Жаңалықтар

Қытай нарығына шығатын бірегей мүмкіндік

ашық дереккөзі

Қытай нарығына шығатын бірегей мүмкіндік

Еліміз іргелес жатқан көрші мемлекеттермен жан-жақты байланысты жақсартып келеді. Әсіресе, Қазақстан мен Қытай арасында экономикалық салада екіжақты мықты әріптестік орнағаны белгілі. Соның бір дәлелі ретінде шекаралас аумақта бой көтерген «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймағының құрылғаны көпке мәлім.  Алғаш «Қорғас» ШЫХО-ын құру туралы идея 2002 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары кезінде қолға алынды. Содан бері бұл жобаның екі елге тигізер пайдасы көл-көсір екені нақты дәлелдермен сараланып, тез арада инвесторлар тарту ісін жеделдетуге кірісіп кетті. Бүгінде экономикалық аймақта ірі сауда үйлері бой көтеріп, отандық кәсіпкерлерге мол мүмкіндік жасалуда. Демек, отандық кәсіпкерлердің ісін дөңгелетіп әкетуге қолайлы орта қалыптасып келеді. Себебі бұл кәдімгі Ұлы Жібек жолының жұрнағы. Бүгінде теміржол арқылы тасымалданатын 900 млн тонналық контейнердің 10 пайызы біздің аумақтан өтіп жатса, мұның өзі тиімді. Екіншіден, қытай тарапының еліміздің азық-түлік өнімдеріне, атап айтқанда май, ұн, макарон, көкөніс, жеміс-жидекке деген сұранысы өте жоғары. Неге десеңіз, олар кең алқапта піскен табиғи, таза өнім тұтынуға ден қойып келеді. Қытайлықтар үшін «Қазақстанда жасалған» өнім бренд болып саналады. Тіпті, 2025 жылға дейін 50 мың халық тұратын қала бой көтерген кезде экономикалық әлеуеттің дамуына серпін беретін нағыз сауда-саттық мекеніне айналатынын айта кету керек. Ал 2020 жылға қарай орталықтан өтетін адамдар саны 8 миллионға дейін жетеді.  Сондықтан біздің кәсіпкерлер бұл ретте аянып қалмауы тиіс. Қазірдің өзінде сауда-саттық алаңынан орын алып, өз үлесін салып жатқан инвесторлар жобаларын мақұлдатып, сөзден – іске кірісіп кеткен. Ертең гүлденетін қалаға, бүгін қор салмаса, кеш болатынын кәсіпкерлер де біледі. Мамыр айында отандық кәсіпкерлер үшін тағы бір мүмкіндік тумақшы. Қорғастағы сауда орталығында өтетін Қазақстан-Қытай жәрмеңкесінің нәтижесінде табыс әкелетін екіжақты келісім-шарттарға қол қойылуы бек мүмкін. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасы бойынша «Қуан-Шыңғыс» инвестициялық компаниясы жүзеге асыратын жәрмеңке еліміздің кәсіпкерлеріне жол ашады. Мәселен, жоспары 2016 жылы бекітіліп, құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталып, былтыр аяқталған аумағы 6500 шаршы метрді құрайтын «QazLumiеre» заманауи сауда орталығына 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция жұмсалған. Гипермаркеттің ресми ашылуы 2019 жылғы 1 мамырға жоспарланған. Орталықтың бірінші жалға алушылары қатарында Грузия (арақ-шарап өнімі), Украина (былғары өнімдері), ҚХР (косметика) кәсіпкерлері бар. «Қуан-Шыңғыс» инвестициялық компания директорының орынбасары Ұлан Әреновтің айтуынша, оның жартысын Қытайдағы серіктестеріміз құйыпты. «Мұндағы мақсат – қытайлық туристер арасында зор сұранысқа ие отандық және еуропалық тауарлардың қолжетімділігін арттыру. Сонымен бірге, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына және өндіріс пен қызмет көрсету салаларының дамуына серпін беру. Ол үшін Қазақстанда өндірілетін тауарларды сататын 300-ден астам кәсіпкердің басын біріктіретін қауымдастықпен арнайы келісімшарт жасалған.  Мұнда 1-15 мамыр күндері халықаралық жәрмеңке өтеді. Онда өндірісшілерге өз тауарын Қытай нарығына енгізу жолдарын түсіндіретін арнайы семинар-тренингтер де ұйымдастырылады. Одан бөлек кәсіпкерлердің қытайлық әріптестерімен келіссөз өткізіп, өзара серіктестік қарым-қатынас орнатуына да  жағдай жасалады», – деді ол. Бір айта кетерлігі, жәрмеңкеге қатысып, өнімін ұсынушыларға көлемі үлкен 40-тан астам сауда бутиктері тегін беріледі. Тіпті, келешекте мұнда   сауда жасауға ниет білдіріп жатса, оны жалға алуына болады. Ал жаңа сауда орталығының «Қорғас» ШЫХО-ның қазақстандық бөлігінде орналасуы отандық бизнеске – арнайы салықтық режимге сәйкес, салық төлемдерін жасамай кәсіпкерлік қызметті жүргізуге таптырмас мүмкіндік.  Қазірдің өзінде отандық кәсіпкерлерді құлағдар ету үшін 200-ден астам ұсыныс хат жолданды. «Бұл көрме кәсіпкерлерге «Қорғас» ШЫХО мүмкіндіктерін көріп, байқау үшін өткізіліп жатыр. Кәсіпкерге нарықты талдауға, яғни қай жерде бағдарлану керектігіне және жеке тауарға сұранысты бағалау жүргізуге мүмкіндік береміз. Ары қарай біз көрмені жарнамалау мақсатында Қытай тарапынан жарнама агенттігін жұмылдырамыз. Көрменің өзінде бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Бұл Қытай нарығына шығудың бірігей мүмкіндігі. Өндірушілер «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына тауарларын жеткізіп, көрме стендін сатып алудан басқа шығындалмайды. Жалға алушыларға келетін болсақ, әрқайсысын жеке қараудамыз, жалға алынып жатқан орынжайдың көлеміне қарай жеңілдіктер, жеңілдік кезеңдері қарастырылған. Барлық өндірушілер және ұйымдармен іскерлік қарым-қатынасқа дайынбыз», – деді «QazLumiere» сауда орталығының атқарушы директоры Нариман Закирьянов. Көрмеге қатысуға Қазақстан, ТМД елдері және жақын шетел тауар өндірушілері шақырту алған. «Қорғас» шекара маңы халықаралық орталығы бес жылдан   кейін көрікті қалаға айналмақ. Ал 2020 жылға қарай мұнда жылына 5,5 миллион тонна жүк тасымалданады деп болжанған. Қазір мұнда келушілердің саны 1,7 есеге көп. 2016 жылы «Қорғас» ШЫХО-ға 671 мың адам келсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 1 млн 134 мың адамға жеткен. Ал күн сайын шамамен 3 мың турист емін-еркін аралаған.