ЖИЫРМА БЕС ЖЫЛ ӘН АЙТА АЛМАДЫМ

ЖИЫРМА БЕС ЖЫЛ ӘН АЙТА АЛМАДЫМ

ЖИЫРМА БЕС ЖЫЛ ӘН АЙТА АЛМАДЫМ
ашық дереккөзі
Ұлы Абай Һакім: «Ұстазсыз шәкірт – тұл», – демей ме ?! Шәкірт ұстазға қарап өсіп, ұстазының бойындағы барлық жақсы қасиеттерді, өз бойына сіңіруге тырысады. Ал ұстаз дегенде, неге екенін білмеймін, менің көз алдыма ерекшеленіп осы кісі – Жәкең – Жәнібек ұстазым келе қалады. Үнемі сол күндерді сағынышпен еске аламын. Жәнібек Кәрменовтің класына оқуға түсіп, сол кісінің алдында отырып шәкірті болғанымды, өз өмірімдегі бір үлкен оқиға деп санаймын. Бала кезден радиоқабылдағыштан шарықтаған дауысын естіп, басылып шыққан кітаптарын оқып: «Осы адамды бір көрсе ғой», – деген балалық асыл арманым орындалды. Сабақ басталарда класқа алғаш кіріп келгені әлі күнге дейін көз алдымда. Алғаш үйреткен әндері «Сұржелгенше», «Екі жирен», «Дархан-ай». Қолыма домбыра алып ән айтсам болды, көз алдыма Жәкең елестеп, ешкімге ұқсамайтын әсерлі үні құлағыма келе қалады. Ол кісі шәкірттеріне ерекше бір әкелік мейіріммен қарайтын. Ол кісінің сөйлеген сөзі, сөз саптауы ерекше болатын: «Сендер қандай мықты әнші болатындарыңды білмеймін, бірақ мен сендерден жақсы адам тәрбиелеп шығаруым керек», – дейтін ұстазымыз. Сонда Жәкең небәрі 40-жаста ғана екен-ау! Ал маған өмірдің қызығы мен шыжығын мол көрген көнекөз қарияға ұқсайтын. Жәкең тұнып тұрған энциклопедия еді ғой! Ол кісі әнді үйретпес бұрын, әуелі әннің шығу тарихын айтып беретін. Қазақтың салт-дәстүрін, қыз бен жігіттің сезім ғашықтығын, жайлауға көшкен көшті суреттеген кезде кәдімгі көркем фильм көріп отырғандай әсерде болатынбыз. Кей кезде айтқан әңгімесіне беріліп кетеміз де. Бізге осы әнді тудырып, жарыққа шығарған сәтте Жәкең, не Ақанның, не Біржанның дәл қасында болып, соны өз көзімен көргендей боп сезілетін. Жәкең әр әнді түсініп айтуды талап ететін, сол үшін әннің мәтінін талдататын. Бірде маған: «Екі жирен» әнінің мәтінін жатқа айтып бер», – деді. Мен: «Көшкенде жылқы айдаймын аламенен, Ауылыңа барушы едім даламенен», – деп тақылдата жөнелдім. Ұстазым мені тоқтатып: «Аламенен», «Даламенен» деген сөзді қалай түсінесіңдер?» – деді. Біз білгішсініп: «Ала жылқыны мініп, жазық даламен қызды ауылға бара жатады»», – деп әр жерден қозыдай маңырап қоя бердік. Жәкең бізді тоқтатып: «Жоқ, бұл арада көңілдің аласы меңзеліп отыр», – деп тереңдете түсіндіре бастады. Сөйтіп, ол кездегі қазақтың әдепті жігіттері ғашығымен кездесу үшін «даламен» емес, ешкімге көрінбей сай-саламен тасаланып келетінін, сөйтіп, ғашық болған қызының абыройын сақтайтынын, қыз бен жігіттің кездесуінің өзін романтикалық сипатта сондай бір тартымды етіп бізге әңгімелеп берді. Ал таңертең сабаққа кіргенімізде, бас-аяғымызды бір қарап шығады. Бір қарап өткеннің өзінде, қырағы көзімен бәрін көріп, санасымен бәрін сезіп қоятын. Егер де шашың ұйпа-тұйпа, шалбарың мыж-мыж боп, түні бойы «салбуырындатып» келіп тұрсаң, өмірі ән айтқызбайтын. Ал шалбарың үтіктеулі, көйлегің таза, туфлиің жарқырап тұрса, қарама-қарсы отырғызып қойып әніңді тыңдайды. Көңіл-күйі жақсы болып, сен жақсы орындаған әніңмен көңілін одан әрман көтерсең, о-оо-й! – мақтайды-ау келіп сені. Содан қалтасынан ақша алып: «Асханадан тамақ ішіп келіңдер», – дейді. Бір күн тоқ, бір күн аш жүрген студенттерге одан артық бақыт бар ма?!. Кейінгі кездері Жәкеңнің гастрольдік іссапары көбейіп кетті, біресе Қытайға, біресе Түркияға, енді бірде Шымкенттің Шардарасына кетеді. Өзі екі-үш жерде сабақ та беріп те жүрді. Сондайда: «Сен естиярсың ғой, мен келгенше мына әндерді балаларға үйретіп қой», – деп маған тапсырып кететін. Бірде неге екенін білмеймін, маған: «Сені консерваторияға жібермеймін, сен КазГУ-ге түсесің, журналист боласың!», – деді. Жәкеңнің бұл сөзі әлі күнге дейін маған жұмбақ болып қалды. Алдыға қойған мақсаттарымыз да көп еді, жазғы демалыстың аяқ кезінде Семей облысы, Үржар ауданында болатын атақты әнші сазгер Әсет Найманбайұлының 125 жылдық мерейтойына бізді – шәкірттерін алып баратын болып шешті: «Онда Әсет әндерінен болатын конкурсқа қатысасыңдар», – деп бізге тапсырма берді. Біз дайындалып жаттық... Кенеттен, мамыр айының соңғы күні әкем «Өкен (Мұхаммед-Уәли) дүниеден озды» деген телеграмма алып, суыт елге самолетпен ұшып кеттім. Әкемді жерлегеннен кейін зират басын көтердік, енді қырық күндік дұғасына дайындалып жатқанбыз. Қаралы үйде не радио, не телевизор қосылмайды, айналадағы өзгеріс-жаңалықтан бейхабармын. Бір күні қолында «Егемен Қазақстан» газеті бар, ауылдық клубтың меңгерушісі Қазымбек деген көршіміз келіп, газеттен Жәкеңнің некрологын көрсетіп тұр: «Ұстазың қайтыс болыпты!» – дейді. «Не деп тұрсың ?» – деген үнім өктем шықса керек, көршім басқа не айтарын білмей аңырып қалды. Мен Жәкеңнің суреті мен азанамасы басылған газетті қолыма алып оқып жатырмын. Өз көзіме өзім сенбеймін! Көзімнен жас парлап ағып газетке тамшылап жатыр. Қораның ішіне кіріп алып, ал ағыл-тегіл жыла... Әкемнің қазасына, оның үстіне Ұлы Ұстазымның жол апатынан қайтты деген суық хабары қосылып, жыламасқа шарам болмады, еріксіз көз жасына ерік бердім! Сөйтіп, аяқ астынан, ойламаған жерден, бір-ақ күнде Жәкеңнен айырылып қалдық. «Жалғыз шықпа сапарға, Өкініште қаларсың» деп, өзі жазып кеткендей, өкініште біз қалдық. Жәкеңнің класын Қайрат аға Байбосынов өзіне қосып алды. Содан менің сабаққа қатысуым сирей бастады. Кейін мүлде бармайтын болдым, сабаққа барғанды қойып, домбыраны да қолыма ұстамай кеттім. Бір күні Қайрекең бір студенттен мені шақыртып жіберіпті, барсам: «Әй, Құмарбек! Сен сабақтан қалмайтын, өзге студенттерден бұрын келіп, кеш қайтатын Жәкеңнің үміт артқан шәкірті едің. Саған не болған, сабаққа келуіңді қойдың ғой?», – деп маған назын білдірді. Мен: Жақсы көретін, пір тұтатын Жәкеңдей ұстазды жоғалту – маған, шынымен, ауыр тиіп жүргенін айттым. Қайрекең: «Саған ғана емес, бәрімізге Жәкеңнің мезгілсіз қазасы ауыр тиді. Ұстаздың үйреткенін сен жалғастыруың керек. Егіз қозыдай бірге жүруші ек, Жүсекең екеумізді Телқоңыр деп еркелетуші еді», – деп көзіне жас алды. Мен домбыраны қайтып қолыма ұстай алмадым. Ән айтпақ түгілі, тыңдай алмайтын болдым... Содан, еріксіз Темірбек Жүргенов атындағы театр және кино институтына оқуға түсіп кеттім. Тылсым дүние – театр өнері менің өмірімнің тағы бір парағы болып ашылды. Ал Жәкең тірі болса, менің өнердегі өмірім басқа арнамен ағар ма еді кім біледі? Қайран Жәкең! Қайран Ұлы Ұстазым! Мына алмағайып заманда Сіз, Сіздің ақылыңыз жетіспейді кейде маған ...Сізге шәкірт болған күндерімді сағынамын ...Домбыраны енді-енді қолыма қайта алып, Жәкең үйреткен әндерді қазір сахнада орындап жүрмін. Бұрын өкініштің өксігі тамағыма тығылып, айтқызбаушы еді. Қазір оның орнын сағыныш басты. Кеудемді Жәкеңе деген сағыныш кернеп, Жәкеңе деген сағынышымды әнмен жұбатамын.  

 «Түркістан» газетіне арнайы

ұсынған алаштанушы ғалым

Тұрсын Жұртбай 

Құмарбек ҚАЛҚАТАЕВ, Ж. Кәрменовтің шәкірті