7 Наурыз 2019, 10:34 817 0 Ішкі саясат Ахмет ӨМІРЗАҚ

МЕНІҢ ПОЛИЦИЯМ МЕНІ ҚОРҒАСА...

Мемлекет адамдардан құралады. Сондықтан мемлекет үшін әрдайым халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Елімізде бұл міндетті атқаратын басты орган – Қазақстан Республикасының Ішкi iстер министрлігі.

Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы заңының 1-бабының 1-бөлімінде былай деп жазылған: «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған құқық қорғау органы болып табылады».

Әрине, мақсат-міндеті заңмен белгіленген құзырлы органның қолы ұзын, тегеуріні мықты болатыны анық. Дегенмен сол артықшылықтың бәрі халықтың тыныштығын сақтауға жұмсалып – қылмыскерлер құрықталып, түрлі оқиғалардан зардап шеккендер үшін әділет орнатылып, барлық жерде заңның үстемдігі қамтамасыз етіліп жатпаса, бұқара жұрттың сенімін иелену қиын.

Заңның аты – заң. Оны бұзу – қылмыс екенін әр азамат түсініп, қателікке жол бермесе, мемлекеттің құқықтық деңгейі жоғары деген сөз. Өкінішке қарай, біздің елімізде азаматтардың көпшілігінің құқықтық сауаты төмен болғандықтан заң бұзылып жатса, кейде құқық қорғау органдары тарапынан да заңсыздыққа жол беріліп жататыны бар. Несін жасырамыз, бүгінде халық пен ішкі істер органы қызметкерлерінің арасында сенімсіздік бар секілді көрінеді...

«Әркім-ақ өз тұсында қораз» демекші, лауазымды тұлғалар белгілі бір саланы басқарған кезінде өзіне жүктелген міндетті барынша жақсы атқаруға тырысатыны анық. Дегенмен қылмыстың алдын алу, қылмыскерлерді құрықтау, қылмысты әшкерелеп, жазасын беру секілді істермен үнемі айналысатын ішкі істер органдары қызметкерлерінің жауапкершілігі өзге салалардан анағұрлым қиын. Міне, осы еліміздің ішкі істер саласына көңіл аударсақ, 28 жыл ішінде бұл саланы талай адам басқарып, елдің ішкі жағдайын реттеуге тер төккенін көреміз.

Еліміз тәуелсіздік алған кезеңде Қазақстанның Ішкі істер министрі Михаил Терентьевич Берсенёв (1990 ж. сәуір – 1992 ж. сәуір) еді. Одан бергі жерде бұл саланы басқарғандарды ретімен атар болсақ, былай көрінеді: Владимир Георгиевич Шумов (1992 ж. сәуір – 1994 ж. қыркүйек), Болат Абдрахманұлы Байекенов (1994 ж. қазан – 1995 ж. қараша), Қайырбек Шошанұлы Сүлейменов (1995 ж. қазан – 2003 ж. қыркүйек), Зауытбек Қауысбек­ұлы Тұрысбеков (2003 ж. қыркүйек – 2005 ж. қазан), Бауыржан Әлімұлы Мұхамеджанов (2005 ж. қазан – 2009 ж. сәуір), Баймағанбетов Серік Нұртайұлы (2009 ж. сәуір – 2011 ж. сәуір), Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымов (2011 ж. сәуір – 2019 ж. ақпан). Ал Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Тұрғымбаев Ерлан Заманбекұлы 2019 жылғы ақпаннан бастап қызметіне кірісті.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігін М.Т. Берсенёв, В.Г. Шумов, Б.А. Байекенов басқарған кез – Қазақстанның экономикалық та, саяси жағынан да енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан кезі еді. Сондықтан буыны қатпаған жас мемлекеттің құқық қорғаушылары ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресуге дайын болмады. КСРО тарқағаннан кейін тапсырыспен кісі өлтіру, адамдарды ұрлау, наркотрафикпен айналысу, т.б. бұрын етек жая қоймаған қылмыстың түрлері пайда болды. Дегенмен еліміздің басшылығының орнықты саясаты мен барлық салада жүйелі жұмыс жүргізуінің арқасында кейбір мемлекеттердегідей бейберекеттік болдырмады. Құқықтық тәртіп сақталды. Реформалар еркін жүріп жатты. Осының арқасында ұйымдасқан қылмыс жас мемлекетке үлкен қауіп төндірген жоқ. Алайда қылмыстың өсуіне негізгі фактор жұмыссыздықтың көбеюі болды.

Ал бұл кезде ел басшылығы қарап жатпады. Бір жағынан, сырттан инвестиция тарту арқылы жұмысы тоқтап қалған салаларды жандандырып, экономиканы күшейтуге көңіл бөлінсе, екінші жағынан құқықтық саланы да дамытуға шешім қабылдап, ішкі істер саласын білікті маманмен де, аса қажет құрал-жабдықпен де қамтамасыз етудің бар шарасын істеп, күшті реформа жасады.

1995 жылдың қазан айында Ішкі істер министрі болып Қайырбек Сүлейменовтің тағайындалуы – бұл саладағы үлкен бетбұрыстың басы.

Ресейдің Новосібір қаласында дүниеге келіп, Свердлов заң институтының Новосібірдегі кешкі бөлімшесін ойдағыдай бітірген соң Куйбышев қалалық прокуратурасында еңбек жолын бастаған Қайырбек Шошанұлы 1975 жылы Алматы қаласының прокуроры П.Е. Дьячковтың шақыруымен атажұртына оралған. Содан кейінгі кезеңде прокуратура, милиция, партияның құқықтық бөлімдерінде жемісті еңбек етіп көзге түсті.

1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қайырбек Сүлейменовті Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары етіп тағайындап, ол қылмыстық іздестіру мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бойынша құрылымды басқарды. Ал 1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі етіп тағайындалды. Міне, осындай қызмет жолынан өткен тәжірибелі де білікті маман 1995 жылы Қазақстанның Ішкі істер министрі болғанда оның алдында құрылымды жаңартып, оны өз мәртебесіне сай күшейту міндеті тұрды. Өзі ішкі істер саласын басқарған жеті жыл, он бір ай ішінде (әзірге ең ұзақ мерзімдегі Ішкі істер министрі) Қайырбек Шошанұлы өзінің біліктілігімен, әділдігімен елдің есінде қалды деуге болады.

Мемлекетшіл, құқық қорғау басшысы болған адамға өз саласында әділдік орнатып – жемқорлықты жүгендеу үшін түрлі шаралар қолдануға тура келеді. Бұл жағынан Қ.Сүлейменов, тіпті, елімізде ешбір министр қолданбаған тәсілді көрсетіп, жұртты таң қылғаны бар. Ол Шымкенттен Астанаға дейін ұзақ жолда көлік жүргізуші ретінде жүк машинасының кабинасына отырып, жол бойындағы келеңсіздіктерді көзімен көріп, қорытынды жасады. Жол-қатынас саласында сыбайлас жемқорлықтың қандай екенін анықтағысы келген министр МАИ қызметкерлерінің өрескел әрекеттерін өз көзімен көріп, сапар соңында талай қызметкеріне жаза қолданғаны да бар. Бұларды қорыта келе, Қайырбек Сүлейменов Қазақстанда жемқорлықпен күрестің тиімді заңнамалық базасы болса да, жазалау шараларымен мәселенің шешіле бермейтінін, заманға сай патриот, мемлекетшіл, өз ісіне адал азаматтарды дайындау ісі ақсап қалғанын айтқан еді.

Қатаң жазасыз да талай мәселені шешуге болады дегенде, Қайырбек Шошанұлының 1992 жылдың қазан айында Өскемен қаласында болған оқиға кезіндегі қабылдаған дұрыс шешімі еске түседі. «Казпромтяжарматура» өндірістік бірлестігінің жатақханасында шешендер мен қазақтар қақтығысы кезінде төрт қазақ жігіті қаза болып, осыған орай Шығыс Қазақстан облыстық Кеңесі барлық шешендерді Қазақстаннан тыс шығару туралы шешім қабылдап жібереді. Әрине, ашу үстінде жасалған бұл шешім Конституцияға қарсы еді. Сол жерге республика орталығынан арнайы барған комиссияның құрамында болған Қайырбек Сүлейменов заңсыз шешімді жоққа шығарады. Ол оқиға болған жерде адамдармен сөйлескенде ұстамдылық танытып, қақтығысқан екі жақпен де тіл табысып, қаладағы қаруланған тұрғындармен байланысып, оларды қаруларын тапсыртуға қол жеткізеді. Солайша қантөгіске жол бермейді. Бұл – Ішкі істер министрі ретінде Қайырбек Шошанұлының парасаттылығы еді.

Қ.Сүлейменовтен кейін екі жылдан аса Ішкі істер министрі болған Зауытбек Тұрысбеков те қылмысты ашуда біраз еңбек сіңірді. Ол аталмыш саланы басқаруға келгеннен кейін бір жарым жылдан соң парламенттегі үкімет сағатында ішкі істер саласындағы біраз жауапсыздықтың бетін ашып, мәлімдеме жасады. Зауытбек Қауысбекұлы елімізде қылмысты жүз пайызға есепке алу және тіркеу кезінде кеткен заңсыздықтар жайында айта келіп, 237 жетекші және 3 ішкі істер басқармасының бастығы жазаға тартылғанын, сондай-ақ қылмысты тіркеуге кедергі жасаған 23 басшының қызметтен босатылғанын мәлімдеді.

Сонымен бірге министр соңғы бес жылда із-түссіз жоғалған 72 адам есепке алынбаған және кісі қолынан қаза тапқан 20 адам өз ажалынан өлді деп саналғанын, сол сияқты ұялы телефон ұрлау бойынша 35 мың қылмыс тіркелгенін, осы қылмыстарды ашудың деңгейі 75 пайызға көтерілгенін айтты. Әрине, жұмыс болған жерде кемшіліксіз болуы қиын. Сондықтан З.Тұрысбеков кезіндегі ішкі істер саласының кемшіліктері де жиі айтылатын. Мәселен, ол үкімет сағатында есеп берген кезінде министрлік 1863 қылмысты жасырды деп мәлімдеген депутаттар да болды. Алайда «ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің арасында адал мамандар көп» деген З.Тұрысбеков ішкі істер министрлігінің ішкі қауіпсіздік қызметі бір жылдың ішінде 317 адамды ұстағанын алға тартқан еді.

З.Тұрысбековтен кейін Ішкі істер тізгінін қолға алып, оны төрт жылдай уақыт басқарған Бауыржан Мұхамеджанов та ішкі істер қызметкерлерінің пара алушыларымен күрес жүргізді. Ол автоәуесқойлардан қорқытып, үркітіп ақша алатын МАИ қызметкерлерін әшкерелеу жөнінде де бірқатар шараларды қолға алған-ды. Ол 2008 жылдың қыркүйегінде өткен үкімет отырысынан кейін журналистерге берген жауабында «жол полициясы қызметкерлері қарапайым автокөлік жүргізушілерін бопсалап, пара алғысы келген жағдайларда сақ болуын, өйткені олардың үстінен ғана емес, пара берген адамдар да қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын» ескерткен еді. Әрі МАИ қызметкерлеріне пара берген 85 қазақстандықтың жауапқа тартылып жатқанын айтқан-ды.

Бауыржан Мұхамеджановтың тұсында болған атышулы оқиғалардың бірі – белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтың және онымен бірге Василий Журавлев, Бауыржан Байбосыновтың қайғылы қазаға ұшырауы болды.

Б.Мұхамеджанов ҚР Парламентінің депутаты болып кеткеннен кейін Ішкі істер министрі болып Серік Баймағанбетов екі жыл жұмыс істеді. Бірақ оның жұмысы қоғамға соншалық белгілі болып, өзі де министр ретінде аса танымал болған жоқ. Ал одан кейін Ішкі істер министрі лауазымына келіп, күні кешеге дейін тапжылмай, сегіз жылдай отырған Қалмұхаммед Қасымовты жұрт жақсы біледі. Ол саланы басқаруға отырған жылы Жаңаөзен қаласында жергілікті халық пен полиция арасында қақтығыс болып, соның нәтижесінде шеруге шыққан бейбіт халықтың арасында оққа ұшқандар болды. Міне, осыдан бергі жерде Қ.Қасымовқа көп сын тағылды.

Осы жылдың 12 ақпанынан бері ҚР Ішкі істер министрлігін Тұрғымбаев Ерлан Заманбек­ұлы басқарып келеді. Елу жеті жастағы жаңа министр бұрын құқық қорғау саласында бірталай басшылық қызметтер атқарған тәжірибелі маман. Халық жаңа министрге көп үміт артып отыр. Бүгінде асқынып кеткен жемқорлық мәселесін жоюға елеулі үлес қосып, түрлі қылмыстардың алдын алуға қол жеткізсе, Ерлан Тургумбаевтың абыройы аспандайтынына сөз жоқ.

Бүгінде халық пен құқық қорғау қызметкерлері арасында сенімсіздік орнаған. Әсіресе қарапайым жұрт орган қызметкерлеріне сене бермейді. Өйткені түрлі қылмыстардың ашылмай қалуы, кей жағдайда орган қызметкерлерінің жемқорлыққа жол беріп, қылмыс жасағандардан пара дәметуі секілді оқиғалар кейінгі кезде БАҚ беттерінде көп айтылып кетті. Тіпті, қызметін асыра пайдаланып, істі болып жатқан ішкі істер қызметкерлері де кездесіп жатыр. Осылардың бәрі жөнге келмейінше, халықтың құқық қорғаушыларға сенім артуы қиын шаруа. Бұлардың бәрі салаға күшті реформа жасалуының қажеттілігін көрсетеді.

Мәселен, 2004 жылдың басында Грузия президенті болып сайланып, төрт жылдай сол елді басқарған Михаил Саакашвили ішкі істер органын жаңалау үшін, елдің бүкіл полициясын жұмыстан шығарып тастап, бұл саланы жаңадан құрып, жаңа адамдармен жасақтады. Өз кезегінде Саакашвилидің бұл реформасы өз жемісін берді. Елде заң бұзушылық пен қылмыс жасау азайып, парақорлық деңгейі күрт төмендеді. Бәлкім осы секілді бір реформа біздің елімізге де керек шығар...

Кеңес кезінде Ішкі істер органы қызметкерлері – милицияның абыройы жоғары болды. Соның арқасында қылмыс аз болды және азаматтардың заң бұзбауы қатаң қадағаланды. Халық та құқық қорғау органы қызметкерлеріне құрметпен қарайтын. Сондықтан болар, ел арасында «Менің милициям – мені қорғайды» деген сөз жиі айтылатын. Бүгінде еліміздің ішкі істер органы күшейіп, ел арасындағы беделі көтерілсе, бүгінгі ұрпақ та «Менің полициям – мені қорғайды» деп әндетіп, қоғамда әділет орнап, түрлі қылмыстардың болуына жол берілмес еді.

Азаматтары жеке басының қауіпсіздігіне алаңдамай, өздерін қорғайтын полицияның бар екеніне сеніп өмір сүрсе, одан артық не бар?!

Соңғы жаңалықтар