Жәнібек ән салады...
Жәнібек ән салады...
Қазақтың дүлдүл әншісі Жәнібек Кәрменұлы тірі болса 70 жасқа толар еді. Өкінішке қарай, ол қызықты көруге Жаратқан нәсіп етпепті. Дегенмен де Жәнібектің дауысы қазақ аспанында өшпейді. Біз осы мерейтойға орай біртуар тұлға жайлы бір топ пікірлерді жариялап отырмыз.
МЕНІҢ ЖӘНІБЕГІМ
Осынау кең дүниенің, жарық жалғанның, тәтті тіршіліктің Жәнібек Кәрменсіз өтетініне куә боламыз-ау деген ой қаперімізде жоқ еді. Өмірдің парқы мен нарқын енді түсініп, енді ғана кемеліне келіп, бар болмысымен сүйетін халқына құлшына қызмет көрсетуге кіріскен шағында баршамызға бірдей ардақты Жәнібек, менің Жәнібегім қапияда фәни жалғанмен қош айтысып, мәңгілік бақи дүниесіне көшті... Дүние дидарындағы қорлық пен зорлық атаулының баршасына қарсыласып өтуге болады. Төтелеп келген ажалды тағдыр шіркіннің жазуына балайсың да көнесің. Көнбеске шараң бар ма?! Міне, осындай дауасыз тағдырға көнгендіктен де, Жәнібектің әруағына тағзым ете отырып, қолға қалам алуға тура келеді. Енді дауыс қойып жоқтаудың да, аһ ұрып арманға берілудің де қисыны жоқ Мұндайда ардақты Жәнібегіміздің болмыс-бітімін еске ала отырып, өнер туралы, өмір туралы толғанған ләзім. Халқымыздың рухани әлемі өткенде қандай еді, бүгін қай деңгейде, ертең, қай өрісті шиырлайды дегенге ой болған жөн. Сол рухани әлеміміздегі Жәнібек Кәрімнің өзіндік алар орнын бажайлаған абзал. Жәнібектің алды-артындағы сабақтаса жалғасқан дәстүрге ден қою қажет. Бір ақиқаттың басы ашық. Қазақ халқының рухани мәдениетін барша болмыс қасиетімен парықтай алатын адам бір сәт дара қасиеттерімен әйгілі болған тұлғаларын ой көзімен шолар болса, онда ешкіммен шатастыруға болмайтын, ешкіммен ауыстыруға болмайтын саңлақтарымыздың санатында Жәнібек Кәрменнің де есімі аталар еді. Қазақ үшін Жәнібек қандай қасиетімен дара, несімен қымбат? ...Жәнібек Кәрмен дәстүрлі ән өнеріміздің саңлағы ғана емес, сонымен бірге үлгі эталоны да еді. Жәнібек барда халқымыз жат дыбысқа, желбуаз өнерсымаққа жұбанбайтын. Кейбір арзанқол әншілер есебін тауып сахна төріне шыққанымен, халық жүрегінің төріне тұяқ іліктіре алмайтын. Өйткені Жәнібектің ұлы өнерін тәу еткен халық өзінен-өзі өнерсымақ атаулыны тәрік етіп отыратын. Әлгі «мәдени-рухани экспанцияға жеке тұлғалардың дәстүрлі өнері тосқауыл болып отырды» дейтін ойдың қисыны осыған байланысты. Өзінің қысқа ғана ғұмырының соңғы ширек ғасырында Жәнібек қайталанбас ғажайып өнерімен халқының рухани өмірбаянына айналып үлгеріп еді. Туасы бөлек дария дарынға шөлдегендер, тілі шұбар, үні дүбәра ызың-қиқуынан ауырғандар Жәнібекті тыңдап, дертіне шипа табатын. Армандай болып алыстай бастаған, бірақ қара үзіп кетпеген асыл текті өнерді аңсағандар жақсының көзіндей, жампоздың тұяғындай Жәнібектің үніне құлақ түретін. Алдағы күндердің, жылдар мен ғасырлардың тыңдаушысын айтпай-ақ қояйық, дәл қазіргі тарихтың өліара кезеңіндегі жаны жаралы қоскіндік ұрпақ үшін Жәнібек шын мәнінде шер тарқатар тұлға еді. Жомарт табиғат Жәнібектің бойына ел-жұртының мұңын мұңдап, жоғын жоқтай алатын тегеурінді дарын сыйлады. Ол өз замандастарының қуанышы болып қалықтап, арманы болып шарықтап, қайғы-қасіреті болып зарлап өтті. Барша замандастары сияқты, өмірдің рахаты – еткен еңбегінен ажыраған, күнкөріс әрекеті – мақсат-мүддесінен бөлінген, қажыр-қайраты – елеп-ескерусіз қалған заманда өмір сүру Жәнібектің де маңдайына жазылды. Алайда ол, осынау зұлматтың зіл батпан салмағын арқалай жүріп, жанды жегідей жейтін азабын тарта жүріп, рухани мәңгүрттікке қарсы күрес жолынан қылдай ауытқыған емес. Оның тал бойында өзіне дейінгі сан ғасыр ұрпағының тірнектеп жинаған, аялап сақтаған асыл қазынасы мол еді. Жәнібек дүниеден озғанда ойлай білетін зиялы қауым қазақ өнері мен мәдениетінің қабырғасы опырылып түскендей сезімде болды. [caption id="attachment_77741" align="alignnone" width="709"]