Алматыда дәрі-дәрмекті арнайы роботтар тарататын болды

Алматыда дәрі-дәрмекті арнайы роботтар тарататын болды

Алматыда дәрі-дәрмекті арнайы роботтар тарататын болды
ашық дереккөзі
Алматыда клиенттерге роботтар қызмет көрсететін болады. Мұндай темір құрылғылар жергілікті бюджет есебінен алынған дәрілік заттарды тарату функциясын атқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросы мен прокуратура өкілдерінің кездесуінде айтылды. Бүгінде Алматыда 134 медициналық мекеме жұмыс жасап тұр. Оның 77-сі - мемлекеттік ұйымдар. Азаматтар медициналық көмектің дер кезінде сапалы көрсетілуімен қатар, дәрімен қамтуға қатысты жиі шағымданады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында мемлекеттік сатып алу және дәрімен қамту жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету қолға алынды. Бұл бағытта арнайы жоба іске асырылып жатыр. Болашақта бюджет есебінен алынған дәрілерді робот таратады. Мұндай техникалар Алматы онкологиялық орталығында, балалар ауруханасында, қалалық ревматологиялық орталықта орналастырылады. «Дәріхана роботтары орфанды медициналық препараттарды жіберетін болады. Дәрілерді бермес бұрын робот пациенттің түр-тұлғасын ажыратады. Пациент туралы барлық мағлұмат қорытылады. Жеке электронды карта ашылады. Тек дәрігер жазып берген дәрі беріледі. Сонымен қатар,  ҚР ДСМ ақпараттық жүйелерімен интеграция жасалады. Осындай техниканы сатып алу бойынша екіжақты меморандумға қол қойылды», - деді қалалық қоғам денсаулығы басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев. Қалада дәрімен қамту бойынша бақылауды жүргізу бағытында тұрақты жұмыс тобы құрылған. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласын қадағалайтын тәуелсіз бақылау кеңесі бар.