«Әлемнің мәні – әйелде...»
«Әлемнің мәні – әйелде...»
Өмірдің мәні, тіршіліктің сәні – әйел. Ол – тіршіліктің тамыры, шаңырақтың ұйытқысы. Сондықтан әйел затының қоғамдағы, адамзат өміріндегі орны мен рөлі ерек. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналарға құрмет көрсету – күллі адамзаттың парызы. Қазақ халқы да қашаннан қыздарын қадір тұтып, төрінен орын ұсынған. Ақын Жүрсін Ерман айтқандай, «қай жерде, мейлі, қай елде, әлемнің мәні – әйелде».
Аналарды құрметтеу адамзат баласына ортақ парыз дегенімізбен, олардың қоғамдағы орны мен сый-құрметін әр мемлекет өзінше айқындайды. Қазақ халқында «қыз – жат жұрттық» деп бағаланып, бұрымдылар дүниеге келгеннен бастап ерекше қамқорлыққа бөленеді. Ал әлем елдерінде әйелдер қауымының орны мен рөлі қандай?
Мәселен, түріктердің нәзік жандыларға қатысты дәстүр-салты қазақ халқына ұқсас. Олар түн ұйқысын төрт бөлген ана сүтін ақтауға, әжесі мен апасын, әпкесі мен қарындасын құрметтеп, аялап, сыйлап өтуді парыз санайды. Дегенмен, түріктер әйел тәрбиесіне қатал қарайды. Келін жігіттің ата-анасына, оның туыстарына бағынышты болады. Түріктің әйелдері ер азаматтың алдын кесіп өтпейді, басып озбайды, бөтен еркекке өздігінен бірінші болып тіл қатпайды.
Үндістанда ұшқыш әйелдер көп
Үндістанда нәзік жандыларға қатысты талаптар тіптен қатаң. Көптеген үнді отбасыларында әйелдері ерлері тамақтанып болған соң ғана үстел басына отырады. Сондай-ақ, ері қайтыс болған әйелге жас жұбайлардың жанында жүруге, көпшілік жиналған жерге баруға тыйым салынады. Тіпті, олардың жесір әйелдерге арналған арнайы киімдері де бар. Үндістанның әлем бойынша әйелдер үшін ең қауіпті елдердің тізіміне енуі де сондықтан болар. Мұндағы миллиондаған үнді қыздары күйеулерін аттарымен атамайды – олар осылайша күйеулеріне деген құрметті көрсетеді. Үнділердің пайымынша, әйелі күйеуін атымен атаса, ол жамандық шақырып, ер азаматтың өмірін қысқартуы мүмкін. Әдетте отбасының барлық мүшелеріне отағасын атымен атауға рұқсат етілмейді. Үнді әйелдерінің өмірі қиын болғанымен, олар қайсарлық пен сұлулықтың үлгісіндей. Үндістанда әйелдер үшін киімнің түсі мен түрін үйлестіріп кию және әшекей бұйымдарды әсемдеп тағу өте маңызды. Әшекей бұйымдарға аса қатты мән беретін Үндістанның әйелдері жер бетіндегі алтынның 11 пайызын тағып жүр деген де дерек бар. Тағы бір назар аударар жайт, Үндістанда әйел ұшқыштар көп. Халықаралық Авиация ұшқыштары қауымдастығының мәліметтеріне сүйенсек, әйел ұшқыштардың саны бойынша бұл ел бірінші орында екен. Үндістанның әйел ұшқыштары соңғы 4-5 жылда екі есеге өскен. Қазіргі таңда әлемде сегіз мың әйел ұшқыш тіркелген және олардың мыңын Үндістан әйел ұшқыштары құрайды. Аталған ел соңғы жылдары әйел ұшқыштарды жоғары деңгейде оқытуда және қазір әлемдегі әйел ұшқыштарының 12 пайызын үндістандық әйел ұшқыштар құрайды.Тырнақ пен кірпік өсіруге болмайды
Ал Түркіменстан әйелдерге көп тыйым салатын елдер қатарында. Мұнда өткен жылы мемлекеттік қызмет атқаратын әйелдерге алтын әшекейлер тағуға тыйым салынған болатын. Сондай-ақ, Ашхабадтағы мемлекеттік қызметкерлерге тырнақтары мен кірпіктерін өсіріп, бояуға, шаштарының түстерін өзгертуге де рұқсат жоқ. Одан бөлек түркімен әйелдерінің сыртқы киімі денесін түгелімен жауып, тек шұлығы мен қолының саусақтары ғана көрініп тұруы шарт. Тіпті, Түркіменстан кедені ел төңірегіне әйелдерге арналған шомылу киімі мен шолақ шалбар (шорты) әкелуге тыйым салды. Бұл да – өткен жылы бекітілген ережелердің бірі. Түркіменстанда әйелдердің көлік жүргізуіне де тыйым салынғаны белгілі. Тағы бір қызық жайт, Түркіменстанның батысындағы Түркіменбашы қаласында әйелдерге темекі сатып алу үшін шылымға әуестігі туралы медициналық анықтама көрсету керек. Дерек көздеріне сенсек, мұндай анықтама алу үшін наркологиялық диспансер алдына күнде 300-350 әйел кезекке тұрады. Елдің басқа облыстары мен астанасында әйелдерге темекі мүлде сатылмайды. Бір айта кетерлігі, өткен жылы Түркіменстан президенті 8 наурызға қарсы әйелдерге 40 манаттан (шамамен 3800 теңге) ақшалай сыйлық беру туралы шешім шығарды. Жарлыққа сәйкес, кәсіпорындарда, мекемелерде түрлі ұйымдарда жұмыс істейтін елдің әйелдері мереке қарсаңында ақшалай сыйлықтар алады. Бұдан бөлек мектеп оқушылары, магистратура, докторантурада оқитын, зейнеткерлер мен мемлекеттік жәрдемақы алатын әйелдерге де беріледі.Жалақыдағы теңсіздік
Еуропа елдеріндегі жағдай керісінше. Мұнда әйелдер жоғары лауазымды қызметтерге жиі тағайындалады. Мысалы, Дания, Швеция, Финляндия елдерінде, тіпті, күш құрылымдарының өзінде әйелдер қолбасшылық етеді. Бір қарағанда тұрмыс жағдайы жоғары осы елдерде әйелдердің жоғары лауазымды қызметке әуестігі соншалық, олар қарапайым медбике, хатшы болуға арланады екен. Сондықтан да бұл елдерде медбикелердің еңбекақысы өте жоғары көрінеді. Исландияда 2018 жылы ерекше заң қабылданды. Яғни, жергілікті компаниялар мен жұмыс берушілерді қоластындағы әйелдерге де ер-азаматтармен бірдей жалақы тағайындауын міндеттейтін заң қабылданды. Аталмыш заң талабын бұзғандарға күніне шамамен 500 доллар шамасында айыппұл салынады. Десе де жұмыс беруші қоластындағы жұмысшыларды өз қалауы бойынша көтермелеп, сыйақы беруіне, үстеме ақы төлеуіне рұқсат. Айта кетейік, Исландия – гендерлік теңдікті барынша қамтамасыз етуге ұмтылған әрі осы мақсатта осындай заң қабылдаған тұңғыш ел. Тағы бір айта кететіні, 2014 жылы аталмыш елде әйелдер орташа есеппен ер-азаматтардың жалақысына қарағанда тек 78,5 пайызын ғана ала алатын еді. Африка және Латын Америка елдерінде де әйелдердің жұмыс істейтін бөлігі дәл сол жұмысты атқарып жүрген және білім сапасы мен қабілет тұрғысынан бірдей деңгейде орналасқан ер кісілердің 24 пайызынан азырақ жалақы алып, әлеуметтік қызметтер, сақтандыру және қызмет бойынша көтерілу мүмкіндіктерінен мақұрым қалған. Ұлыбританияда да әйел адамдар ерлерге қарағанда екі жарым есе аз жалақы алады. Мұнда жұмыс істейтін әйелдердің орташа жалақысы ер адамдардың жалақысымен салыстырғанда өте төмен. Соңғы жиырма жылдың ішінде бұл айырмашылықтың айтарлықтай азайғанына қарамастан, әйелдер жалақысы төмен жұмыс орындарында қызмет етеді. Ұқсас қызметтердегі әйелдер ер кісілерге қарағанда азырақ жалақы алады. Мысалы, Ұлыбританияда кеңсе қызметкері болып жұмыс істейтін әйел өзімен бір деңгейдегі әріптесінің жалақысының тек 60 пайызын алады. Сатушы әйелдер дәл осындай қызметте еңбек ететін ер адамдардың жалақысының 57 пайызын алады. Ағылшын компанияларының біразы әйелден гөрі ерлерге жоғары жалақы тағайындайды. Әсіресе қаржы саласында бірдей қызмет атқаратын ер мен әйелдің табысы екі түрлі. Мәселен, Еуропадағы ең ірі банк саналатын HSBC-де қызмет істейтін қыз-келіншектердің табысы жігіттерге қарағанда, екі жарым есе аз. Оған қоса жоғары лауазымды қызметтердің тек төрттен біріне ғана ие. Дегенмен банк мамандары жалақының айырмашылығын жұмыс сағатының түрлілігімен түсіндіреді. Егер тең лауазымда, жұмыс уақыттары бірдей болса, табысы да тең болады. Сондай-ақ, 2018 жылдың қазан айында Ұлыбританияда әйелдерге бірінші рет армия арнайы жасағы – Ерекше әуе қызметінде (SAS) қызмет етуге рұқсат берілді. Айта кетейік, Ұлыбритания армиясында 2016 жылы қарашада бірінші рет әйелдердің әскери іс-қимылдарға тікелей қатысатын бөлімдерде қызмет етуіне рұқсат берілген болатын. Қалай десек те, нәзік жандылар қай кезде де, қай жерде де құрметке лайық болуы тиіс. Өйткені әйел – бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы.