тіркейтін «Форбс» журналы әлемдегі ең бай әйелді атады. Ол «L’Oréal» косметикалық империясының мұрагері және компания директорлары кеңесінің төрайымы Франсуаза Бетанкур-Майерс. Шаш бояуын ойлап табушы Эжен Шюллердің жалғыз мұрагері Лиллиан Беттенкур өткен жылы 94 жасында қаза тапқан-ды. Косметика саласындағы үздік империяның кәсібін Лиллианның қызы Франсуаза жалғап, компания табысын арттырды. Сонымен қоймай әлемдегі ең бай 20 адамның қатарына енді. Франсуаза «L’Oréal» косметикалық империясын құрушы Эжен Шюллердің жалғыз немересі. Компанияның директорлар кеңесіне 1997 жылы қосылған ол «Форбс» тізіміне шешесі Лиллиан қайтыс болғаннан кейін көрінген еді. Бір жыл ішінде компания акцияларын 17 пайызға жоғарылатқан Франсуаза былтырғыдан гөрі 7,1 млрд долларға байып шыға келді. Мамандар таратқан ақпаратқа сүйенсек Франсуазаның жиған-тергені 49,3 млрд АҚШ долларынан асып жығылады. Анасы Лиллиан Бетанкур ең бай әйелдер көшіне 1987 жылы қосылып үздіксіз 14 жыл бастап тұрды. Франсуазаға мұндай бақ бұйырар ма екен? Жалпы әлемде косметикалық бұйымдарға сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Тарихқа көз тастасақ, Ежелгі Египет пен Рим тұрғындарынан бастау алатын сұлулыққа құштарлық күнделікті өмірімізге кеңінен еніп кетті. Тіпті әлемдік сауда нарығының басым бөлігі косметикалық бұйымдардан тұратыны жасырын емес. Мәселен, 2019 жылғы нарық бойынша құны 635 млрд доллардан асатын косметикалық бұйым сауда айналымында. Сала зерттеушілері қандай қаржылық қиындық болса да, адамдардың тән сұлулығына көңіл бөлуі артады дейді. Осыдан болса керек, нарықтағы косметикалық өнім өндірушілер де тым көбейіп, бәсекелестік күшейген. Солардың ішінде Эжен Шюллер негізін салған «L’Oréal» ешкімге дес бермей тұр. Косметикаға сұраныс жоғары Батыс Еуропа мен Солтүстік Американың 40 пайызын өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Онан кейін Жапония, Қытай, Корея, Ресей, Бразилия тауарлары әлемге тарауда. «res.cloudinary.com» сайты Азия елдері мен Тынық мұхит маңындағы мемлекет тұрғындары косметикалық бұйымдарды тұрақты және күнделікті пайдаланатынын айтады. Арнайы деректемеден байқағанымыз әлемдік сұраныстың 36 пайызы да осы аумақтың еншісінде екен. Ал «statista.com» мамандары косметиканың қай түріне сұраныс жоғары екенін зерттеген. Нәтижесінде теріге күтім жасайтын бұйымдар өтімді екені белгілі болған. Әлемде жыл сайынғы сатылатын косметиканың 36,4 пайызы дәл осы өнім түрі. 22,9 пайызы шаш күтіміне қатысты болса, декоративті косметикалық бұйымдардың нарықтағы өтімділігі 18,2 пайызға жуық. Жеке гигиена тауарлары 12 пайыз, парфюмериялық заттар 10,5 пайызды құрайды.

«БАЗАРЫ ЖАҚЫН БАЙЫМАС»

Қазақстандықтар осы жылдың алғашқы айында дүкен мен базарларда 700 млрд теңгесін қалдырған. Алматыда бір ай ішінде 223,6 млрд теңгенің тауары сатылса, елордада 74,4 млрд теңгеге сауда жасалған. Қарағанды облысында да 68,3 млрд теңге сауда орындарында айналымға түсіп отыр. Қалған қаражат өзге облыстар мен қалалардың еншісінде. Бір айта кетерлігі ауыл тұрғындары 50 млрд теңгеге ғана сауда жасапты. Қаңтардағы бөлшек және көтерме сауда көлемі 2,2 трлн теңгеге жеткен. Бұл ресми мәлімет. Бұған салықтан жалтарып қара саудамен айналысатын «кәсіпкерлерді» қосыңыз. Көтерме сауда көлемі бойынша да Алматы көш бастап тұр. Мұнда Қазақстандағы көтерме  сауданың 44,5 пайызы (668,5 млрд теңге) жүзеге асырылған. Екінші орынға 270 млрд теңге көрсеткішпен Астана тұрақтады. Үздіктер үштігін Атырау облысы түйіндейді. Мұнда 207,3 млрд теңгенің көтерме саудасы жүргізілген. Әзірге мұның қанша пайызы импорт тауарлар екені белгісіз. Бірақ жақын күндері елімізге сырттан келетін тауарлар азаюы мүмкін. Жуырда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин отандық тауарлардың көлемін ұлғайтуға қатысты негізгі міндеттерді атады. Үкімет басшысының айтуынша, жеті жылдан кейін импорттың үлесі 59 пайыздан 37 пайызға азаяды. Сәйкесінше отандық тауарлардың көлемі артып, «Қазақстанда жасалған» тауарлар жер-жерге жеткізілетін болмақ. Осыған байланысты өңдеуші кәсіпорындары әртараптандыру шаралары жалғасады. Өткен жылы Ақордада өткен жиында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екінші деңгейлі банктерге қосымша 600 миллиард теңгені бөлуді тапсырған еді. Аталған қаржыға өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортқа арналған жобаларды қаржыландыру қажет. Жаңа Үкімет осы жоба аясында елеулі жұмыстар атқармақ. Бұл туралы үкімет басшысы А.Мамин: «2019-2025 жылдары аралығында 300-ге жуық жоба іске асатын болады. Болжамға сәйкес, 2025 жылға қарай қарапайым заттар экономикасы тауарларын өңдеу көлемі 4 триллион теңгеден 9 триллион теңгеге дейін ұлғаяды. Сол кезде бүкіл Қазақстан бойынша 16 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл – аса маңызды әлеуметтік-экономикалық міндет», – деді. «Отандық кәсіпорындар экспортқа басымдық беруі керек. Халық жиі тұтынатын тауарларды көптеп шығарып, қарапайым заттар экономикасын ойлау қажет. Әрбіреуі өз міндетін орындап, басқа нарықтарға шығуға тырысуы шарт. Соның арқасында экспорттық әлеуетімізді ғана емес, ішкі нарықты да отандық тауарлармен толтыра аламыз»

Нұрсұлтан Назарбаев

PS: Қазақстан өткен жылы шет мемлекеттерден жалпы құны 123 млн АҚШ доллары болатын косметикалық бұйымдарды импорттаған. Егер мұндай көлемді сұраныс бар болса, тумысынан сұлулыққа құштар қазақстандықтар отандық косметикалық брендті неге ойлап таппасқа, қалыптастырмасқа дейсің. Солай болған жағдайда, 123 миллион долларды қанжығасына байлаған кәсіпкер Франсуаза секілді 20 бай адамның қатарына енбесе де, «Форбс-Қазақстан» тізімінен бір-ақ жылда бой көрсетер еді... Онымен қоймай (2018 жылғы тізім) кәсіпкер Ержан Достыбаевтан 6 миллион доллар қаржысы көп болып, 39-орынға жайғасуы әбден мүмкін...